Новости

Қала салудың бұлжымас қағидасы бар ма? Министр Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы құрылысты сынға алды

Бірінші кезекте Ақтау және Атырау қалалары жаңартылмақ

Қалалардың тұрақты өсуі қала кеңістігін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, қала құрылысы регламенттерін қатаң сақтауды талап етеді. Өкінішке орай, қазір елімізде қалалар ретсіз, көбінесе жұртшылықтың пікірін және қаланың даму перспективаларын ескермей салынуда. Мысалы, Алматы тұрғындары – құмырсқа илеуін көзге елестететін адамдар тым көп тұратын үйлерге, елорда халқы – қоғамдық кеңістік құрмай құрылыстың тығыз салынуына және әлеуметтік объектілерге мұқтаж екендіктеріне шағымданады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев осылай дейді. 

Ресми деректер бойынша, соңғы екі жылда министрлік сәулет органдарына қатысты 100-ден астам, негізінен жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде мыңнан астам заң бұзу анықталған. 

«Қазір қала құрылысын жоспарлау жүйесін, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа урбандалу тәсілдерін дамытуды трансформациялау қажет. Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Осыған байланысты министрлік қала аумағын сапалы жоспарлау стандарттарының бірінші редакциясын әзірледі және мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберді. Стандарттар жобалау, ықшам құрылысты енгізу, тартымды және жайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыру, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамыту бойынша қарапайым және көрнекі құралға айналады. Олар құрылыстың негізгі мақсатты модельдерін анықтайды және әрқайсысы үшін әлеуметтік маңызы бар нысандардың жаяу жүргіншілерге қол жетімділігі, көгалдандыру, тығыздық, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және т.б. параметрлері беріледі, осы мақсаттар үшін еліміздің ірі елді мекендерінің қалалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасының пилоттық жобаларын іске асыруды бастауды жоспарлап отырмыз» деді министр.

Министрлік Q88 урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, Ақтау және Атыраудың қалалық кеңістіктерін трансформациялау жұмыстарын бастап кеткен. 

«Берекелі бастама» порталы құрылды. Біз пилоттық режимде Ақтау және Атырау қалаларын қайта құру бойынша ұсыныстарымызды жүктедік. Бұл пилоттық ұсыныстар: ниет білдіргендердің барлығы осы жұмысқа қосылып, өз қалаларын дамыту бойынша ұсыныстарын бере алады. Жалпы, бүкіл елді қамтығымыз келеді. Ірі облыс орталықтарынан бастаймыз, бірақ бұл шағын қалалардың тұрғындары процеске қатыса алмайды дегеннің белгісі емес. Өз қаласын жаңа форматта, жаңа сапада көретін кез келген адам осы порталға өтінім бере алады. Біз бұл ұсыныстарды мұқият қарастырып, жалпы талқылауға енгіземіз. Жұмыс форматын барлық қалаларды алаңдатпау үшін белгілі бір аймақтарды алатын етіп құрамыз және осы аймақтың әр қаласын егжей-тегжейлі талқылаймыз. Неліктен Ақтау мен Атырауды алдық? Жергілікті атқарушы органдарға рахмет, осы өңірлердің әкімдері біздің өтінішімізге оң жауап берді және бірінші болып осы жобаларды іске асыру үшін өз командасын ұсынды. Біз еліміздің барлық қалаларымен диалогқа дайынбыз» дейді Өскенбаев. 

Оның айтуынша, идея – елдің барлық қаласы мен елді мекенін адамдар үшін жайлы орынға айналдыру.

2050 жылға қарай әлем халқының 75%-ы қалаға қоныстанбақ. Әрине, бұл тұрғыда шаһарларды дамытудың жаңа әдісі ауадай қажет. Қазір қала құрылысы, қоғамдық көлік, абаттандыру саласындағы шикі шешімдер халықтың қала билігіне деген наразылығын күшейтуде. 

Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығының төрағасы Ерлан Әукенов 
мемлекет алғаш рет урбанистерге институционалды түрде сұрау жолдап отыр дейді. 

«Сәулетшілерден, қала құрылысшыларынан, урбанистикадан айырмашылығы – тұжырымдама біршама кең, біз жеке ғимараттар мен құрылыстарды, тұрғын үй кешендерін, кварталдарды салу туралы ғана емес, ең алдымен қаланы біртұтас тұтас ретінде қабылдау туралы айтып отырмыз. Проблемалар Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан тұрақты көші-қон қысымымен де күшейе түсуде. Жыл сайын шамамен 250 мың адамға артып жатыр. Бұл жалпы ел бойынша екі есе көп. Оның үстіне, төрттен үш бөлігі еліміздің ірі қалаларына тиесілі. Бұл жыл сайын Қызылорда, Орал, Қостанай сияқты қалалардың пайда болуына тең келеді. Мұндай қаланы күтіп ұстау 1 трлн теңгеден асады, жолдардан бастап, мектеп, аурухана салу инфрақұрылымына қосымша 1,1 трлн теңге қажет болады. Егер бұған әр жылға қажетті тұрғын үй санын қосатын болсақ, 1,6-1,7 трлн теңгеге жетеді. Жалпы алғанда, әңгіме 3 трлн теңгеге жуық сома туралы болып отыр. Яғни, ел бюджетінің бестен бір бөлігі. Көші-қон қысымын ғылыми тәсілдерді қолданбай экономикалық тұрғыдан өтеу мүмкін емес. Тек ғылыми тәсілдер ғана қалаларды орнықты етуге және қалалардың әл-ауқатын дамыту теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» дейді. 

Q88 урбанистер қауымдастығы кеңесінің мүшесі Ержігіт Балқыбеков Ақтау қаласында теңіз жағалауын дамыту ұсынылып отырғанын айтты. 

«Алдымен жағалауды реконструкциядан өткізуді жалғастырып, теңіз жағалауының ұзындығын 1,8 шақырымға ұзартып, жаяу жүргіншілерге қолайлы етіп, бизнес нысандарын дамыту керек. Ақтау қаласындағы ерекше нысан – Шевченко сквері. Бұл қала орталығын теңіз жағалауымен қосатын көше. Онда түрлі спорт алаңдарын, балалар ойнайтын алаңдар, бизнес нысандарын, тағамдандыру, түрлі заттар сатылатын нысандар салу, адамдар жай жүріп өтпей, осы жерде тоқтап, демалысын өткізуге бейімдеу ұсынылды. Бұдан бөлек, қаланың шағын аудандарын жағалаумен байланыстыратын төрт теңіздік бульвар жасау. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер променадтары жасалады. Орталық даңғылда тұрақтар ретке келтіріліп, адамдар демалатын орындар жасау, 2 шақырым аймақта жаяу жүргіншілер аймағын құру ұсынылды» деді Балқыбеков.  

Сонымен қатар: 

  • Ботаникалық саябақты реконструкциялау; 
  • «Ақбота» атракцион паркінің туристік әлеуетін дамыту; 
  • «Домбыра» архитектуралық құрылысын жүзеге асыру. 
  • Жастар жиналатын колледждерді, оқу орындарын реконструкциядан өткізіп, кішігірім креативті хабтар құру; 
  • Әртүрлі жастағы балаларға арналған алаңдар салу; 
  • Қалада ғимараттарды жарықтандыру арқылы кешке олардың әсемдігін, ерекшеліктерін көрсету көзделіп отыр. 

Q88 урбанистер қауымдастығының атқарушы директоры Алина Абдрахманова Атырау қаласын дамыту бойынша мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, бірінші кезекте жақсартуды қажет ететін мәселе – көпір байланыстары. 

«Орал өзені қаланы екіге бөледі, көпірлер арасындағы қашықтық 1,5-3 км, мәселен, Лондонда Темза көпірлері арасындағы қашықтық 150-ден 800 м-ге дейін. Біз халықаралық тәжірибені талдап, Қарабаш және Янаул қалаларын трансформациялау жоспарларын негізге алдық. Олардың архитектуралық стилі, тарихы және климаттық жағдайлары ұқсас. Былтыр тұрғындар арасында жүргізілген сауалнаманың нәтижесінде үш басты проблема анықталды: қалалық инфрақұрылым, мәдени әлеуметтік сала және экология. Біз ұсыныстарымызды бірнеше санатқа бөлдік. Біріншісі – қалалық инфрақұрылым, екіншісі – мәдени демалыс, үшіншісі – жасыл экономика және төртінші біздің туризм жөніндегі ұсынысымыз» деп хабарлады спикер.  

Дамыту аясында 10 негізгі және 6 шағын көше жаңарып, 150-ден астам ғимараттың қасбеті басқаша кескінделмек. Жоспарда жаяу жүргіншілерге арналған велосипед ортасын дамыту тұжырымдамасы да бар.