ҚР Үкіметі отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елдімекендерді салу жоспарларын ескере отырып, коммуналдық инфрақұрылым қуатын арттыру бойынша болжам жасау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы қалай орындалатынын баяндады. Бұл туралы ҚР ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
Министрдің айтуынша қазіргі уақытта қалалардың бас жоспарларының нормативтеріне және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес тіршілікті қамтамасыз ету көздеріне деген қажеттіліктің алдын ала есебі дайындалған.
«2025 жылдың соңына дейін жоспар бойынша 70 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оған 1,5 ГВт электр энергиясы, 2,9 мың Гкал/сағ жылу энергиясы, 3,3 млрд. текше метр табиғи газ, 887 мың текше метр сумен жабдықтау және 749 мың текше метр су бұру қажет болады. Бұл есеп салалық тұжырымдаманы әзірлеу кезінде 2022-2025 жылдарға арналған электр энергиясы мен қуаттарының болжамды теңгерімін қалыптастыру үшін Энергетика министрлігіне жіберілді», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Сонымен қатар, ҚР ИИДМ өңірлердің әкімдіктерімен бірге энергия ресурстарына қажетті көлемді анықтайтынын айтты. Жұмыс нәтижелерін ҚР Энергетика, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар сияқты салалық министрліктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлау кезінде ескереді.