Орта Азиядағы блэкаут: апатқа не себеп?
Жақында Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстан, Өзбекстанда бір уақытта жарық сөніп қалған еді. Осы блэкаутты тергейтін арнайы комисия құрылған. Ол жарық неге сөнгенін, себеп-салдарын анықтайтын болады. ОКҚ-да өткен брифингте энергетика энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша бұған дейін мұндай апат болмаған.
«Біреуді кінәлауға әлі ерте, өйткені қазір энергетика вице-министрінің жетекшілігімен арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Себептер жан-жақты қарастырылуда… Қазақстанда барлық автоматика бірден іске қосылып, бұл солтүстік транзиттің ажыратылуына және оңтүстіктегі бірқатар станциялардың оқшау жұмыс істеуіне жағдай жасады. Автоматика неге іске қосылды? Өйткені оңтүстіктегі көршілерімізде желінің жиілігі 50-ден 47 Гц-ке дейін төмендеді, бұл стандартты емес және автоматиканың негізгі міндеті бүкіл жүйеге зиян келтірмей жұмыс істеу болды» деді министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстан 4 сағаттың ішінде барлық жүйені тез қалпына келтіріп үлгерген. Сондай-ақ, осы уақытта Қырғызстанда да жағдай қалыпқа келген.
«Өкінішке қарай, өзбекстандық әріптестер ұзақ уақыт жағдайды қалпына келтіре алмады. Өзбекстандағы апат себебі туралы ештеңе айта алмаймыз. Өзіміз туралы айтсақ, біздің жүйе тұрақты жұмыс істеп, өзінің тұрақтылығын көрсетті. Сондықтан ауыр апат болған жоқ, біз 4 сағаттың ішінде жүйені тез қалпына келтіре алдық. Бұл жақсы нәтиже. Шектеулер тек күндіз ғана болды, кешке максимум жүктемеге жеттік. Қазір анықтап жатырмыз. Тергеу нәтижелері белгілі болған кезде қосымша ақпарат беріледі» деп жауап берді ведомство басшысы.
Энергетика министрі электр жүйесіне заңсыз қосылатын майнерлер бүкіл жүйеге өз әсерін тигізетінін жеткізді.
«Цифрлық майнинг субъектілеріне қатысты министрлік бірқатар шаралар қабылдады. Ол энергия жүйесінің тұрақты жұмысын сақтау, халықты энергия жүйесімен толық қамтамасыз ету және экономиканың нақты секторларын ондаған мың жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге негізделген. Энергетика министрлігі электр қуатымен нарықты жабдықтау мәселесімен айналысады. Ал үкіметтің құзыретті органдарының біріккен жұмысының нәтижесінде заңсыз қосылған майнерлер анықталады. Қазіргі кезде нақты шаралар белгіленген. Нәтижесі қосымша хабарланады» деді спикер.