Новости

5 облыстың тұрғындарын алдап кеткен алаяқ әйел ұсталды

Ол WhatsApp арқылы “Криптовалюта” атты топ құрып, ақша жымқырған

Түркістан полицейлері бес облыстың тұрғындарын алдап кеткен алаяқ әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып арызданды. Ол арызында танымайтын әйел WhatsApp арқылы «Криптовалюта» атты топ құрып, ақшаңды еселеп беремін деп алып, қайта қайтармай қойғанын жеткізеді. 

Алаяқ жәбірленушіден бас-аяғы 200 мың теңгеге жуық ақша алған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеп, жедел жұмыстарды жүргізді.

Яғни, әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен банктік есепшоттарды тексерді. Жәбірленушіден жауап алу арқылы алаяқтың әрбір ісіне болжам жасап, анықтау жұмыстарын күшейтті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде күдікті әйел тәулік ішінде анықталды. Ол 30 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты.

 Тексеру жұмыстары кезінде алаяқ әйелдің бұдан бөлек 17 тұрғынды осындай жолмен алдап, ақшаларын алғаны анықталды.

 Әйелдің құрбандары – Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының тұрғындары. Олар алаяқтың жалған сөзіне сеніп, бірнеше реттен 5 000 – 200 000 теңге аралығындағы ақшаларын аударып отырған.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі – 2 миллионнан асады. Қазіргі уақытта күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.