Ақылдылардың өзі алданып қалатын сәттер

Жарияланды
Бұл жағдай кез келгеннің басынан өтуі мүмкін

Бүгінде қалтаңыздан ақша суырып алу үшін алдап тұзаққа түсіретіндер көп. Тіпті өзін ақылды, саналы санайтын адамның өзі кейде сеніп қалуы мүмкін. Есте жүрсін деген оймен алаяқтардың бірнеше схемасын назарыңызға ұсынамыз. 

Емге қаражат жинау

Байқасаңыз, далада жәшік пен бір папка құжат ұстап алып, көмек сұрайтындар көп жүреді. Ал интернетте одан да көп. «Тез арада операция жасауы керек, өмірі қыл үстінде тұр, 100 теңге болса да көмек болар еді» деген хабарландырулардан көз сүрінеді. Ондайда қайсысы өтірік, қайсысы шын екенін ажырату қиын. Кейде тіпті жарнамалауға көмектескен блогерлердің өзі алданып қалып, оқырмандарының алдында абыройы айрандай төгіліп жатады. Әлбетте, бұл — өте пасық әдіс. Дегенмен алаяқтар бұған қарап жатқан жоқ. Қалай алдайды? Интернетке өте ауыр халде жатқан адам туралы ақпарат жариялайды. Оған өте қымбат ота жасау керегін, ол үшін белгілі бір сумма керегін көрсетеді. Хабарландыруда суреттер, медициналық құжаттар, ауру тарихы болады. Бірақ көп жағдайда ол суреттер бұлыңғыр болатыны бар. Одан қала берді, алаяқтар кейде фоторедакторлар арқылы өңдеп, ішіндегі мәліметтерді өзгертеді. Өйткені шын хабарландыру бұған дейін жарияланған. Соның ізімен жаңасын жасап, өз картасының мәліметтерін қалдырады. Алданып қалмас үшін ақпаратты тексеріп алу керек. Яғни: барлық құжатты толық көрсетуін сұрап, жиналған және жұмсалған қаражаттың есебін көру керек. Сөйтіп олардың суреті мен сканерлерген нұсқаларын Google-фото арқылы іздеу керек. Түпнұсқа шыға келуі мүмкін. Сонымен бірге көмекке мұқтаж адамның қай ауруханада емделіп жатқанын, шынында бар-жоғын біліп алуға болады. Егер қайырымдылық қорының атынан ұйымдастырылып жатса, ол ұйым туралы барлық ақпаратты біліп алыңыз. Байланыс нөмірлері, шынында ұйымдастырып жатыр — анықтаңыз.  

Хабарландыру сервистері арқылы алдайтындар

Бұл әдіс соңғы кездері көп қолданылып жүр. Хабарландыру сайттарына тауар қойсаңыз, сізге әлдекім қоңырау шалып, бірнеше сұрақ қояды. Секем алатын сигнал: кейде ол әлгі тауар туралы аса білмейтіні көрініп қалады. Сөйтіп бір кезде әлгі «сатып алушы» алыста тұратынын, тіпті басқа елде екенін айта бастайды. Осылайша затты алып кетуге курьер жіберетінін, төлемін картаңызға салатынын айтады. Мұндайда бірден келісе кетпеңіз. Себебі ол картаңыз туралы барлық мәліметтер сұрайды. Яғни өзіңізден басқа ешкім білмеуі керек деректерді алып алуды көздейді. Ондай мәліметтер қатарына жататыны: картаның жарамдылық мерзімі, аты-жөніңіз, карта нөмірі және картаның артындағы үш саннан тұратын СV код. Бұл жерде кодтың маңызы жоғары. Өйткені егер сол құпиякодты біліп алса, картаңыздағы қаражатты оңды-солды шашуға мүмкіндік алады. Егер қаржылық сауатыңыз төмендеу болса, сатып алушының «бір ұйымның атынан аударым жасағалы жатырмын. Мына жақтағы транзация сәл басқаша» деген сөздеріне сеніп қалуыңыз мүмкін. Сонымен бірге мобайл банкингіңізге шабуыл жасауы да ғажап емес. Нөміріңізге тіркелген болса, СМС кодты айтыңыз деп, сіздің орныңызға онлайн банкингіңізге кіріп алуы мүмкін. Әдетте, адам тез шешім қабылдағанда, қатты шаршап тұрғанда осындайға алданып қалып жатады. Есіңізд болсын: CV және СМС кодты ешкімге айтуға болмайды. Картаңызға аударым жасау үшін бар болғаны картаңыздың нөмірі ғана керек. Одан басқа деректерді өзіңіз ғана білуіңіз керек.  

