Жаңалықтар

Түркістан: Арыста  тойхана иелері бағыттарын өзгертті

Енді салтанат сарайы спорт орталықтарына айналмақ

Фото:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысы, Арыс қаласында тойхана иелері кәсіптік бағытын ауыстырып, қызметін басқа салаға бейімдеп жатыр. Қуантарлығы, оның бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік салаға бағытталса, енді бірі жастарды олимпиадалық спорт түрлеріне дайындайтын орталыққа айналуда. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жақын күндері Арыс қаласының іргесінде орналасқан Ақдала ауылдық округінде бұрынғы 500 орындық салтанат сарайы 1200 баланы қабылдауға қауқарлы спорттық бағыттағы ғимарат болып ауысқалы жатыр. Санаулы күннен кейін іске қосылатын спорт орталығында бокс, дзюдо, қазақ күресі мен би үйірмесі жұмыс істейтін болады. Жасөспірімдердің тегін жаттығатын орталығына тәжірибелі мамандар жан-жақтан арнайы шақыртылған.

Жастардың шынығып, шымыр болуына жағдай жасаған жас кәсіпкер Әлібек Құралбек «табыстан гөрі туған жерді түлетуге құмарттым» дейді.

Айта кетейік, Арыста бұған дейін де бір тойхана «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы болып бейімделген болатын. Мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бос уақытын тиімді үйлестіруге жағдай жасалған. Аптасына бес күн жұмыс істейтін нысанда үстел теннисі, жаттығу залы мен ой-өрісті дамытуға арналған түрлі жабдықтар қойылған. Тіпті, тәжирибелі маманның массажы мен кітапханасы да бар. Мұнда қызметке қабылданған жұмысшылар да мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған.

Жалпы бүгінде Арыс қаласында орналасқан 18 тойхана бар болса, қазіргі кезде соның 5-еуі нысаналы мақсатын ауыстырып, әлеуметтік бағытта ел игілігіне қызмет етуде.