Кәсіпкерлер үшін қандай карантин шектеулері жеңілдейді?

Жарияланды
«Көк» мәртебесі бар адамдар қандай нысандарға кіре алады?

Бүгін үкімет отырысында ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният короновирус инфекциясымен күрес шаралары туралы баяндама жасады. Енді «Ашықта» көк статусы бар адамдар бизнес орталықтары мен қоғамдық тамақтану орындарына кіре алады, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Министрдің айтуынша, коронавирус инфекциясы «омикрон» штамының айналымы мен таралуынан ауру жұтырғандардың қатары артқан. 

«Пандемияның бүкіл кезеңімен салыстырғанда алғаш рет вирус жұқтыру жағдайларының тәуліктік тіркелуі 16 мыңнан асты, бұл «Омикрон» нұсқасының өте жоғары жұқпалығына және таралу жылдамдығына байланысты. Бүгінгі таңда Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел «қызыл» аймақта орналасқан» деді А. Ғиният.  

Министр ең бірінші кезекте білім беру мекемелеріндегі жағдайға тоқталып өтті. 

Бірінші, Білім және ғылым министрлігі мен Біріккен ұлттар ұйымы балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұсынымдары бойынша, білім беру ұйымдарында оқыту форматы қайта қаралды. Мәселен, министрдің айтуынша, барлық мектепке дейінгі ұйымдар, бастауыш сынып және 600 оқушыға дейін оқитын мектептер штаттық форматта жұмыс істейді.  600-ден асатын оқушысы бар білім беру ұйымдарында оқушылар саны 50%-дан аспауы керек, бастауыш мектеп оқушылары штаттық режимде білім алады. Бұл ретте оқыту форматын таңдау кезінде міндетті түрде вакцинациялаумен қамту деңгейі ескеріледі. Жоғары оқу орындары мен колледждерде де сараланған тәсіл енгізілген: лекциялар – онлайн, қалған сабақтар икемді кесте бойынша штаттық режимде өтеді. 

Екінші, «Омикрон» нұсқасынан туындаған коронавирус инфекциясының таралу жылдамдығы мен ерекшеліктерін ескере отырып, карантин мен  Ashyq-тағы мәртебенің өзгеру мерзімі қайта қаралды. Сонымен, аурумен  жақын байланыста болған және симптомсыз науқастар үшін карантин мерзімі 14-тен 10 күнге дейін қысқартылды. Бұл ретте, 7 тәуліктен кейін ПТР-зерттеу нәтижесі  теріс болса, карантин аяқталады. 

Үшінші, мемлекет басшысының 21 қаңтардағы тапсырмаларын іске асыру мақсатында Ведомствоаралық комиссияда бизнес субъектілері үшін шектеулерді төмендету тәсілдері қаралды және мақұлданды. Атап айтсақ: 

  • Бизнес объектілерінде «Ashyq» жобасын одан әрі енгізу жалғастырылады;
  • «Жасыл» және «көк» мәртебесі бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық объектілерде жұмыс уақыты бойынша шектеу алып тасталады; 
  • Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, Ashyq-та тек жасыл мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар шектеулерсіз өткізіледі. Спорт кешендерінің, сауықтыру және діни объектілердің, ойын-сауық объектілерінің, сауда-ойын сауық орталықтарының, сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды; 
  • Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан «көк» мәртебесі бар болған кезде отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, темір жол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне, банктерге, асханалар түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеусіз кіруге рұқсат етіледі;
  • «Көк» мәртебесі бар келушілердің кіруіне рұқсат берілген бірқатар объектілер үшін: «жасыл» аймақта шектеулер алынып тасталады; «сары» аймақта 70%-ға дейін, «қызыл» аймақта 60%-ға дейін ресторандар, мәдени объектілер, балалар мен ересектерге арналған ойын және ойын-сауық орындары бойынша толымдылық артты.

  «Елімізде пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық салаларында карантиндік шаралардың мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болған жоқ. Бұл өз кезегінде белгіленген қауіпсіз жұмыс алгоритмдерін орындау жолында бизнестің ерекше жауапкершілігі мен адалдығына сенімді арттырады» деді А. Ғиният.

Егер денсаулық сақтау жүйесіне жүктеме арту қаупі туындап, коронавирус инфекциясынан өлім-жітім артса, қосымша шектеу шаралары енгізіледі.  
 

Сондай-ақ оқыңыз