Машина қағып кеткен жаяу жүргінші

Көлігіңізбен аула ішінде ақырын ғана келе жатып, тоқтайын деп машина қоярда артқа бердіңіз делік. Осы сәтте әлдебіреу «ойбайлап», жерге құлап түседі. Сіз үрейіңіз ұшып, басып кеткен екенмін деп қалдыңыз. Бір кезде дәл сол сәтті видеоға түсіріп алған тағы біреу бар болып шыға келеді. Сөйтіп сізді тұзаққа түсіреді. Әрине, ың-шыңсыз тарасып кету үшін ақша сұрайды. Әйтпесе, сотқа сүйреймін, айыппұл төлеп, ауруханаға апаруыңыз керек дейді. Мұндайға тап болмас үшін көлігіңізге бейнетіркеу құралын орнатқаныңыз жөн. Сонда ешқандай ереже бұзбағаныңызды дәлелдей аласыз. Ал енді видеорегистратор болмаса, өзіңіздің кінәсіз екеніңізді анық біліп тұрсаңыз, полиция шақырамыз деп тұрып алыңыз. Егер алаяқ болса, ол оған дейін жеткізбейді. Одан қала берді куәгерлер іздеп, жақын маңдағы дүкендердің бейнебақылау жазбасын сұратыңыз. 

Бампердің астына бес литрлік бөтелке салып кету

Әдетте, бұл әдісті жүргізушінің көліктен шығарып алу үшін істейді. Ол үшін алаяқтар алдыңғы бампердің астына бос бес литрлік пластик бөтелке салып қояды. Сөйтіп жүргізуші қозғала бастағанда «пақ» еткен дыбыс естіледі. Бірден көлікті тоқтатып, бамперге үңілу үшін сыртқа шығады. Астыға қарап жатқанын пайдаланып, алаяқ машина ішіндегі бағалы заттарды алып, қашып кетеді. Бұдан бөлек, дөңгелекті жару, алдыңғы әйнекке айран төгіп тастайтын әдістер де осыған ұқсас. Бастысы, тізгіндегі адамды сыртқа шығарып, бірдеңеге назарын аударту. Ойламаған жерден болғандықтан, көбі есікті кілттеуді ұмытып кетеді. Алаяқтар мұны жақсы біледі. Сондықтан қандай жағдайда болса да автокөлікті кілттеп жүруді әдетке айналдырыңыз. Тіпті бір секундқа шығып бара жатсаңыз да.    

Парақшаларды бұзып алу

Танысыңыздың парақшасынан жақын адамының қиын жағдайға тап болғаны туралы жазба көріп қалуыңыз мүмкін. Айталық, апатқа түскен не өлім аузында жатыр. Шұғыл көмек керек деп астына реквизиттер жазып қояды. Сөйтіп барлық достарына таратады. Кейбірі эмоциямен, еш тексерместен қаражат аударып қояды. Бұлан бөлек, басқа нөмірден мессенджерге жазып, сол адамның суретін қойып, атын жазып, соның атынан көмек сұрауы мүмкін. Былтыр, мәселен, осы тәсіл Қазақстанда өте қатты таралды. Жалған профайл ашып алып, қарыз сұрағандар көп болды. Мұндай жағдайға тап болмас үшін ақпаратты жақсылап тексеріп алыңыз. Нақты сол адам ба, соны анықтау үшін бірнеше сұрақ қойыңыз. Жазу стиліне мән беріңіз. Даусын ажыратыңыз. Егер мессенджерден не парақшадан жазса, қоңырау шалыңыз.  

