Түркияның ең үздік университеттерінде тегін білім алуға мүмкіндік беретін Türkiye Bursları атты бағдарлама бар. Мұның ерекшелігі — шетелдік студенттерге бағытталғанында. 2012 жылы енгізілген бағдарламаға қазір сұраныс жоғары. Олай дейтініміз, жыл өткен сайын қатысуға ниет білдірген талапкер саны өсіп жатыр. Биыл да дәстүрден жаңылмай құжат қабылдау мерзімі басталып кетті. Осы орайда аталған шәкіртақыны қалай алуға болады, гранттың ішіне не кіреді, қандай талаптар қойылады — бәрін осы материалда түсіндіруге тырыстық.
Türkiye Bursları қандай бағдарлама?
Бұл — ұлтына қарамастан кез келген шет мемлекеттің студентіне Түркияның жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Бакалавриат, магистратура және докторантураға түсуге болады. Түркия үкіметі аталған бағдарламаны шетелдік студенттерді тарту, елмен таныстыру, тіл және мәдениет алмасу мақсатында қолға алған. Бүгінде Түркияда жүзден астам мемлекеттік, 70-ке жуық жеке университет бар. Мемлекеттік университеттердің грантын ұтып алуға мүмкіндік беретін бұл бағдарламаға құжат қабылдау басталып кетті. Дедлайн — 2022 жылдың 20 ақпанына дейін.
Гранттың ішіне не кіреді?
Türkiye Bursları толыққанды грант беретін бағдарлама. Яғни мұның ішінде студентке қажеттің бәрі қарастырылған: шығындар, оқу ақысы, тұратын жер және т.б. Одан бөлек, студенттер эксклюзив семинар, кәсіби бағдарлау бағдарламалары сынды іс-шараларға қатыса алады. Айта кететін бір жайт, грантқа түскен студенттер міндетті түрде бір жыл тіл курсын оқиды. Сабақтары сол түрік тілі курсын аяқтаған соң басталады. Сонымен гранттың ішінде бар:
• Тегін оқу;
• Бакалавриатта — 1000 TL (шамамен 32 мың тг), магистратурада — 1400 TL (шамамен 45 мың тг) және докторантурада 1800 TL (шамамен 57 мың тг);
• Қайтар жолға билет;
• Медициналық сақтандыру;
• Тегін жатақхана;
• Бір жыл тегін түрік тілі курсы.
• Бакалавтриат 1 жыл түрік тілі курсы мен 4 жыл оқу;
• Магистратура 1 жыл түрік тілі курсы мен 2 жыл оқу;
• Докторантура 1 жыл түрік тілі курсы мен 4 жыл оқу.
Кімдер қатыса алады?
Айтқандай, Түркияның шәкіртақысын алуға әркімнің-ақ таласы бар. Бірақ жалпылама талаптары да жоқ емес. Соның ішінде: бакалавриатқа тапсыратындар — 21 жастан, магистратураға түсетіндер — 30 жастан, докторантурға тапсыратындар 35 жастан үлкен болмауы керек. Одан кейінгі талаптардың ішінде оқу үлгерімі бар. Яғни Türkiye Bursları стипендиясын иеленгісі келетін үміткерлердің үлгерімі бакалавриат үшін — 70 пайыздан, магистратура үшін — 75 пайыздан, докторантура үшін 75 пайыздан кем болмауға тиіс. Ал медицина және денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларда үлгерім тіпті 90 пайыздан аз болмауы керек деген талап бар. Кімдер тапсыра алмайтынын да айтып кетсек. Түркия азаматтары мен бүгінде түркиялық жоғары оқу орындарында оқып жатқандарға қатысуға рұқсат жоқ.
Өтінішті қалай беруге болады?
Ол үшін ресми сайтына тіркелуден бастайсыз. Өтініш қарастырғаны үшін ақы алынбайды. Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі студент бір уақытта университеттің оқу бағдарламасына да, шәкіртақыға да өтініш береді. Ендеше, қадамдарына келсек:
1. Сайтқа тіркелу.
2. Өзіңізге қызықты оқу бағдарламасын таңдау.
3. Өтініш толтырып, құжаттарды сайтқа жүктеу.
• Төлқұжаттың көшірмесі;
• Төлқұжат форматындағы сурет;
• Алған біліміңізді растайтын куәлік немесе диплом.
• Академиялық транскрипт.
• Соңғы оқыған жеріңіздегі емтихандардың нәтижесі.
