«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалы Алмалы аудандық фронт-офисінде филиал басшылығы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мамандары және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қоғамдық қабылдау өтті. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалы хабарлады.
Шара қала тұрғындарының мемлекеттік қызметтерді алудағы түйткілді сұрақтарына жауап беру, құқық бұзушылықтарға төзбеу қағидатын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
«Біз мұндай қоғамдық қабылдауларды бұрын да өткізіп тұратынбыз. Пандемия салдарынан біраз уақыт тоқтап тұрды. Енді қайта қолға алып, әр аудандағы ХҚО бөлімдерінде қызмет алушылармен бетпе-бет кездесіп, мәселелерінің шұғыл шешілуіне ықпал етпекпіз. Шара тұрғындарға қаншалықты пайдалы болса, олардың сын-ескертпелері арқылы біз де қызмет ұсыну үдерістерін жетілдіре беретін боламыз», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.
Өткен аптада Медеу ауданының қызмет алушылары, ал бұл жолы Алмалы ауданының тұрғындары мемлекеттік қызмет алуға қатысты сұрақтарына жауап алды. Аудан тұрғыны Айгүл Сәбитқызы толық емес отбасы ретінде үй кезегіне тұру жолын сұраса, Жадыра Аманова оңалту бойынша біржолғы төлемдер туралы, Сергей Александров тұрғылықты мекенжайының өзгерістеріне қатысты, Елена Андреева мемлекеттік актіні электрондық форматта алу сияқты сұрақтармен келсе, Раиса Сергеева пәтерінде тұрған бұрынғы тұрғындарын тіркеуден шығару жолын сұрады.
Іс-шара барысында 50-ге жуық қызмет алушының сұрақтары тыңдалып, кейбір мәселелерді Департамент өз құзіретінің шегінде бақылауға алды. Сұрақтардың басым көпшілігі әлеуметтік саласына, жер және құжаттандыру мәселелеріне қатысты болды.
«Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде мемлекеттік қызметтер көрсету барысында халықтың көп кедергілерге тап болмай, сапалы қызмет алуына жаңдай жасау. Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – мемлекеттік органдардың ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету. Қалыптасқан сындарлы диалогта нәтижеге қанағаттанған және мемлекеттік органдардың жұмысы туралы оң пікірлерін қалдырған азаматтардың бірқатар қажеттіліктері шешілді», – дейді Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы қаласы департаментінің өкілі Мақсат Жаңбыршиев.
Бұл шара барлық санитарлық нормаларды, сонымен қатар әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өткізілді.
Мұндай қоғамдық қабылдаулар қаланың әрбір ауданындағы фронт-офистерде (ХҚО) апта сайын өтіп тұрады дейді ұйымдастырушылар.