Ким Чен Ын Бейжің Олимпиадасы туралы пікір білдірді
Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын Қытай төрағасы Си Цзиньпинге Олимпиада ойындарының басталуымен құттықтау жолдап, ол Бейжіңдегі Олимпиаданы «социалистік Қытайдың ұлы жеңісі» деп атады. Бұл туралы Йонхап агенттігі Кореяның орталық ақпарат агенттігіне (KCNA) сілтеме жасап хабарлайды.
«Жаһандық денсаулық дағдарысы мен бұрын-соңды болмаған қиын жағдайларға қарамастан Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының сәтті ашылуы социалистік Қытайдың тағы бір ұлы жеңісі», – деді КХДР басшысы.
Сондай-ақ Ким Чен Ын Си Цзиньпинге алдағы уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына тұрақты түрде жәрдемдесетініне сендірді.
Қаңтар айының басында КХДР «дұшпандық күштер» мен коронавирустық пандемияға байланысты Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын мәлімдеді.