Қаржы пирамидасының жыры қайтадан «естіліп» жатыр. Жаңартылған, заманына қарай өзгертілген түрлері пайда болуда. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дабыл қағып отыр. Алаяқтарға алданып қалмас үшін не істеу керек? «Қаржы пирамидасы емес» деп алып, соның схемасымен талайды сан соқтырған арам табыс туралы мейлінше көп ақпарат білген жөн.
Айтқандай, қаржы пирамидасы деген атауынан ат үркитіндей болғандықтан, қазір көпшілігі олай емесіне сендіріп бағады. Осы жолда түрлі алаяқтық схемалар құрастырады. Бірақ пирамиданың аты — пирамида. Құрған адамдар айран ішіп, табысқа қарық болады да, соңғылары — шелек жалап тұтылады. Заманауи әдістеріне келсек, алаяқтар құнды қағаздар, зергерлік бұйымдар, криптовалюта, туристік жолдамалар не осы сынды өзге де тауар, қызмет ұсынамыз деп алдайды. Тіпті заңды түрде тіркелгенін растайтын құжатты да көрсетеді. Дегенмен есте ұстау керек жайт — мұндай ұйымдар адамдардың сеніміне кіріп, соңғы ақшасына дейін сыпырып кетуді көздейді. Сол сенген адамдар да аз уақытта алманың пісіп, аузына түсе қалады деп ойлайды. Соңында қарызға белшесінен батып, онысы ақыры соттасуға жалғасады.
Ең бірінші кезекте, оңай олжаға қызығудың өзі дұрыс емес. Себебі жылдам табыс тауып, оған қоса еселеп кетеді дегенге сенгеннің соңы жақсылыққа апармайды. Өйткені пирамиданың заңы сол — күндердің күні құлайды. Сондықтан сізге үлкен табыс тауып, салған ақшаңызды демде шығарып аласыз деген уәде берсе, қаржы пирамидасы деп білгейсіз. Оған қоса, ұйымдастырушылар түрлі бонустармен көзді қыздырып, әр әкелген қатысушы үшін ақша төлеуі де мүмкін. Әдетте «тағы екі салымша қоссаң, табысың 20 емес, 30 пайызға артады» деп сендіреді. Сөйте тұра алғашқы жарна ретінде кішігірім қаражат құю керек дейді. Онысы — салымшылардың табыс шынында жоғары екенін, төленетінін көрсін дегені. Иә, бір қарағанда бәрі шынайы сияқты. Табыс та түсіп жатады. Дегенмен ондай майшелпектің ғұмыры қысқа — әрі кетсе, 4-5 ай. Осы уақыт ішінде ұйымдастырушылар барлық жерге жарнама таратып, барынша көп қатысушы жұмылдыруға барын салады. Тайып тұратынын білген соң, белсене кіріседі. Ал енді жаңа салымшылар ағыны алдыңғылардың шығынын жаба алмайтын кезге келгенде ғайып болады. Сондықтан неғұрлым көп ақша салып, ұзақ қатыссаңыз, соғұрлым дымсыз қалу ықтималы жоғары.
Соңғы кездері қаржы пирамидасы консалтингтік не инвестициялық компанияның атын жамылатын болып жүр. Яғни алаяқтар қаржы нарығында табыс табуға шақырып, ол үшін өздерінің ұйымдарына тікелей салым салуды ұсынады. Әрі неғұрлым көп қаражат салсаңы, соғұрлым табысыңыз өсетінін айтып қызықтыра түседі. Ал қаржы нарығының заңында бұл мүмкін емес. Жалпы қаржы нарығы арқылы мол табыс табу үнемі үлкен тәуекелмен қатарласа жүреді. Мұндай заңдылық барын брокер әу бастан түсіндіреді. Бір айта кететін жайт, ресми брокерде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болуы шарт. Биржадағы сіздің операцияларыңызды орындағаны үшін ол комиссия төлейді. Оның көлемі келісімшартта көрсетіледі.
Қаржы пирамидаларының қаржы ұйымдарына ешқандай қатысы жоқ. Реттеушінің депозит қабылдауға, жеке тұлғаларға банктік есепшоттар ашып, оларды жүргізуге берілетін лицензиясына да ие емес. Сәйкесінше, қаржы реттеушісіне бағынышты емес деген сөз. Сондықтан салым салмас бұрын мұнда қаражаттан демде айырылып қалуыңыз мүмкін екенін, үлкен тәуекел екенін білуіңіз керек. Себебі қатысушылар мен ұйымдастырушылар арасындағы қарым-қатынас тек сенім арқылы ғана жүзеге асады. Демек, қандай да бір ұйымға ақша салуды көздесеңіз, алдымен тексеру шарт.
