Жаңалықтар

Шенеуніктің шығыны кірісінен асып кетсе, қандай шара қолданылады?

Кірісі мен шығысында үлкен алшақтық болса ғана айыппұл салынады

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары мемлекеттік қызметшілердің шығыны ресми кірісінен асып кетсе, оларды жазалауды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Егер бұл заң қабылдандаса, ас та төк өмірге үйренген шенеуніктер жұмысынан айрылуы мүмкін.

Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, оларға теңестірілген адамдардың, олардың жұбайларының да шығыны мен кірісінің сәйкестігіне бақылау енгізеді.

Мәжіліс отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосының басшысы осыған қатысты түсініктеме берді.

«Сыбайлас жемқорлық арқылы тапқан табыс пен мүлікті жасыру схемалары бәріне белгілі. Бұл жасырын байлық екенін және оның заңсыз табылғанын дәлелдеу оңай емес. Сондықтан азаматтардың шығыны олардың заңды табысынан негізсіз асып кетсеғ тиісті шаралар қабылдау қажет».

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Кіріс пен шығыста үлкен айырмашылық болса ғана тиісті шаралар қолданылады. Мәселен, егер шығыс пен кіріс алшақтығы 1000 АЕК-тен асып кетсе, мемлекеттік қызметшіге осы соманың 90 пайызындай әкімшілік айыппұл салынады.

Егер шығыс пен кіріс айырмашылығы мемлекеттік қызметшінің жылдық табысынан асып кетсе, онда ол мемлекеттік қызметтен 3 жылға шеттетіледі. Ахметжанов бұл ретте әркімге шығынының заңды екенін дәлелдеуге мүмкіндік берілетінін атап өтті.

Осы ретте депутаттар шенеуніктердің кірісі мен шығынында ұомаұты айырмашылық болса ғана жауапкершілікке тартылатынын сұрады.


«Бұл жалпы қабылданған стандарттар. Біз бір мәселені реттеуге тырысып, екіншісіне зиян келтіріп алуымыз мүмкін, Сондықтан мемлекеттік қызметкерлерді қудалаудың қажеті жоқ. Бірақ, заң жобасы алдағы уақытта жетілдіріліп, оған түзетулер енгізілетін болады. Қазір енгізіліп жатқан өзгерістер маңызды».

Марат Ахметжанов


Агенттің басшысы бұл норма кенеттен, бірден байып шыға келгендерге қатысты болатынын айтып өтті. Егер шенеуніктің сыбайлас жемқорлыққа қатысы болса, онда ол жұмыстан айырылу, айыппұл арқалаумен шектелмейді, оған Қылмыстық кодекс баптары қолданылады.

Заңнамада айтылған өзгерістерді 2027 жылдан қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс – 2021 жылы басталған жалпыға ортақ декларациялаудың заңды жалғасы.

Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметкерлер өз табыстарын жариялаған еді. Ол кезде 440 шенеуніктің шетелдік банктерде шамамен 700 млрд теңгесі жатқаны анықталған болатын. 2023-2024 жылдарға сай келетін екінші кезеңде мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері декларация тапсырады. Ал үшінші кезең – 2024-2025 жылдары заңды мекеме басшылары мен құрылтайшылары, 2025-2026 жылдары қалған барлық азаматтар декларация тапсырады.