Биткоин курсы неге арзандап жатыр?

Жарияланды
Бағаның төмендеуіне Қазақстанның қандай қатысы бар?

Жыл басы криптовалюта нарығы үшін аса жақсы басталмады. Себебі курсы әжептәуір төмендеді. Күн өткен сайын құбылып тұратын бұл процеске негізі не әсер етеді? Көпшілік Қазақстандағы «Қаңтар оқиғасының» ғаламдық криптовалюта нарығына біршама ықпалы болды деген пікірде. Бұл екеуінің қаншалықты қатысы бар? Осы туралы қарапайым тілде түсіндіріп көрелік. 

Соңғы күндердегі курсқа тоқталудан бастасақ. Coinbase мәліметтеріне сүйенсек, 21 қаңтар, жұма күні 40 мың доллардан басталып, ертесіне бірден 36 мың долларға түскен. Тіпті сол күн ішінде 34 900 долларға бағаланған. 23 қаңтарда — 35 мың доллар, 24 қаңтарда ең төменгі шек 34 мың доллар болғанын көруге болады. 25 қаңтарда сәл көтеріліп, ең жоғарғы шамасы 37 мың долларға барды. Байқасақ, бұл курс 2021 жылдың тамызынан бергі ең төменгі шама болып отыр. Осылайша биткоин бағасы екі еседей арзандады.  

Қаңтардың басына қайта оралайық. Осы кезде қаржы нарығына, соның ішінде криптовалютаға әсер еткен бірнеше оқиға болды. Cryptorg CEO-маманы Андрей Подолян негізгі екеуін атаған. Rbc.ru сайтына берген пікірінде бірінші себеп ретінде ол Қазақстандағы интернеттің өшірілуін көрсеткен. Елде өткен наразылық шеруі кезінде интернет ел аумағында түгел бұғатталған еді. Ал оның биткоин бағасына қандай қатысы бар? Біле білсеңіз, биткоиннің әлемдік майниңдік қуатының 18 пайызы біздің елімізде орналасқан. Осылайша криптовалюта желісінің хешрейті бірден 12 пайызға түсіп кеткен. Ал оның төмендеуі нарықта біршама толқыныс тудырып, екіойлы ететіні белгілі.  

Маманның екінші себеп ретінде атаған жағдайы АҚШ-тағы маңызды макроэкономикалық жағдайларға байланысты. Америкалық реттеуші пайыздық мөлшерлемені тезірек көтеріп, ертерек кірісуге даяр екені АҚШ-тың Федералды  резервтік жүйесінің желтоқсандағы отырысында жарияланған хаттамада көрсетілген болатын. Подолянның айтуынша, «жалпы алғанда биткоинға жасалған басты қолдау 40-42 мың доллар шамасы деуге болады. Меніңше, жағдай қалыпқа келеді. Дәл қазір экстремал мән 15-ке тең болып отыр. Ал мұндай кезде сатып алып қалу керек». Ел арасында қорқыныш индексі аталып кеткен мән нарық қатысушыларының көңіл-күйін көрсетеді. Өсім мен табыс бола ма, әлде төмендеп, шығынға батыра ма деген екіұдай ойда болады. 

Bestchange.ru аға-сарапшысы Никита Зуборев болса, Қазақстандағы жағдайды себеп дегеннен гөрі катализатор деген дұрыс дейді. Еліміз майниң көлемі бойынша осы уақытқа дейін әлемде екінші орында болып келді. Сөйтіп, жоғарыда атап өткеніміздей, елде кенеттен интернет өшкен кезде биткоин майниңінің хешрейті төмендеген. «Қазақстандағы наразылықтардан бөлек, S&P 500-дің — 2 пайызға, Nasdaq-тың 3,3 пайызға төмендеуі де әсер еткен секілді» дейді Зуборев.  

Расында, криптовалюталар нарығы ғана емес, акциялар да құлдырады. Бір мезетте болған бұл оқиғалар инвесторларды ойландырып тастағаны анық. Криптовалюта бұрынғыдай оқшауланған тәуекелді жүйе емес. Ол бүгінде ғаламдық саясаттағы өзгерістерге тікелей әсер етеді. Ал енді осы орайда биткоиннің акцияларға қандай қатысы бар деген сауал туындайды. 2020 жылдың қыркүйегінен бері криптовалюта қор нарығымен өзара тығыз байланыста. Бұл дегеніміз қор нарығындағы жағдай биткоинға да әсер етеді дегенді білдіреді. Түссе, түседі. Көтерілсе, сәйкесінше ол да өседі. Мысалы жоғарыда биткоин курсына шолу жасадық. Долларлық құнының төмендеуі Netflix акцияларының 20 пайызға түсуімен сәйкес келді. Осылайша нарықтық капитализация 40 млрд доллардан астам қаражаттан «қағылды». Кей сарапшылар майнерлер Қазақстаннан кете бастайды деген де пікірде. Мысалы, EXMO криптобиржасының даму жөніндегі директоры Мария Станкевич осылай деп отыр.

«Өткен жылдың соңғы үш аптасында криптоқорлардан институционалдар қаражатының жылыстағаны байқалды. Жыл соңында қорлар көбіне қоржындарына ребаланс жасайды. Ол клиенттеріне «әдемі» есеп беру үшін керек. Қазақстанда интернет өшірілген кезде, әрине, майниң-пулдардың хешрейті курстың төмендеуіне байланысты түскен болуы мүмкін. Егер елде жағдай бұдан әрмен ушығатын болса, курс бұдан да төмендей береді деп ойлаймыз. Ал майнерлер болса, басқа елдерге көше бастайды деген болжам жасауға болады. Интернет өшкен кезде Қазақстандағы интернет трейдерлер өз есепшотттарын басқару мүмкіндігінен айырылып қалды» дейді сарапшы.

Нарықта биткоин (BTC) және биткоин кэш (BCH) деген бар. Бір желідегі бұл екеуінің айырмашылығы неде? Әлбетте, қайсысы тиімді екенін білуге әркімнің-ақ таласы бар. Ендеше, бізге белгілі бірнеше себепті тізбектеп көрелік. Әрине, ең алдымен валюталар бір-бірінен транзакциялар құны мен комиссиясымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, биткоин бір секундта әрқайсысының құны 5-50 доллар болатын 3-7 транзакцияны тексереді. Bitcoin Cash болса, құны минимал ғана, бірнеше цент болатын 100 транзакцияны жүзеге асырады. Ең үлкен ерекшелік — осы. Былай қарасаңыз, биткоинды диджитал алтын деуге болады. Әрі олар өздеріне әлдеқашан сондай баға беріп қойған. Бұған Bitcoin Cash жағындағылар қарсы шығып, сынайтыны айтпаса да белгілі. Сайттарына кіріп қарасаңыз, «әлемдік қолма-қол ақша нарығы 100 трлн доллар болса, әлемдік алтын нарығы 10 трлн доллар ғана» дегендей аргумент келтіріп, өз валютасының маңызын білдіргісі келеді. Яғни алтынға қарағанда қолма-қол ақша нарығы 10 есе үлкен болғандықтан, Bitcoin Cash-тің қолданысы да сенімді әрі өсу потенциалы да жоғарырақ-мыс. Бұл енді тараптың өзі жайлы пікірі, біздікі емес.

Why Bitcoin Cash сайтында «Егер жаһандық транзакциялардың бар болғаны 1 пайызын BCH қамтитын болса, желіде күнделікті 82 млн транзакция жасалатын болады» деп жазылған. Іске белсене кіріскен Bcash командасы «әлемде жыл сайын орындалатын 3 трлн транзакцияның 75 пайызы қолма-қол ақшалай жүрсе, 13 пайызы ғана кредит немесе дебет карталарына тиесілі, ал 12 пайызы өзге де тәсілдермен орындалады. Демек, комиссиясы аз әрі орындау уақыты жылдам болғандықтан жаппай қолдану үшін BCH-тен артығы жоқ» деп есептейді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз