Несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін қандай құжаттарды ұсыну қажет?
«Несие бойынша кейінге қалдыру» дегеніміз нені білдіреді? Бұл сұраққа fingramota.kz сайты жауап берді.
Банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешектің пайда болу жағдайларын болдырмау мақсатында Агенттіктің 2022 жылғы 10 қаңтардағы бұйрығымен Төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібі бекітілді. Кейінге қалдыруды алу үшін Сіз кредиттік ұйымға, Сіздің жағдайыңызда банкке ағымдағы жылдың 4 сәуірін қоса алғанға дейін тиісті өтінішпен жүгінуіңіз қажет, содан кейін кредитор кейінге қалдыру мүмкіндігін беру туралы тиісті шешім қабылдайды.
Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру:
– қарыз мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қалдырылған төлемдерді біркелкі бөлу түріндегі төлемдердің жаңа кестесін белгілеу;
– төлемдер мөлшерін сақтай отырып, қарыз мерзімін ұлғайту;
– кредиттік ұйым қарыз алушымен келіскен банктік қарыз және (немесе) микрокредит шартының талаптарын өзгерту нәтижесінде өзге кесте арқылы беріледі.
Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру кезеңіне кредиттік ұйым :
– қарыз алушының банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) есептемейді және төлеуді талап етпейді;
– банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша негізгі борыш сомасына есептелген және мерзімі өткен сыйақыны, айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) капиталдандыруды (жинақтауды) жүзеге асырмайды.
Кейінге қалдыруды ұсынудан негізсіз бас тартылған жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне растайтын құжаттарды қоса бере отырып жүгінуге құқылысыз. Агенттік сіздің өтінішіңіздің негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастама жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін оның іс-әрекеттеріне баға береді.
Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру үшін қандай құжаттарды ұсыну қажет?
Кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру қаржылық жай-күйінің нашарлауын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру себебін қамтитын еркін нысанда жасалған қарыз алушының өтініші негізінде беріледі. Мысалы, қаржылық есептілік, залалдың фотосы/бейнесі, жұмыс орнынан табысынан айырылу туралы анықтама, ауруханадан анықтама және т.б. Өтініш кредиттік ұйымға 2022 жылғы 4 сәуірді қоса алғанға дейін берілуі мүмкін.