2021 жылы құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 4 мың шақырымы қамтылды. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы құны 300,2 миллиард теңге болатын 349 жоба жүзеге асырылды. 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды, оның ішінде 1 мыңы – тұрақты, 7 мыңы – уақытша.
Республика бойынша 2,6 мың шақырым автожол пайдалануға берілді. Атап айтқанда, жергілікті жолдардың 19 шақырымы салынды, 152 шақырымы қайта жаңартылды, 220 шақырымы күрделі жөндеуден өтті, 2,2 мың шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді.
Аудан орталықтарын облыстармен байланыстыратын жолдар да жөнделуде.
Іске асырылған ірі жобалардың қатарында Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысын, Ақтау қаласының курорттық аймағында жолдар салу және реконструкциялау, Атырау облысындағы «Индер-Миялы», Ақтөбе облысындағы «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы», Алматы облысындағы «Алматы-Лепсі» жобаларын айтуға болады. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалаларда көшелер дамытылып жатыр.
Жыл қорытындысында жергілікті жолдардың нормативті жағдайдағы үлесі 80%-ға жеткізілді. Былтыр бұл көрсеткіш 75% еді.
Облыстық және аудандық автожолдар жергілікті атқарушы органдарға қарасты екенін айта кету керек. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өз кезегінде жыл сайын жергілікті жолдар желісін дамытуға мақсатты трансферттерді паритеттік негізде бөлуде. Яғни, 50 пайызы республикалық бюджеттен, қалғанын жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттен бөледі.
Жалпы еліміз бойынша жергілікті жолдардың ұзындығы 71 мың шақырымнан асады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2020-2025 жылдары облыстық және аудандық маңызы бар 27 мың шақырым жолды құрылыс жұмыстарымен қамту көзделіп отыр.