2022 жылы ел экономикасы 3,9-4,2 пайызға өсім көрсетуі мүмкін
Президент инфляцияны төмендету туралы жиі айтып жүр. Халықты қан қақсатып тұрған ең бірінші проблема – қымбатшылық екені айтпаса да түсінікті.
Ал Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, ҰБ биыл жыл соңында инфляция дәлізін 6-6,5 пайызға оралтуды көздеп отыр. Ішкі және сыртқы инфляциялық қысымдарға байланысты 2021 жылдың ортасынан бері ҰБ-ның базалық пайыздық мөлшерлемені 3 рет көтергені белгілі.
«Инфляция 8,9-дан 8,4 пайызға дейін баяулады. Алайда базалық инфляция траекториясы инфляция төмендеуінің тұрақсыздығын көрсетіп отыр. Бұл биыл қаңтарда ол кенеттен 8,5 пайызға жеделдеген кезде де байқалған. Инфляциялық процестердің тұрақсыздығын бақылай отыра ҰБ 24 қаңтарда базалық ставканы 50 базалық тармаққа, 10,25 пайызға дейін көтерді. ҰБ наурыз айында кезекті болжамдық раунд кезінде 2022 жылға арналған инфляция бағалауын жаңартатын болады» деді Пірматов.
Бұл ретте ол баға өсімін төмендету үшін ҰБ-ның әрі қарай дезинфляциялық ақша-несие саясаты жалғаса беретінін мәлімдеді. Бұған үкіметтің тауар нарығында теңсіздікті жоюға арналған жүйелік шаралары да қосылуы тиіс.
Сонымен қатар Пірматов 2022 жылы ел экономикасы 3,9-4,2 пайызға өсім көрсетуі мүмкін деп мәлімдеді. Сондай-ақ Пірматов үкіметтің кеңейтілген отырысында цифрлық теңгені енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру жайын да айтып берді.
«2021 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізу бойынша пилоттық жобаны бастады. Қазіргі уақытта платформа прототипін жасау жұмыстары аяқталды, 2021 жылдың желтоқсан айында пилоттық жоба нәтижесі бойынша қорытынды баяндама жасалды. Биыл цифрлық теңгені енгізу моделі бойынша түпкілікті шешім пайда мен шығындарды бағалай отырып әзірленеді» деді Ұлттық банк төрағасы.
Ол сондай-ақ Ұлттық төлем жүйесінің 2022 жылдың 1 шілдесінде іске қосу жоспарланып отырғанын да мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық банк 2021 жылғы қарашада Ұлттық төлем жүйесінің компоненттері – карточкалық транзакцияларды өңдеу үшін төлем карточкаларының банкаралық жүйесін және мобильді онлайн төлемдерге қызмет көрсету үшін лездік төлемдер жүйесін пилоттық режимде іске қосты. Ұлттық төлем жүйесінің жұмыс істеуіне қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді. Жүйені толық көлемде іске қосу осы жылғы 1 шілдеге жоспарланып отыр» деді.
Пірматов айтқан тағы бір дерек – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің кірістілігін арттыру жұмыстарының жалғасатыны.
«Зейнетақы жинақтарының 2,6 трлн теңге сомасында мерзімінен бұрын алынуына қарамастан зейнетақы активтері 13 трлн теңгеге дейін 152 млрд теңгеге өсті. Өткен жылғы инвестициялық кірістің көлемі – 1,4 трлн теңге, зейнетақы жарналарының көлемі – 1,3 трлн теңге, зейнетақы төлемдерінің көлемі – 268 млрд теңге болды. Зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі – 2,7 пайыз. 2022 жылы портфельді одан әрі әртараптандыру арқылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің кірістілігін арттыру жұмысы жалғасатын болады» деді Ғалымжан Пірматов Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сонымен қатар ол бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына 596 млрд теңге инвестиция салғанын да атап өтті. Бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноталарына салған инвестициясының көлемі 596 млрд теңгені құраған.
«Ұлттық банк пен Қаржы министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарындағы нарықтық инвесторлардың үлесі 2020 жылғы 32,7 пайызға қарағанда 2021 жылы 69,2 пайызға дейін өсті. Талап етілетін өтеу мерзімі 1 жылдан 5 жылға дейінгі мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыру үлесі 53 пайыз болды. 2021 жылы бейрезиденттердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық банктің ноталарына салған инвестициясының көлемі 596 млрд теңге болды. 2022 жылы кірістіліктің тартымды деңгейлері және мемлекеттік бағалы қағаздарын халықаралық индекстерге енгізу аясында шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныс мемлекеттік бағалы қағаздары нарығындағы өтімділікті одан әрі арттыруға ықпал ететін болады» деді ҰБ төрағасы.