Райымбек Баталов «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы болып сайланды
«Атамекен» ҰКП кезектен тыс ІХ съезінде Райымбек Баталовтың кандидатурасын Ұлттық палатаның төралқа мүшелері ұсынды. Съезд делегаттары дауыс берді. Олардың 255-сі қолдап, 9-ы қарсы болып, 38-і дауыс беруден бас тартты.
Райымбек Баталов өз сөзінде палатаны реформалау үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді.
Ол 2013 жылдан бері палатаның төралқа төрағасы қыметін атқарып келген Тимур Құлыбаевтың орнына келді.
Айт кетейік, Тимур Құлыбаев 17 қаңтар күні «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы қызметінен кетті.
Райымбек Баталов 1970 жылы 21 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын бітірген.
1992-1998 жылдары – «Райымбек» компаниясы директорының орынбасары, бас директоры. 1998-2004 жылдары – «Райымбек» компаниясының президенті, «Райымбек» компаниялар тобы Директорлар кеңесінің төрағасы, «Raimbek Group» ЖШС-ның президенті қызметтерін атқарған. 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі болған. 2004 жылдан – Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлерінің форумы кеңесінің төрағасы, «Raimbek Group» холдингі компанияларының Директорлар кеңесінің төрағасы.