2021 жылы жұмыс істейтін халықты қолдау үшін МӘСҚ-тан шамамен 339 млрд теңге төленді

Жарияланды
Әлеуметтік төлемдер азаматтардың бірнеше санаттарына тағайындалады

2021 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) 1,1 млн адам жалпы сомасы 338,8 млрд теңгеге әлеуметтік төлемдер алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.

Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражатынан төленетін мүгедектігі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің (бұдан әрі – МӘСЖ) қатысушысына тағайындалады.  Төлемді тағайындау үшін мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жүгінуге болады. 2021 жылы бұл төлемді 26,9 млрд.теңге сомасына 94,7 мың адам алды.

Асыраушысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражатынан төленетін асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша қайтыс болған МӘСЖ қатысушысының асырауындағы адамдарға тағайындалады. Төлемді тағайындау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ – ға (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүгінуге болады. 2021 жылы бұл төлемді 17,7 млрд теңге сомасына 57,7 мың адам алды.

Жұмысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жұмыссыз ретінде тіркелген МӘСЖ-ға қатысушыға тағайындалады. Төлемді тағайындау үшін:

– егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, Мемлекеттік корпорацияға;

– жұмыссыз ретінде тіркелген кезде Халықты жұмыспен қамту орталығына;

– жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы мәлімет болған жағдайда egov.kz веб-порталы арқылы;

– «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы (enbek.kz) жүгінуге болады.

Сондай-ақ оқыңыз