Жаңалықтар

Дамушы нарықтардағы валюталардың серпіні оң болды

Тәуекел-сентиментінің жақсаруынан және Украина айналасындағы шиеленістің жеңілдеуінен

Фото:inbusiness.kz

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 11 ақпанда теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,9%-ға (432,93 теңгеден) нығайып, 1 АҚШ доллары үшін 429,1 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.

 Дамушы нарықтардағы валюталардың серпіні көбінесе тәуекел-сентиментінің жақсаруынан және Украина айналасындағы шиеленістің жеңілдеуінен оң болды.

Бірақ аптаның соңына қарай АҚШ Еңбек статистикасы федералды бюросы деректерінің шығуы (қаңтарда АҚШ-тағы инфляция 7,5%-ға дейін жеделдеп, 40 жылғы ең жоғары көрсеткішті жаңартты)  мен жұма күні Украина төңірегіндегі геосаяси жағдайдың ушығуы аясында жағдай өзгерді. Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

Оңтүстік Африка ранды мұнай бағасының жоғары болуы және шетелдік капиталдың әкелінуі аясында 1,6%-ға (15,46-дан 15,21-ге дейін) нығайды;

Бразилия реалы шетелдік капиталдың әкелінуі аясында 1,5%-ға (5,33-тен 5,25-ке дейін) нығайды;

Мексика песосы инфляциялық қысым аясында Орталық банктің базалық мөлшерлемені 6%-ға дейін көтеру жөніндегі шешіміне байланысты 0,7%-ға (20,68-ден 20,54-ке дейін) нығайды;

түрік лирасы Қаржы министрінің айырбастау бағамын тұрақтандыру мақсатында банк саласына алтын тартуға бағытталған жаңа шаралар туралы сөйлеген сөзі аясында 0,4%-ға (13,55-тен 13,49-ға дейін) нығайды;

Индонезия рупиясы жаһандық тәуекел-сентименттің қалпына келуі аясында 0,2%-ға (14380-нен 14347-ге дейін) нығайды;

үнді рупиясы АҚШ-та инфляцияның күткеннен де жоғары болуы және мұнайдың белгіленген жоғары бағасы аясында 0,9%-ға (74,7-ден 75,38-ге дейін) әлсіреді;

Ресей рублі Орталық банктің негізгі мөлшерлемені 9,5%-ға дейін арттыруына қарамастан, Украина төңірегіндегі эскалация аясында 1,9%-ға (75,74-тен 77,2-ге дейін) әлсіреді