Бопсалау 

Бұл әдіс көбіне қыздарға қолданылады. Әлеуметтік желідегі парақшаңызға бейтаныс біреу белгілі бір топтың администраторымын деп таныстырып, «сенің суретің мен аты-жөніңді көрсетіп, жеңіл жүрістегі қыздар тобына салынады» деп жазады. Салмасын десең, ақша бер дейді. Көбі өзінің ондай қылығы жоғын білсе де, абыройы үшін қаражат жібере салуы да мүмкін. Мұндайда әлеуметтік желінің қолдау қызметіне хабарласып, шағымдану керек. Одан соң жала жапқаны үшін полицияға шағым жазамын деп қорқытыңыз.

Алданып қалмау үшін есте ұстаңыз

Жалпы алғанда алаяқтық схемалардың дені адамның қорқынышы мен үрейіне байланысты құрылады. Яғни алдымен сізді қобалжытып, қорқытып алады. Өйткені салқынқанды қалыпта тұрсаңыз, сіз күдіктене аласыз. Оған жеткізбес үшін миыңызды «өшіруге» тырысады. Сондықтан түрлі жағдайларды ойдан құрастырады. Оның бірнешеуін жоғарыда атап өттік. Көбіне алаяқтар сізге көмектескісі келетіндей кейіп танытып, сеніміңізге кіріп алады. Не істеу керегін айтып, сыбырлайды. Шығынға батып қалмаудың, үнемдеудің жолын айтқандай болады. Мұндайда ол сөздер сізге жағымды естіліп, сеніп қаласыз. Көп жағдайда адамдар «жоқ» деп бас тартуға ұялады. Өйткені тәрбиесіз болып көрініп қалғысы келмейді. Ал егер «жоқ» деп айтқанда, көп нәрседен басы аман қалар еді. Сонымен бірге өздігімен шешім қабылдауға деген қорқыныш болады. Өйткені бәлкім, қате шешім шығар деген ой тұрады. Ал алаяқ мұндай екіойлы сәтті өте ұтымды пайдаланып кетеді. Сізге айтар ұсынысы да, шешімі да дайын болып тұрады. Енді бірі еркіндіктен, ақшадан не күнделікті комфортынан айырылып қалудан қорқады. Одан қала берді, жақындарының айырылып қалу қорқынышы тағы бар. Кейбірі өмірін демде өзгеріп, табан асты жақсы өмірге қол жеткізуге берілген мүмкіндікті жоғалтып алудан қорқады. Байқасаңыз, қандай жағдайда болсын, алаяқ адамды күйзеліс кезінде, эмоциямен тұрғанда тұзаққа түсіреді. Ондайда бар керегі — сценарийді ауыстырып жіберу. Алаяқ өзі түсінбей қалып, абдырап қалсын. Себебі оның ойындағыдай болмай қалды.   

Кез келген жағдайда физикалық және эмоционалдық қашықтықты ұстауға дағдыланыңыз. Әр қадамды ойланып басып, «мұны не үшін істегелі жатырмын?», «былай істесем, бұған одан келіп-кетер не бар?» деген сауалдарды қойып, жауап іздеңіз. Олардың күтпеген реакциясын танытыңыз. Яғни жағдайда түгелдей өз бақылауыңызға алуыңыз керек. Сонымен қатар, мүлдем қатысы жоқ сұрақтар қойып, әдеттегі шаблонын бұзыңыз. Мысалы картаңыздың деректерін сұратып жатса, әңгімені басқа жаққа бұрыңыз. «Уау, көйлегің қандай әдемі. Маған сыя ма екен? Берсең де, бір жерің түсіп қала ма?» деп миға қонымсыз сұрақтар қойыңыз. Сонда алаяқ өзі-ақ біліне бастайды. Есіңізде болсын, алаяқтарға алданатындардың бәрі ақымақ емес. Өзін ақылды санайтындардың өзі кейде байқамастан тұзаққа түсіп қалып жатады.      

Сондай-ақ оқыңыз