Жеке тұлғаның банкроттығы: Кімдер банкрот бола алады?
Жақын арада елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданады. Әзірге заң жобасы көпшілік талқысында тұр. Қаржы министрлігінің өкілдері брифинг өткізіп, заң жобасының ерекшеліктерін түсіндірді. Олардың айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты банкроттық рәсімнің 3 түрін енгізу ұсынылмақ.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің сөзінше, бірінші жағдайда азаматты бірден банкрот етпей, төлем қабілетін қалыпқа келтіруге тырысады.
«Тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды төлеуге 5 жылға дейін бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және 5 млн теңгеден асатын берешек кезінде сот органдарымен бекітіледі. Ол үшін екі тараптың – борышкер мен кредитордың келісімі қажет. Жоспарда көзделмеген жағдайлардың барлығы, мысалы, мүлікті сату, қолданылмайды. Бұдан кейін тұрақты табыс пен берешекті өтеу бойынша перспективалар болмаған жағдайда, банкроттықты екі түрде қолдану ұсынылады: Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Оны үш жағдайда қолдануға болады: банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдында 5 жылдан астам мерзімі өткен азаматтар; егер қарыз 12 ай ішінде өтелмеген болса, қарыз сомасы 300 мың теңгеден аспауы керек және қарызды өтеуге болатын мүлік жоқ; сондай-ақ, 5 млн теңгеге дейінгі қарызы 6 ай ішінде өтелмеген азаматтар банкроттық рәсімін бастай алады» деп түсіндірді спикер.
Соттан тыс банкроттықты қолдану туралы өтінішті азамат «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы береді. Сондай-ақ, «Е-салық азамат» қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Құжаттарды қабылдағаннан кейін талаптарға сәйкестігіне (мүліктің болмауы, мерзімін өткізіп алу мерзімдеріне сәйкестігі және басқалары) автоматтандырылған тексеру жүргізіледі.
Қарызы 1600 АЕК немесе 5 млн теңгеден асқан азаматтар сот банкроттығын қолдана алады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады.
«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды. Қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Бірақ, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайтынын ескерген жөн» деп атап өтті спикер.
Қаржы министрлігі өзіңізді банкрот деп жарияламас бұрын ойлануға шақырады
«Заң жобасында банкроттықтан кейін азамат 5 жыл бойы қарыз, несие рәсімдей алмайды. Сонымен қатар, банкроттықтан кейін азамат емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда, 3 жыл бойы елден тыс жерлерге шыға алмайды. Азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады. Ол өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары және ары қарай қандай қаражат көздері есебінен өмір сүре алатынын ойлануы қажет. Жалпы, банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға борыштық жүктемесінен құтылуға және белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді» деді Сұлтанғазиев.
2022 жылғы 20 қаңтарда Қаржы министрлігі жанынан Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды. Олар «Банкроттық туралы» заң жобасымен жұмыс істейді.
Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша:
- 1 ақпанда Заң тұжырымдамасы мен Заң жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында орналастырылды;
- 3 ақпанда Тұжырымдама мен Заң жобасы Қоғамдық және Сараптамалық кеңестердің мүшелеріне жолданды;
- 4 ақпанда Заң жобасына Тұжырымдама заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралды.
Спикер әзірленіп жатқан заң жобасының маңыздылығын ескере отырып, Мемлекеттік кірістер комитеті барлық конструктивті ұсыныстарды қарауға дайын екенін жеткізді.
Егер жеке тұлға банкрот деп танылса, оның банктегі қарызы толық кешіріле ме? Оның шетелге шығуына неге шектеу қойылды?
«Жеке тұлға банкрот деп танылған жағдайда, оның банк алдындағы қарызы толық кешіріледі. Ол банкке арызданғанда көрсеткен қарыздар толық жойылады. Оның шетелге шығуына тыйым салу сот орындаушылардың шешімімен белгіленеді. Бұл шектеу қарызы, салықтық берешегі болған жағдайда қойылады. Банкрот болып жарияланған адам қарызын өтемеген болып есептеледі. Бұл халықаралық практикада бар. Заңда қарастырылған. Дегенмен, жеке тұлғаны экономикалық белсенділікке тартуымыз керек болғандықтан, ол шетелге жұмыспен бара жатса, сыртқа шығып табыс көздерін тауып жатса, ондай мүмкіншілік беруге болады. Оны талқылаймыз» деді қаржы вице-министрі.
Ал қасақана және жалған банкроттық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
«Егер несие алушылардың алдау, мүлікті жасыру фактілері анықталса, заңнамамен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Атап айтқанда, бірнеше АЕК төлеуден бас бостандығынан айыруға дейін. Сондай-ақ, белгілі бір лауазымдарды атқаруға шектеу қою түріндегі санкция бар» деді.
Сонымен қатар Сұлтанғазиев банкрот деп танылған адамдарды қаржыландыратын, несиелейтін қаржы ұйымдарына қандай жазалар қолданылуы мүмкін екенін де айтты.
«Егер заңға сәйкес тіркелген банк немесе несиелеу мекемесі болса, әрине, реттеуші оған лицензияны тартып алуға дейін талаптар қояды. Себебі, заңмен бес жылдық мерзім белгіленеді. Басқалары банкрот болған азаматтарға несие бере отырып, тәуекелге барады. Біріншіден, бұл заңсыз кәсіпкерлік қызмет, ол үшін жауапкершілік қарастырылған, тиісінше, бұл үлкен тәуекел. Бұл мекеме осындай қарызды қайтару бойынша жауапкершілікті мойнына алады. Егер оған қарыз қайтарылмаса, оны сот органдары арқылы өндіріп алу мүмкін болмайды» деп ескертті спикер.