• Жоғары оқу орнының талабына байланысты халықаралық емтихандардың нәтижелері. GRE, GMAT, SAT, DELF, YDS және YÖS.
• Ағылшын тіліндегі бағдарламалар үшін IELTS немесе TOEFL емтихандарының қорытындысы.
• Түрік тіліндегі бағдарлама үшін c1 емтиханының нәтижесі.
• Докторантурға тапсыратындар зерттеу жұмысының жобасын жолдайды.
• Өзге де сертификат, дипломдар.
Ескеру керек жайттар
Қызыл леп белгісі тұрған жердің бәрін толық толтыру маңызды. Ал сары леп белгісі тұрған жерді қалауыңызға қарай толтырасыз. Егер барлығын дұрыс істеген болсаңыз, қызылмен тұрған белгі автомат түрде жасылға боялады. Сонымен бірге, анкетаңызда жазылған әр сөзіңіз құжат түрінде расталуы керек. Мысалы, егер олимпиада жүлдегерімін деп көрсетсеңіз, ұтқаныңызды дәлелдейтін сертификаттың сканерленген нұсқасын қоса салуыңыз қажет. Анкетаны орыс тілінде толтыруға болады. Бұл — бірінші кезең. Енді жақсылап бір қарап шығып, қызыл леп белгісінің бәрі жасылға айналғанына көз жеткізіңіз. Одан соң басты бет деген жерге өтесіз. Онда сіз тапсыратын алатын шәкіртақылар тізімі шығады. Сол жерден қажетін таңдаңыз. Жүйе өзі іріктеп, тауып береді. Одан соң шәкіртағы өтініш толтырасыз. Ол жерде бірнеше бөлім бар:
• 10-сыныпқа дейінгі орта мектеп (Middle school). Жүйеден мектепті тауып, аттестатыңыздың орташа баллын көрсетіп, куәлікті жүктейсіз.
• 11-12 сыныптың орта мектебі (High school). Мұнда да бәрі жоғарыдағыдай. Егер сіз әлі мектеп бітірмеген оқушы болсаңыз, 11(10)-12(11) сыныптардың табелі жарай береді. Комиссия ең алдымен осыны қарайды.
• Одан соң, университтерді таңдайсыз. Сізге бұл жерде 12 оқу орны мен мамандық ұсынылады. Бәріне бірдей мотивациялық хатты жіберу үшін мамандықтар мен университтердің әр алуан болмауына мән беріңіз. Мысалы сайтта Стамбул. Анкара және Измирден 6 оқу орнын таңдап, қалған алтауын басқа қалалардан таңдауға ұсынылған. Бір кеңес айта кетсек, таңдаған кезде Түркияның картасын ашып қойған дұрыс. Сонда қай жаққа тапсырып жатқаныңызды, қасында қандай қалалар орналасқанын біліп отырасыз.
• Мотивациялық хат жазу керек. Мұнда сіз неге Түркияны таңдағаныңызды, соның ішінде университетті де неліктен таңдап отырғаныңыз туралы жазасыз.
• Ұсыныс хат. Бұл жерде ұсыныс білдірген адамдар туралы толық ақпарат қалдырып, ұсыныс хатты қоса жүктейсіз. Артынша ұсыныс білдірген адамның поштасына растау туралы хат келеді. Бар болғаны сол сілтемені басып, мақұлдауы тиіс.
• Сұхбат өтетін жер. Интервью Қазақстандағы Түркия елшілігінде өтеді. Шамамен сәуір-мамыр айларында өтеді. Алматы не Нұр-Сұлтан қаласының бірін таңдауға болады. Есте ұстаңыз, сұхбатқа бәрін шақыра бермейді. Бірінші кезеңнен іріктеуден өткендер ғана шақырылады. Дегенмен сұхбатқа келгеніңіз шәкіртақы иеленгеніңізді де білдірмейді. Бұдан кейін де іріктеу болады. Сұхбат кез келген тілде өте береді. Комиссия бірнеше тілді араластыруы да бек мүмкін. Әдетте бар болғаны 10-15 минутқа созылады. Көбіне анкетада көрсеткен ақпараттарыңызды сұрайды. Интервьюге барғанда жеке куәлігіңіз, төлқұжатыңыз бен сайтқа жүктеген құжаттардың бәрінің түпнұсқасын ала барыңыз.
• Ең соңында толтырғаныңыздың бәрін бір қарап шығып, егер бәрін жүктеген болсаңыз, submit батырмасын басыңыз. Өтініш жіберу тегін. Дедлайнды күтпей, ертерек тапсырған дұрыс.