Алматы қаласында қалыптасқан жағдайға байланысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ретінде келесіні хабарлайды.
Қазіргі таңда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне сәйкес, қаланың жергілікті атқарушы органдары мемлекеттік қызметтердің 167 түрін көрсетеді.
Сонымен қатар, бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың 51 мемлекеттік қызметі «электрондық үкімет» порталында уақытша қолжетімсіз.
Мысалы, Кәсіпкерлік басқармасының барлық 28 мемлекеттік қызметі мен Жасыл экономика басқармасының 11 қызметі қолжетімсіз.
Сондай-ақ, келесі мемлекеттік органдардың қызметтері қолжетімсіз:
Білім басқармасында – 3 қызмет («Білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау», «Негізгі орта, жалпы орта білім беру туралы құжаттардың телнұсқаларын беру» және №80, 118, 172, 29, 98, 20, 59, 61 мектептерінде «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарына денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы бара алмайтын балаларды үйде жеке тегін оқытуды ұйымдастыру үшін құжаттар қабылдау»);
Спорт басқармасында – 2 қызмет («Жергілікті спорт федерацияларын аккредиттеу» «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат, 1-разрядты спортшы cпорттық разрядтарын беру»);
Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында – 2 қызмет («Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» и «Тұрғын үй көмегін тағайындау»);
Тұрғын үй саясаты басқармасында – 1 қызмет («Тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждарды кезекке қою»).
Мәдениет басқармасында – 1 қызмет («Мәдени құндылықтарды уақытша әкету құқығына куәлік беру»);
Одан бөлек, Мәдениет басқармасы мен «Алматы қаласының мемлекеттік мұрағаты» КММ-нің 3 мемлекеттік қызметін көрсету қызметті берушінің кеңсесі арқылы уақытша қағаз түрінде жүзеге асырылады («Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділер беру» (Алматы қ., Шуланова көшесі, 159), «Көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халықтық» немесе «Үлгілі» атағын беруге өтінімдерді қабылдау» «Мемориалдық тақталарды орнатуға рұқсат беру» (Алматы қ., Достық даңғылы, 56).
Аудан әкімдіктерінің мемлекеттік қызметтері бойынша бүгінгі күні спорттық разрядтар беру, азаматтарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскерге шақырудан босату бойынша 3 қызмет қолжетімсіз екендігін хабарлаймыз.
Сонымен қатар, АХАТ мемлекеттік қызметтерін қала азаматтары ХҚКО-ның аудандық бөлімдерінен ала алатынын хабарлаймыз.
Алматы қаласы цифрландыру басқармасының ақпаратына сәйкес, жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтерді «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсету жақын арада қалпына келтіріледі.