Парламент Назарбаевты саяси бастамаларды мақұлдау құқығынан айырды

Жарияланды
Мәжіліс сенат ұсынған түзетуді мақұлдады

Сенаттың «Тұңғыш президент туралы» заңнан маңызды саяси бастамалар Нұрсұлтан Назарбаевпен келісілуі тиіс деген норманы алып тастау» туралы түзетуін бүгін мәжіліс қолдады. Заң мемлекет басшысының ол қоюына жіберіледі.

Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің басшысы Арман Қожахметов Конституция мен  президент туралы заң баптарына сәйкес, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын президент белгілейтінін атап өтті.

«Заң жобасын парламент сенатында қарау барысында қосымша түзету енгізілді. Атап айтқанда, сенат мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасымен келісуді көздейтін бапты алып тастауды ұсынды. Себебі Конституцияға сәйкес, республика президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды. Сондай-ақ ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік етеді. Қорыта айтқанда, парламент енгізген өзгеріспен келісуді ұсынамыз» деді мәжілісмен, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.

27 қаңтарда Сенат депутаттары «Тұңғыш Президент туралы» заңнан  мемлекеттің ішкі және сыртқы мәселелеріне қатысты бастамалар Елбасымен келісілуі керек норманы алып тастауды ұсынған еді. Сонымен қатар Назарбаевтың ҚР Қауіпсіздік кеңесі  мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығын жоятын түзетулерді мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз