Жаңалықтар

Ипотека: алу қажет пе, жоқ па?

Ипотеканың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай

Ипотека көптеген қазақстандықтар үшін жылжымайтын мүлік сатып алудың немесе тұрғын үй жағдайын жақсартудың бірден-бір тәсіліне айналды. Статистикаға жүгінсек, банктен қарыз алушы – бұл 39 жастан 41 жас аралығындағы азаматтар, оның ішінде басым бөлігі барлық қарыз алушылардың жалпы санының 60% – ын құрайтын нәзік жандылар. Бұл ретте, ресімделген ипотекалық тұрғын үй қарыздарының орташа сомасы әйелдер қауымында төмен, ол 13 млн теңгені құрайды, ал ерлер орта есеппен 15,2 млн теңге сомаға кредит ресімдейді екен. Бұл туралы Fingramota.kz сайты мәлімдеді.

Аралық қарыз кезінде кредиттеудің мынадай түрлері көзделген:

Стандартты – негізгі борышты өтеумен. Ең жоғарғы қарыз мерзімі – 25 жыл.

Жеңіл – негізгі борыш бойынша төлемді кейінге қалдырумен өтеу. Мерзімі аяқталғаннан кейін: аннуитет немесе негізгі борышты тең үлестермен және азаятын қалдықтан сыйақы төлеу. Ең жоғарғы қарыз мерзімі – 9 жыл.

Жеңіл 2 – тұрғын үй қарызына өткенге дейін аралық қарыз бойынша негізгі борыштың 50%-ын өтеу. Ең жоғарғы қарыз мерзімі – 25 жыл.

Ипотеканың артықшылықтары және кемшіліктері 

Қазақстандықтардың бір бөлігі ипотека үшін төлеу тиімсіз деп санайды, ал кейбір отандастарымыз тәуекелге барудан және қарыз ресімдеуге қарағанда жалға берілетін тұрғын үйде тұру жеңіл екеніне сенімді. Ипотеканы қашан таңдау керек? Сіз алдағы 10-20 жылда көшуді жоспарламасаңыз. Сізде бастапқы жарна және банктің ұсынған талаптарында ай сайынғы төлемдерді төлеу мүмкіндігі болса.

Ипотеканың артықшылықтары:

өзіңіздің жеке меншік баспанаңыз;

кейбір жағдайларда ай сайынғы төлем пәтер жалдағанға қарағанда арзанырақ;

сіз өзіңіздің меншігіңіз үшін төлейсіз және қажет болған жағдайда оны кез келген уақытта сатуға болады;

жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар;

көп жағдайларда ипотеканы ресімдеу кезінде қарыз алушылар мүлікті сақтандыруды да алады.

Ипотеканың кемшіліктері:

бастапқы жарнаның міндеттілігі;

табысты міндетті түрде растау;

өтеу кестесін сақтау керек, банкпен жасалған шарттың талаптарын сақтау қажеттілігі.

Ипотекалық кредитті ресімдеген кезде неге назар аудару қажет?

1. Қарыз алуды жоспарлап отырған банкті таңдау. Кредит алу үшін банк таңдау кезінде сіз жалақы алатын банкке назар аударыңыз, әдетте олар жалақы жобасы бар корпоративтік клиенттер үшін жеңілдіктер ұсынуы, мысалы пайыздық мөлшерлемені төмендете алуы мүмкін.

2. Барлық талаптарды, пайыздық мөлшерлемені және бағдарламалар бойынша ықтимал жеңілдіктерді салыстыру. Қазіргі уақытта Қазақстанның ипотека нарығында банктердің жеке бағдарламаларымен қатар мемлекеттік бағдарламалар да бар. Азаматтардың белгілі бір санаттары үшін жеңілдіктер мен оңтайлы талаптар ұсынатын бағдарламалар бар. Мысалы, Отбасы банктегі «Әскери ипотека», «Бақытты отбасы» бағдарламалары.

3. Ипотеканы өтеу тәсілін таңдау. Олар екеу – аннуитеттік және диференциалды. Банктер қарыз алушыға ипотеканы өтеу тәсілін таңдау құқығын ұсынуға міндетті.

Кредитті өтеудің аннуитеттік тәсілі – бүкіл кредиттеу мерзімі ішінде кредитті тең бөліктермен ай сайынғы төлемдер жасаумен өтеу. Бұл тәсілді қолдану кезінде бастапқыда ай сайынғы төлемнің басым сомасы пайыздарды өтеуге, ал ең төмен сома негізгі борыш пен кредиттің өзін өтеуге жұмсалады.

Дифференциалды тәсіл, әдетте, ай сайынғы төлемнің көбірек болуын көздейді, кредит біркелкі өтеліп, негізгі борыштың қалған сомасына пайыздар есептеледі, осыған байланысты өтелетін ай сайынғы сома да өзгеріп отырады.