Капиталы ірі компаниялар ондығына кім енді?

Жарияланды
Финтех компаниялар үздіктер қатарынан табылды

Қазақстандағы капиталы ең жоғары үздік 10 компания қатарына: Kaspi Bank, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Халық банкі, «Алтынтау Көкшетау» АҚ, ForteBank, KEGOC, «ҚазТрансОйл» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ енді.

Бірінші орынды 7,52 трлн теңге капиталмен Михаил Ломтадзе басқаратын Kaspi Bank иеленген.

Kaspi Bank – елдегі үш ірі банктің бірі. Банк Kaspi.kz қосымшасы арқылы инновациялық қаржылық қызмет пен өнім ұсынады.

2014 жылдың қарашасында Kaspi Shop іске қосылды. Бұл – тауар бағасын салыстыруға және оны несиеге сатып алуға арналған онлайн агрегатор. 2016 жылдың тамыз айында тұтынушыларға тауар ақысын бөліп төлеуге мүмкіндік беретін Kaspi Red бағдарламасы таныстырылды. 2016–2017 жылдары Kaspi Gold және Kaspi.kz қосымшасы жұмыс істей бастады.

2020 жылы банктің таза табысы 231,5 млрд теңгеге жеткен,  бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 32,2%-ға артық.

Kaspi.kz АҚ негізгі  ірі акционерлері Вячеслав Ким – 23,25%, Baring Vostok Funds – 27,66% пен Михаил Ломтадзе – 22,44%.

Екінші орын

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ капиталы 7,5 трлн теңгеге жетті. Компанияны Алик Айдарбаев басқарады.

Кәсіпорын 2002 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен «Қазақойл» ҰОК» ЖАҚ және «Мұнай және газ тасымалдау мұнай-газ» ЖАҚ бірігуінің негізінде  құрылды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акционерлері  – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (90,42%) мен  Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (9,58%).

Кәсіпорын еліміздегі мұнай мен газ конденсаты өндірісінің  25 пайызын, сондай-ақ табиғи және ілеспе газ өндірісінің 15 пайызын қамтамасыз етеді. Оның магистральдық құбырлары арқылы Қазақстан мұнайының 56 пайызы тасымалданады. Қазақстанның МӨЗ-дерінде мұнай өңдеудегі үлесі 81% құрайды.

2020 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 21 752 мың тонна мұнай және 8 191 миллион м3 ілеспе және табиғи газ өндірді. Мұнай тасымалы 73171 мың тоннаны, ал газ тасымалы 86590 млн.м3 құрады. Мұнай өңдеу зауытында 18 077 мың тонна мұнай өңделген.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ  – 60 мыңнан астам қызметкері бар ірі жұмыс берушілердің бірі.

Үшінші орын

Үшінші орында 3,91 трлн теңге капиталымен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тұр. Серіктестік басшысы – Мәжит Шәріпов.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші.

Компания акцияларының 85%-дан астамына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ иелік етеді, 14,92%-ы –  Астана халықаралық биржасы мен  Лондон қор биржасында еркін айналымда.

«Қазатомөнеркәсіп» уранды тек Қазақстанда ғана өндіреді және 300 000 тоннаны құрайтын  ең ірі уран қоры бар.

Қазақстандық уран концентраты азаматтық атом энергиясы қажеттілігінің 40%-ын қамтамасыз етіп,  атом электр станциялары жұмыс істейтін барлық елге дерлік жеткізіледі.

Халық банкі

Елдегі әмбебап коммерциялық банк 1,72 триллион теңге капиталмен тізімде төртінші орында тұр. Банк басшысы –  Үміт Шаяхметова.

Халық банкі –  Қазақстандағы ең сенімді және әртараптандырылған қаржы институттарының бірі. 2001 жылы Халық банкін жекешелендіру өз клиенттеріне барынша кең сапалы қызмет түріп ұсыну үшін бизнесті қайта құрылымдауға мүмкіндік берді.

Банк Visa International, MasterCard International, China Union Pay төлем жүйелері карталарын шығарады және қазақстандық төлем карталары нарығында көшбасшы болып келеді. Айналымдағы  банк карталарының жалпы саны 9 млн-нан асты, бұл Қазақстандағы төлем карталарын пайдаланушылардың шамамен 40%-ын құрайды.

Halyk Bank акционерлері – «Almex Holding Group» АҚ (56,39%) және The Bank of New York (23,27%).

