Несие шартына қол қойғанға дейінгі бес қадам
Қарыз алушыға арналған жадынама
Несие шартына қол қойғанға дейінгі бес қадам. Бұл туралы Fingramota.kz сайты айтып берді.
№1 қадам. Шарттың форматына және титул парағының болуына көңіл аударыңыз.
Қарыз туралы негізгі ақпарат титул парағында болады. Ол қарыз шартына міндетті түрде қоса беріледі және шарттың ажырамас бөлігі болып табылады. Титул парағының форматы барлық кредиттік ұйым үшін бірдей.
Титул парағында мыналар болуға тиіс:
қарыздың сомасы мен мерзімі;
сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері;
өтеу әдісі және тәсілі;
шартта қарыз алушының негізгі борышты ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу құқығы болған кезде – осы құқықты іске асыру үшін қарыз алушының банкке тиісті өтінішпен жүгіну қажеттігі туралы ақпарат;
шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін айыпақының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері;
қарыз алушының банкке банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, кірістері және басқа да расталған жағдайлары (фактілері) туралы мәліметтер қамтылатын жазбаша өтініш беру құқығы туралы ақпарат.
№ 2 қадам. Шарттың жалпы талаптарын мұқият оқып шығыңыз және, егер бір нәрсе түсініксіз болса, оған қол қойғанға дейін менеджерден нақтылаңыз.
Шарттың жалпы талаптарында берілетін қарыз туралы мынадай негізгі ақпарат қамтылады:
– шарт жасалған күн;
– қарыздың сомасы мен мерзімі;
– қарыздың және шарттың қолданылу мерзімі;
– қарыз бен сыйақыны өтеу кезектілігі және тәртібі (тараптардың келісуі бойынша касса, терминал арқылы), кезеңділігі;
– егер кредит кепілді болса, онда кредиттік ұйымдар жалпы талаптарда қамтамасыз етуді көрсетуге тиіс;
– кредиттік ұйымның деректемелері;
– қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде кредиттік ұйым қабылдайтын шаралар.
№3 қадам. Қарызды өтеудің өзіңізге қолайлы әдісін анықтап алыңыз.
Кредиттік ұйым кредиттік ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес сараланған, аннуитеттік немесе басқа әдісті ұсына алады.
Сараланған әдіс негізгі қарызды тең үлестермен өтеуді білдіреді. Ай сайынғы төлем ай сайын азайып отырады, себебі негізгі қарыз тең үлестермен өтеледі, ал пайыздар қарыздың қалдығына есептеледі. Егер сіз қарызыңызды мерзімінен бұрын өтеуді жоспарласаңыз, бұл тиімді әдіс.
№4 қадам. Тараптардың жауапкершілігіне қатысты ақпаратты мұқият оқып, зерделеңіз. Кредитор алдындағы міндеттемелерді бұзған жағдайда шартта көрсетілген комиссиялар мен айыппұл санкцияларына ерекше назар аударыңыз.
Қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту деп мыналар түсініледі:
банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге төлемдерді азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;
айыпақыны (айыппұл, өсімпұл) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық жою;
банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және (немесе) бөліп төлеу;
қарыздың шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына ауыстыру кезінде шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыз бойынша ақшалай міндеттемені азайту жағына қарай өзгерту.
№5 қадам. Кредит бойынша төлеу мерзімі өтіп кеткен жағдайда сіздің әрекеттеріңіздің алгоритмін менеджерден нақтылап сұрап алыңыз.