«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалына тұрғындар тарапынан медициналық көмек көрсету тәртібі мен МӘМС жүйесіне қатысты сұрақтар жиі түседі. Қор бұл бағытта тұрғындармен кері байланыс орнатып, тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 3301 өтініш-шағым түсті, олардың 41,4% – консультациялық-диагностикалық қызмет бойынша» деп хабарлайды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Қор консультативтік-диагностикалық қызмет алу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсынады.
Бейінді маман-дәрігерлердің консультациялары, КТ/МРТ, рентген және диагностикалық қызметтің басқа да түрлері МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша тегін көрсетіледі. Олар үшін қосымша ақы талап етілмеуі керек. Егер емхана аталған қызметтерді өзі ұсына алмаса, онда орындау шарты бойынша пациенттің басқа клиникадан алуын қамтамасыз етуі тиіс.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың едәуір артуы көптеген сұранысқа ие бағыттар бойынша медициналық көмек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Консультациялық-диагностикалық қызметті қалай алуға болады?
Кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті пациентке емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерделейді. Тиісті көрсетілімдер болса дәрігер КТ, МРТ немесе басқа да зерттеулер жүргізуге жолдама жазады. Қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациент «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс, өйткені емхана деңгейінде бұл қызметтер МӘМС аясында көрсетіледі.
ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен тиісті шарт жасасады және пациенттерге осы қызметтерді ұсыну бойынша міндеттемені орындауға тиіс.
«Қор тұрғындармен кері байланыс орнатып, тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 3301 өтініш-шағым түсті, олардың 41,4% – консультациялық-диагностикалық қызмет бойынша: мысалы, бейінді мамандарға, диагностикалық қызметтерге жете алмау немесе оларды ұзақ күту, сол секілді учаскелік қызметтерді (жалпы практика дәрігері, терапевт-дәрігер, педиатр-дәрігер), жедел медициналық көмек бригадасын ұзақ күту, т.б. Азаматтардан «емхана көрсетілімдер болса да, өткізу мүмкіндігінің жоқтығына сілтеме жасай отырып, консультациялық-диагностикалық қызметке жіберуден бас тартады» деген өтініштерді жиі аламыз. Мұндай жағдайда, қызмет жеткізуші Қор базасында тұратын медициналық ұйымдар қатарынан бірлесіп орындаушыны тартуға міндетті. Егер бірлесіп орындау шарты ешкіммен жасалмаса, онда пациентті осы қызмет түрі бойынша Қормен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының біріне жіберуге тиіс, жолдама бойынша көрсетілген қызмет қорытындылары негізінде шарт автоматты түрде жасалады», – деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Алайда, пациент өз емханасына бармай, басқа медициналық орталықтарға тікелей барып, консультациялық-диагностикалық қызметті ақылы алатын жағдайлар да кездеседі.
«Кейде біз әлеуметтік желілерден пациентке жолдама берілмегені және олар ақылы түрде қызмет алғаны (мысалы КТ) туралы шағымдарды көреміз. Мұндай жағдайларда пациенттің құқығын қорғаушы ретінде Қор іске қосылады. Бірақ, кейде, тексеру нәтижесінде пациент тіпті өз емханасына жүгінбеген, бірақ дереу басқа жерде ақылы тексеруден өтуге шешім қабылдағаны анықталып жатады. Сондықтан, азаматтарды ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерді пайдалануға шақырамыз. Егер проблемалар туындаса, алдымен емхананың Пациентті қолдау қызметіне хабарласып, өз құқықтарыңызды қорғаңыздар», – деп кеңес береді ӘМСҚ елорда филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры атап өткендей, 2022 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,049 трлн теңге, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,2 трлн, МӘМС бойынша – 838 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.
Бұл ретте консультациялық-диагностикалық қызметтерді қаржыландыру едәуір артады. Осы мақсаттарға 231 млрд теңгеден астам, оның ішінде МӘМС бойынша – 187,7 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Салыстырмалы түрде қарасақ: бір жыл бұрын аталған қызметтерге 203 млрд теңге бағытталды, оның ішінде 167 млрд теңге – МӘМС бойынша.