Қандай мамандықтарға деген сұраныс 2022 жылы да сақталады
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) Болжамдау департаментінің деректері бойынша Қазақстанда ағымдағы жылы жалдамалы жұмыскерлердің саны 6,8-6,9 млн адамды құрайды.Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.
Жалдамалы жұмыскерлерге сұраныс 188,6 мың адамды құрайды, оның жартысы жұмыстан шығатын жалдамалы жұмыскерлерді алмастыру сұранысына сай келеді. Сонымен қатар, күзетшілер, бухгалтерлер, сатушылар мен жүргізушілер еңбек нарығында ең танымал болып және жаппай сұраныста қала береді.
«Өңірлер бойынша неғұрлым елеулі жиынтық сұраныс, жұмыстан шығатын жалдамалы жұмыскерлерді алмастыру бойынша сұранысты қоса алғанда, Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы және Жамбыл облыстарында орын алатын болады. Ал салалар бойынша білім беру, ауыл шаруашылығы және сауда бағыттарының қызметкерлері көбірек талап етіледі», – деді ЕРДО Болжамдау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.
Сарапшылардың айтуынша, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыруды ескере отырып, жалпы еңбекке қабілетті жастағы халық саны ағымдағы жылы 11,4 млн адамға жетеді (2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 98 мыңға өседі).
«Ағымдағы жылы жұмыс күшінің саны 9,2-9,3 млн адамды құрайды, яғни жалпы өткен жылдың деңгейінде сақталады. Алайда, біздің болжамымыз бойынша, еліміздің үш ірі қаласында экономикалық белсенді халықтың жиынтық саны осы қалалардағы жастар үлесінің артуы салдарынан және көші-қон себептері бойынша 54 мың адамға өседі», – деп бөлісті Дмитрий Шумеков.
Сондай-ақ, болжамдарға сәйкес, жұмыссыздар саны 461-465 мың адам деңгейінде болады, ал жұмыссыздық деңгейі 5% – дан аспайды.
Білім беру жүйесі тарапынан орта мектепті шамамен 261 мың адам бітіреді немесе тастап кетуі мүмкін деп күтілуде, оның ішінде 109 мың адам – тоғызыншы сыныптан кейін, ал 152 мың адам – 11 (12) сыныптан кейін шығып кетуі ықтимал. Колледждерге осы саннан 131 мыңға жуық адам, жоғары оқу орындарына 103 мың адам барады. Қалған бұрынғы оқушылар қатарынан азаматтар Қазақстаннан тыс жерлерге шығады (~10 мың адам) немесе еңбек нарығына шығады (~17 мың адам).
Ағымдағы жылы ТжКБ-ны шамамен 145 мың адам табысты аяқтайды деп күтілуде, оның ішінде 90 мыңы – негізгі орта білім базасында және 49 мыңы –жалпы орта білім базасында, оның ішінде шамамен 16,4 мың адам жоғары білім беру ұйымдарында оқуын жалғастырады. Бұдан басқа, жоғары оқу орындарынан жоғары білімі бар 163,5 мың адам және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар 20 мыңға жуық адам шығарылатын болады.
Жалпы алғанда, білім беру деңгейлері арасындағы күрделі ауысуларды ескере отырып, еңбек нарығына шамамен 295 мың жұмыскер шығады деп күтілуде. Базалық сценарий кезінде жалдамалы жұмысшыларға қажеттілік, бұрын айтылғандай, 188,6 мың адамды құрайды. Тиісінше, қалған 106 мың адам жеке немесе объективті себептер бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтуға, оның ішінде жеке кәсіпкерлер мәртебесіне көшуі мүмкін.