2021 жылы қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 2020 жылмен салыстырғанда екі есе өсті. Қазақстандықтар былтыр 73,1 трлн теңгеге қолма-қол ақшасыз операция жүргізген.
2021 жылы қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі ай сайын өсіп отырды. Тек қараша айында бұл өсім тоқтап қалып, қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 70 миллиард теңгеге қысқарды.
Дәл сол кезде ел сенаты Салық кодексінде мобильді аударымдарды реттейтін түзетулерді қабылдады. Бұл түзету мен өзгерістің мақсаты – кәсіпкерлердің тауар мен қызмет ақысына мобильді аударымдар арқылы алатын кірісін көлеңкеден шығару. «Мобилді төлем» түсінігі, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға тауар мен қызмет ақысын арнайы есепшотқа қабылдау мәндеттелді.
Яғни, кәсіпкерлерге мобильді аударымдарды жеке және «бизнес-класс» аударымдарына бөлу қажет делінген. Кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдалана отырып, кіріс алу белгілерін анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесін дамыту да қарастырылды.
Осы жаңалықтың аясында кейбір ШОБ өкілдері 1 желтоқсаннан бастап банктер салық органдарына тиісті ақпаратты бере бастайды деген сөзге сенді. Үй жанындағы шағын дүкендер, жеміс-жидек пен көкөніс сатушылар, құрылыс базарындағылар, тіпті такси жүргізушілері қолма-қол ақша талап етіп, мобильді аударым арқылы төлем қабылдаудан бас тарта бастады. Шенеуніктер мен банкирлер бірден түсініктеме берді.
Kaspi «Жалпыға бірдей декларацияны кезең-кезеңімен енгізу туралы» заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызмет белгілерінің бар-жоғы туралы ақпаратты беру тек 2025 жылдан басталатынын хабарлады.
2025 жылға дейін жеке кәсіпкер және мемлекеттік қызметші емес жеке тұлғалар үшін ештеңе өзгермейді. «Жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға салық салынбайды» деп түсіндірді банк. Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері де осыны айтып, тек 2025 жылдан бастап банктерден барлық жеке тұлғаларға қатысты ақпарат алынуы мүмкін деп атап өтті.
Нәтижесінде, қараша айында саудагерлер мобильді төлем қабылдаудан бір-екі күнге ғана бас тартса да, ол қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемінің 2020 жылдың сәуірінен бері алғаш рет айтарлықтай төмендеуіне әкеп соқты. (Ол кезде карантин шектеулері мен іскерлік белсенділіктің төмендеуі салдарынан қолма-қол ақшасыз транзакциялар көлемі 395 млрд теңгеге төмендеген еді).