Пирамидалардың тағы бір түрі — желілік маркетинг. Бұл тәсіл бұрыннан бар. Жыл сайын неше түрлісі шығады. Елде жоқ, ерекше тауар не қызметті ұсынады. Одан бөлек, сақтандыру саласында, жылжымайтын мүлік не форекс салаларында да белсене жұмыс істейді. Жалпы алғанда псевдоинвестициялар көбіне көзі ашық аудиторияға қарай бағытталады. Ал одан төмендеу деңгейдегілеріне табыс табуға арналған түрлі платформалар ұсынылады. Яғни ол жерде автомат түрде табыс түсіретін бағдарлама деп жалған платформа беріледі. Ақша төлеп кіріп, соны қолдансаңыз, еселеп шығарып аласыз деп сендіріп, алдап түсіреді. Мұның мысалын әлеуметтік желіде көп көруге болады. Әсіресе, түрлі скриншоттарды салып, салымшыларының демде табысты болғанына сендірмекші болады. Мұндайда алаяқтардың солай өтірік алдайтынын, көздегені — сізден ақша алу ғана екенін ұмытпаңыз.
• Компанияны жақсылап тексеріңіз. Оның берген ақпараты шынайы ма, көз жеткізу керек. Депозит ашуға құқығы бар кез кедген қаржы ұйымы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реестрінде тіркелуі шарт. Егер қаржы пирамидасының құрығына түскеніңізді сезіп қалсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына және қаржы реттеушіге хабарласыңыз.
• Компанияның иесі кім, басшылық құрамында кімдер бар — анықтаңыз. Сонымен бірге қай мекенжайға тіркелгенін де біліп алу керек. Айталық, басшылық туралы ақпарат жасырылған болса, компания оффшорлық аумақа тіркелген болса, салым салмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек. Өйткені оффшорлық зоналарда компанияны демде тіркеуге болады. Оған қоса, ол компанияның басында кім тұрғанын анықтау да өте қиын шаруа. Сол себепті компанияның жарғылық құжаттарын түгел сұратып, көз жеткізіңіз. Лицензиясы бар ма, соны ең алғашқы кезекте біліп алу керек. Одан соң қандай нормативтік және рұқсатнамалық құжаттардың негізінде қызметін іске асырады — соны біліңіз. Алданып қалмаудың келесі бір тәсілі компанияның есеп-қисаптарына көз тастау. Қай жерден, қалай, қанша табыс табады?
• Үлкен көлемде табыс табатыныңызға толық кепілдік беріп жатыр ма — демек, бұл жерде жатқан бір шикілік бар деген сөз. Себебі алаяқтар психологияны өте жақсы біледі. Адамның қалауының пернелерін дөп басатыны сонша, қалай алданып қалғаныңызды білмей қаласыз. Өйткені адам баласы аз еңбектеніп, көп табыс тапсам деп армандайды. Соны жақсы меңгеріп алған қаржы пирамида ұйымдастырушылары 20, 50 тіпті 100 пайыз табыс табасыз деп кепілдік береді. Ақыры бірнеше айдан кейін жоқ болып кететінін білгендіктен, солай «сенімді» уәде береді. Осы сынды сенімсіз қызмет болса, ойланыңыз. Мәселен, қаражатты қандай жағдайда, қалай қайтаратыны туралы ақпарат бар ма? Егер механизмі түсініксіз болса, күмәндану керек. Айталық, қаражатыңызды кері алу үшін белгілі бір шекке жетуіңіз керек деп тұруы мүмкін. Оған жете алмайтындықтан солай жазылады. Сізде салған ақшаңызды қажет болған жағдайда шығарып алатын, қаражатыңызды толықтай өзіңіз басқаратын мүмкіндік болуы тиіс. Мұның бәрі келісімшарттар көрсетіледі. Есіңізде болсын, кез келген құжатқа қол қоймас бұрын жақсылап танысып шығыңыз. Қандай да бір жері түсініксіз болса, мамандармен кеңесіңіз. Қол қоюға асықпаңыз. Бастысы, жоғары пайыз ұсынды екен деп жарнамаға елітіп кетпей, уәдесін орындай ма, жоқ па деп күмәнмен қарауыңыз қажет.
• Жаңа салымшы ерте келсеңіз, сыйақы беріледі деуі мүмкін. Осы сөзді естісеңіз болды, алды артыңызға қарай қашыңыз. Бұл — қаржы пирамидасы.
• Займ келісімшартын жасасуды ұсынуы да мүмкін. Бірақ құжат жүзінде бар екен деп алданып қалмаңыз. Себебі олардың ішінде көп нәрсе көмескі жазылады. Тіпті соттасқан күннің өзінде ілік қалдырмайтындай құрастырылады. Келісімшартты дұрыстап оқу керек дейтініміз содан. Себебі күні ертең өзіңіз қол қойған болсаңыз, кінәлі өзіңіз ғана боласыз. Дұрысы, тәуекелге бас тікпей, басқаларға қолдағы қаражатты беріп қоймау.
• Компания корпоративтік кештерге қатысуға шақырады. Сол жерде түрлі ұтыс ойындары ойнатылып, қымбат сыйлық, үй не көлік ұтып алуыңыз мүмкін деп еліктіреді. Ондай жағдайда да бірден бас тартқаныңыз жөн. Себебі қаржы пирамидасының ең жиі таралған тәсілі осындай. Олар осы әдіс арқылы табысты компания екендерін көрсеткісі келеді. Екінші жағынан, көңіліне күдік ұялағандардың күдігін сейілту мақсатында ұйымдастырылады. Оларға бар керегі — сізді ұстап қалу.
• Компанияның қаражатты қандай әдіспен қабылдайтынына мән беру керек. Көбіне олар қолма-қол алуы мүмкін. Болмаса арнайы банктік есепшоттарды не сенімді бухгалтерлік есеп-қисаптарды қолданбастан түрлі онлайн-төлемдерді қолданады. Сондықтан сақ болу керек.
Мысал үшін бір нұсқасын қарастырып көрелік. Әу басында құрылатын кезде ақша салатын адамды іздейді. Яғни осы кәсіпті дөңгелету үшін ақша құятын болса, оны еселеп шығарып алатынын айтып, қызықтырады. Міне, шың басында осы ұйымдастырушылар жайғасады. Адам тартқан сайын, табыс түсетінін түсініп тұрған боларсыз. Ал енді заңмен тыйым салынған қызметті қалай жүзеге асырады десеңіз, жасырыну үшін «түр жасайды». Мысалы, инвестициялық қызмет деп көрсетеді. Негізгі табыс — жаңа мүшелердің ақшалай салымдары. Пирамидаға қайта оралсақ, қатысушылар саны көбейген сайын жоғарыдағылардың табысы еселене түседі. Және осылай көбейту үшін қатысушыларға өзінің соңынан адам тарту керегін шарт етіп бекітеді.
Былай қарасаңыз, сізге жұмыс ұсынып тұрған адамның картасындағы қаражатты, барған жерін, көлігін не үйін көріп, шынында қызығып кетуіңіз бек мүмкін. Бұл — сөзсіз мотивация. Сөйтіп сіз де білек сыбана кірісесіз. Бірақ күндердің күнінде бастапқы қарқын азая бастайды. Табыс та төмендейді. Сөйтіп әлгі пирамида қирайды. Төмендегілер тіпті салған ақшасын ақтай алмай қалады. Айтқандай, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруді көздеген ниеттің соңы осылай болады.
Соңы осындай көңілсіз сценариймен аяқталатынын білсе де, қаржы пирамидасының схемасымен таныс болса да, ақшалы болып, шала байып қалуға деген ұмтылып қойсын ба? Әркімнің-ақ бай болуға таласы бар. Әлбетте, ойламаған жерден мол табысқа кенелу қуаныш сыйлайды. Дегенмен жеке бюджетін басқара алмайтын, қаржылық сауаты төмен адамдар мұның салдарын ойлай бермеуі мүмкін. Бір жағы кейбірі бұл ісінің қаржы пирамида жүйесі екенін шын мәнінде білмеуі де ғажап емес. Себебі жарнамаларда жұмыс берушілердің хабарландыру мәтінін қарасаңыз, «желілік маркетинг, қаржы пирамидасы емес» деп көрсете береді. Ал ішіне бас сұға қалсаңыз, дәл соның өзіне тап боласыз. Тіпті ұйымдастырушылар ресми түрде тіркелген компания екенін, ешқандай заңсыз қызмет жүргізбейтіндерін айтып сендіреді. Сондықтан қаржылық сауатты арттыру керегін үнемі айтып жүреміз. Алаяқтарға жем болатындар да — қаржы туралы аса білімі жоқ адамдар. Мемлекет мұны реттеуге тырысқанымен, аса бір әсері әзірге байқалмайды. Олай дейтініміз, алданған ағайын полиция қызметкеріне шағымын айта барғанда «мұндай шағымның мың түрі жатыр» деп шығарып салатыны бар. Біз ұсынған қарапайым кеңестер қалтаңыздағы не картаңыздағы бар тапқан-таянғаныңызды жоғалтудан сақтауы мүмкін.