Тұрмысы төмен азаматтар жалдап тұратын баспана ақысының 50 пайызын мемлекет өтейтін болды. Оған ел бюджетінен 50 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.
ҚР ИИДМ жеке жылжымайтын мүлік секторынан баспаны жалға алу шығынының бір бөлігін мемлекет өтейтін жоба жазып шыққан. Соның аясында табысы төмен 70 мыңға жуық отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс.
Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдарда 590 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 210 мыңы – 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы семьялар.
«70 мың өтініш берушінің табысы өте төмен, яғни 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Оның ішінде 51 мыңы – көп балалы, 10 мыңы – мүгедек, 7 мыңы – мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы және 2 мыңы – жетім балалар. Оларды қысқа мерзім ішінде баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатта ҚР ИИДМ жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлем тағайындау қағидаларын әзірледі» деді министр.
Атаулы көмек қағидаты азаматтар мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігіне негізделген, яғни 50%-ы бюджет есебінен жабылса, қалған жартысын өтініш беруші төлейді.
Бағдарлама операторы ретінде Отбасы Банкі анықталды. Банк мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы кезекте тұрғандардың үйге мұқтаждық өлшемдеріне сәйкестігін тексереді.
Өтініш берушілерге қойылатын басты талаптар:
- ҚР азаматы болуы тиіс;
- отбасының әр мүшесіне шаққанда соңғы 6 айдағы жиынтық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы керек;
- расталған жалдау шарты қажет;
- Сонымен қатар, әкімдік кезегінде өтініш берушінің мәртебесін тексеру қарастырылған.
Министрлік ұсынған нұсқада төлем тағайындау үшін банкке электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен жүгінуге болады. Бұл ретте төлемдерді тағайындауға арналған өтінішті және пәтер жалдау шартын бекіту қажет. Отбасы құжаттарын тексергеннен кейін Банк 10 жұмыс күні ішінде ақша қаражатын есептеуі тиіс.
Министрлік өлшемдер мен талаптарға, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құнына қатысты ережелер әзірледі. Биыл 70 мың азаматты қолдауға 50 млрд теңге бөлу қажет. Республикалық бюджетке жүктемені азайту үшін жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру қажет болады. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосуды биыл мамыр айына жоспарлап отырмыз» деді ҚР ИИДМ басшысы.