Мемлекет жалға алу ақысының тең жартысын төлейді. Жаңа бастаманы кімдер пайдалана алады?

Жарияланды
«Отбасы банк» төрағасы түсіндірді

2022 жылдың мамыр айында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады. Осы орайда «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова ең өзекті сауалдарға жауап берді.

Ибрагимованың айтуынша, бұл төлемдер – тұрғын үй жалдайтын жекелеген отбасыларға бюджет қаражаты есебінен өтеусіз негізде берілетін, өтемақы түріндегі мемлекеттік қолдау. Ескеретін жайт, бұл төлемдер коммуналдық төлемдерді қамтымайды.

«Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй төлемі тепе-теңдік негізде жүзеге асырылады, 50 пайыз – бюджет қаражаты есебінен, 50% пайызы төлем алушының өз есебінен. Осылайша, егер мұқтаж отбасы пәтерді 120 мың теңгеге жалдаса, онда 60 мың теңгені өзі төлейдіғ ал 60 мың теңге бюджет қаражаты есебінен өтелетін болады. Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйде тұратын азаматтар бұл бағдарламаға қатыса алмайды» дейді басқарма төрағасы.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Отбасы банк» АҚ-на әкімдіктер қалыптастыратын, бірыңғай республикалық электрондық базасындағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімін банктің сұратуы бойынша 3 жұмыс күні ішінде жібереді.
Өтініш беруші (үміткер) жеке тұрғын үй қорынан жалға алып отырған баспананың 1 шаршы метрінің жалдау ақысы АЕК коэффициентіне байланысты есептеледі.

«Жалға алынатын тұрғын үй 1 шаршы метрінің бағасы АЕК мөлшеріне байланысты жыл сайын қайта есептеледі және тиісті күнтізбелік жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін жарамды. Жалдау ақысының жоспарлы мөлшері аймақ пен отбасы мүшелерінің санына байланысты» деді Л.Ибрагимова.

ЭЦҚ-ны пайдаланып электронды өтініш бергеннен кейін «Отбасы банк» мемлекеттік деректер базасын пайдалана отырып, үміткердің белгіленген шарттарға сәйкестігін тексеріп, төлем тағайындау немесе бас тарту туралы жауап ұсынады.

Бұл ретте ұсынылған құжаттарды қарау мен тексеру мерзімі 10 жұмыс күнінен аспайды. Жалға алу келісімшарты арнайы үлгі бойынша «Отбасы банк» платформасында жасалады және оған жалға алушы мен жалға беруші қол қояды.

«Жалға алу келісімшарты бұзылған немесе тоқтатылған кезде, жалға алушы «Отбасы Банкке» жүгініп, келісімшарт бойынша төлемдерді басқа жалға берушіге тағайындау туралы өтініш жолдай алады» дейді Ибрагимова.

Төлем келесі жағдайларда тағайындалмауы мүмкін:

  • Өтініш берушінің отбасы 4 мұқтаж топ санатына жатпаса және/немесе әр отбасы мүшесіне шаққандағы табыс 36 018 теңгеден асып кетсе;
  • Мақұлдау алғаннан кейін өтініш берушінің мәртебесі төлем АЛУШЫ-ға ауыстырылады;
  • Өтініш мақұлданғаннан кейін «Отбасы Банк» төлемдерді тағайындап, оны жалға берушінің келісімшартта көрсетілген шотына аударады. Алайда бұл әрекет орындалуы үшін жалға алушы жалдау ақысының 50 пайызы арнайы ағымдағы шотта жатуын қамтамасыз етуі қажет.

Төлемдер ай сайын, қолма-қол ақшасыз аударылады.

Ескеретін жәйт, үйді жақын туыстары мен жұбайларынан, оның ішінде бұрынғы жұбайынан, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстарынан жалға алуға болмайды.

Жақын туыстарға: ата-анасы (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інісі мен апа-сіңлісі (қарындастар), аталар, әжелер, немересі жатады.

Жоғарыда айтып өткендей отбасының (азаматтың) соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әр мүшесіне шаққандағ 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Осылайша, отбасының бір мүшесінің табысы айына 36 018 теңгеден аспауы керек деген шарт бар. Ибрагимова мұны былай түсіндіреді.

«Мысалы жұмыс істейтін әкесінің жалақысы 250 мың теңгеге тең көп балалы отбасыны алайық (6 адам). Жеке табыс салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын төлегеннен кейін, жан басына шаққандағы отбасы табысы шамамен 33 мың теңгеге тең. Яки бұл отбасы төлем талап ете алады деген сөз» дейді «Отбасы банк» басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз