11 айда ірі бизнестің 876,6 млрд теңге қарызы кешірілген

Жарияланды
Банктердің таза пайдасы 78 пайызға өскен

Ұлттық Банктің кредиттік тіркелім дерегі бойынша, 2021 жылдың 11 айында ірі бизнестің 876,6 млрд теңге берешегі есептен шығарылған. Бұл туралы ҚНРДА банктерді реттеу департаментінің директоры Олжас Қизатовтың банк секторының ағымдағы ахуалына қатысты берген түсініктемесінде айтылады. 

2021 жылы банк секторын төлемге қабілетсіз банктер мен ұзақ уақыт жинақталған қайтарымсыз қарыздардан тазалау ісі аяқталған. Банк секторының активтері 2021 жылы 20,7%-ға артып, 37,6 трлн теңгені құрады.

 «Ал несие портфелі есепті жылы 28,0%-ға өсіп, 20,2 трлн теңгені құрады. Несие портфелінің құрылымындағы өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен  қарыздардың (NPL) үлесі жыл басындағы 6,9%-дан 3,9%-ға дейін төмендеді. Оған себеп – корпоративтік сектордың  проблемалық берешегі айтарлықтай бөлігінің есептен шығарылуы. Мәселен, Ұлттық Банктің кредиттік тіркелім дерегі бойынша, 2021 жылдың 11 айында ірі бизнестің 876,6 млрд теңге берешегі есептен шығарылды» делінген ҚНРДА таратқан хабарламада. 

Алдын ала дерек, бойынша, 2022 жыл басынан бері банк секторының негізгі қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған. 

Жиынтық активтер 2022 жылы 859 млрд теңгеге немесе 2,3%-ға төмендеді, бұл негізінен РЕПО операциялары бойынша мәмілелерді өтеу есебінен қалыптасқан. Несие портфелі 498 млрд теңгеге немесе 2,5%-ға азайды, оған себеп – 478 млрд теңгеге РЕПО мәмілелерін өтеу.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының банк секторы капиталдандыру көрсеткіштерінің, сондай-ақ өтімділік көрсеткіштерінің барынша тұрақты екенін байқатқан. Банк секторын капиталдандыру 23,4%-ды құраған, бұл тәуекелдердің ағымдағы деңгейіне қатысты капиталдың елеулі буферін куәландырады және болашақта ықтимал тәуекелдерді еңсеруге мүмкіндік береді. 

2021 жылы банк секторы қызметі табысты болған. Банктердің таза пайдасы 78%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.

Қизатовтың айтуынша, депозиттік база 2021 жылы 21%-ға немесе 4,5 трлн теңгеге артып, 26 трлн теңгені құрады. Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиті  – 12,6 трлн теңге, жеке тұлғалардың депозиті 13,4 трлн теңгені құрайды.
 

Сондай-ақ оқыңыз