Бесінші орын

«Алтынтау Көкшетау» АҚ 690 млрд теңге капиталымен бесінші орынға табан тіреді. Компанияны Игорь Когай басқарады.

«Алтынтау Көкшетау» – мыс, бағалы металдар мен қорғасын өндіруде үлесі басым біріктірілген мырыш өндірушісі. Компания кәсіпорындары Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды ​​облыстарында орналасқан.

Компания 1997 жылы құрылған. Бас инвестор – Glencore International AG. Бұл мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс өндіретін «Қазцинк» ЖШС-нің 100% еншілес кәсіпорны.

ForteBank

Алтыншы орында 496 млрд теңге капиталдандырумен ForteBank тұр. Банк басшысы – Рейнис Рубенис.

«ForteBank» АҚ жетекші қазақстандық банктердің бірі және  қаржы нарығында 20 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.

Банктің түпкі бенефициары, оның жай  акцияларының 87,45%-ның иесі –  Болат Өтемұратов, акцияларының 7,66%-ы жаһандық депозитарлық қолхат түрінде ұсынылған, базалық активі –  ForteBank қарапайым акциялары.

«ForteBank» АҚ-ның 20 филиалы мен 100-ге жуық бөлімшесі жұмыс істейді.

KEGOC

Жетінші орында –   484 млрд теңге капиталмен «KEGOC» АҚ. Серіктестік басшысы – Қуаныш Молдабаев.

«KEGOC» АҚ 1996 жылы құрылған. Компания Қазақстанның магистральдық электр желілері (220, 500, 1150 кВ кернеудегі электр беру желілері мен қосалқы станциялары) жүйелік операторы. Сондай-ақ Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы электр энергия саудасы операторы.

KASE мәліметінше, оны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мемлекеттік холдингі (компания акцияларының 90%-ы), мен  БЖЗҚ (7,25%)  бақылайды.

Кәсіпорын активтеріне жалпы ұзындығы 26 997,923 км болатын кернеуі 0,4-1150 кВ 376 электр желілері кіреді. Сондай-ақ кәсіпорында кернеуі 35-1150 кВ трансформаторлардың жалпы белгіленген қуаты 38 746,05 МВА 81 электр қосалқы станциялары жұмыс істейді.

Сегізінші орын

Бұл сатыда капиталы 425 млрд теңгені құрайтын «ҚазТрансОйл» компаниясы орналасқан. Оны Сәбит Арынов басқарады.

«ҚазТрансОйл» АҚ – Қазақстан Республикасының магистральдық мұнай құбыры ұлттық операторы. ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км болатын магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына және экспортқа мұнай тасымалдайды.

Компанияның өндірістік нысандары Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында орналасқан.

Кәсіпорын табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілген.

«Маңғыстаумұнайгаз»

Тізімдегі тоғызыншы орында 394 млрд теңге капиталмен  «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тұр. Серіктестік басшысы – Дәулетжан Хасанов.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 1963 жылы құрылған қазақстандық мұнай-газ кәсіпорны. Компанияның бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасқан. «Маңғыстаумұнайгаз» – Қазақстандағы бес ірі мұнай-газ компаниясының бірі.

KASE мәліметі бойынша, компания акцияларының 90 пайызына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ иелік етеді. 9,58% – ҚР Ұлттық Банкіне  тиесілі.

Оныншы орын

Соңғы орында 380 млрд теңге капиталмен «Қазақтелеком» компаниясы тұр. Серіктестік басшысы – Қуанышбек Есекеев.

«Қазақтелеком» АҚ – Қазақстандағы ең ірі телекоммуникациялық компания, ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие. 1994 жылы құрылған.

Бас кеңсесі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, аймақтық бөлімшелер Қазақстанның түкпір-түкпірінде орналасқан.

2000 жылдардың ортасынан бері «Қазақтелеком» АҚ жыл сайынғы айналымы ондаған миллиард теңгені құрайтын ең табысты кәсіпорындар рейтингінде тұрақты түрде жоғары орын иеленіп келеді.

«Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның ірі қалаларын жоғары жылдамдықты цифрлық ағынмен байланыстыратын көліктік талшықты-оптикалық сақина – Ұлттық ақпараттық супермагистральға иелік етеді.

51% акциясына иелік ететін негізгі акционері –  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ,  ал  бағалы қағаздарының 24,46%ы-  Skyline Investment Company S.A. тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз