Новости

Мемлекет халыққа бастапқы жарнасыз 4 пайызбен көлік бермекші

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы пысықталып жатыр

Қазақстанда жеңілдетілген автонесие туралы әңгіме қайта айтыла бастады. Атап айтқанда, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын қайта іске қосудың бірнеше нұсқасын қарастырып жатқанын жариялады. Яғни отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету үшін Министрлік жеңілдікпен несие беру бағдарламасына бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесін пысықтап жатыр деседі. Бұдан басқа, Президенттің тапсырмасы бойынша халыққа жеңілдікпен автонесие беру жаңа бағдарламасы әзірленетіні хабарланды.

«Қазіргі уақытта бағдарламаны қайта іске қосудың бірнеше нұсқалары қарастырылып жатыр. Соның бірінде көп балалы отбасыларды, күш құрылымдары қызметкерлерін, дәрігерлер мен мұғалімдерді қолдау жөнінде бағдарлама қосу ұсынылады. Сондай-ақ, «Бірінші отбасылық автомобиль» атты шағын бағдарламаны қосу мүмкіндігі қарастырылған» делінген сала министрлігі таратқан хабарламада.

Еске салайық, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылған еді. Ол 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі — 82 миллиард теңге. Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 миллиард теңгеге 30 525 қарыз берілген. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алған.

Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасының шарттары мынадай:
–    1 жеңіл автокөлік құны 15 миллион теңгеден;
– несие мерзімі — 7 жылдан;
– қарыз алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4 пайыздан аспауы тиіс.

Қарыз алушы екінші деңгейлі банктердің алдындағы несиесін өтеген кезде қайтарылған қаражат есебінен отандық өндірістің жеңіл автокөлігін сатып алушыларға қайта несие беріледі. Бүгінгі таңда осы бағдарламамен сатып алу үшін елімізде құрастырылған: Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдерді сатып алуға болады. Бұған дейін «ӨКМ Операторының» шоттарынан жеңілдетілген автонесиелеуге ақша жіберілуі мүмкін екені хабарланған еді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев бұған дейін БАҚ-қа берген сұхбатында автонесие туралы шет жағасын атап өткен болатын. Қарыз алушыларға барынша қолайлы болатындай шешім келуге тырысатындарын айтқан.

«ӨКМ Операторының» есепшоттарында шоғырланған қаражаттың бөлігін халықтың 4 пайызбен автонесиеге көлік алуына жіберуді қарастырып жатырмыз. Осы жерде атап өтетін бір жайт: бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін бастапқы жарна ретінде көліктің 20 пайызы құю керек болған. Ал қазіргі таңда біз бастапқы жарнасыз алу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз» деген. 

Автомобиль бизнесі қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, бұған дейін 15 мыңнан астам қазақстандық тарапынан жеңілдетілен автонесие алуға өтініш түскен. 

Бұған дейінгі автонесие туралы біршама ақпарат бере кетсек. Қазақстанның Даму банкі берген мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдың наурыз айында 13 мың қазақстандық жалпы сомасы 57,4 млрд теңгеге автонесие рәсімдеген. Ал 2020 жылдың сәуір айында саны 20 мыңнан асып жығылған. Кредиттердің жалпы сомасы — 98,05 млрд теңге. 2021 жылдың 28 қаңтарына дейінгі уақытта алты банк тарапынан 26 958 кредит рәсімделген. Сома мөлшері 135,8 млрд теңге болған.

«Автонесие алу процедурасы қарапайым болғанымен, көпшілігі көлікті алу үшін айлап күтіп қалады. Жыл өткен сайын қаржыландыру көлемі артып жатыр. Дегенмен сұраныс өте көп. Сол үшін де кезек пайда болады, көп уақыт алады. Қазіргі таңда өтініш мәртебесін онлайн қарап отыруға мүмкіндік беретін сервистер шыққалы бәрі тіпті ашығырақ бола түсті» дейді Қазақстанның Даму банкінің баспасөз қызметі.

Бір айта кетерлігі, ҚДБ жеңілдетілген автонесие бағдарламасының 2015 жылдан бері операторы болып келе жатыр. Банк Ұлттық банктегі екінші деңгейлі банктердің арнайы есепшотттарынан қаражаттың алынуын келістіріп, бағдарламаның негізгі үш шартының орындалуын қадағалаумен айналысады. Бұған дейін де атап өткеніміздей, бір көліктің максимал құнынан асып кетпеуін, сыйақы мөлшерлемесінің сәйкестігі мен несиені қанша жылға рәсімдейтіні Қазақстанның Даму банкінің бақылауында болады. 

Ал өтінішті қарау, мақұлдаумен серіктес банктер айналысады. Сіз берген өтініш ең ұзақ дегенде үш жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Бүгінге дейін Қазақстанның Даму банкі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында 82 млрд теңгеге 6 транш жіберген: екі транш Ұлттық қордан, 2015-2016 жылдары 26 млрд теңгеге; республикалық бюджеттен 2018-2019 жылдары 16 млрд теңгеге 2 транш; «Қазақстанның тұрақтылық қоры» АҚ-дан 40 млрд теңгеге облигациялар шығару арқылы 2 қарыз алынған.