Қазіргі таңда Қазақстанда не көп — тұрғын үй салумен айналысатын компания көп. Олардың санын мыңдап санауға болады. Бәсеке жоғары болғандықтан, клиентке талас та мықты. Қайсысына барсаңыз да, өзінің сенімді екенін айтып, нарықта ойып тұрып орын алғанын тілге тиек етуге тырысады. Десек те, барлығының сөзіне сене беруге болмайды. Оған себеп — Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы ондаған тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай, құрылыс компанияларының жауапкершіліктен қашуы. Яғни компания таңдауда қателессеңіз, ақшаңыз көкке ұшады. Қайтарған күннің өзінде ол жолда біршама тер төгуіңіз керек болады.
Мұндай мәселе біздің Қазақстанда ғана емес, күллі әлем елдерінде бар. Соған байланысты әр ел өз заңнамасында барынша салымшыларды қорғаудың амалдарын қарастырады. Әсіресе, тәжірибесіз салымшылар осы тұзаққа түсіп қалып жатады. Егер алданып қалса, инвестордың іші ашитындай-ақ жағдай. Өйткені басым көпшілігі жылжымайтын мүлікті бір-ақ рет алып, оған өзінің бар жиған-тергенін құяды. Ал оны бір сәтте әлдекімдер иеленіп кетсе, өзіңіз бағамдай беріңіз.
Заң демекші, біздегі заңнама туралы айтып өтелік. Қазақстанда үлескерлер құқығы 2016 жылдың 7 сәуірінде қабылданған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» № 486-V З сәйкес қорғалады. Тұрғын үй құрылыс компаниясын қалай таңдау керек, келісімшарт жасасқанда нені ескеру керек, бұл процесс қалай жүреді, бәрін заң аясында қалай істеу керек? Осы сауалдарға толығырақ жауап алу үшін Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасымен бірлесіп, осы материалды әзірледік.
Құрылыс компаниясын қалай таңдаймыз?
Енді салына бастайтын не қазір салынып жатқан тұрғын үйден пәтер алғысы келген адам ең алдымен, қандай құрылыс компаниялары барын, олардың ұсынысын қарауы керек. Соның ішінде ең маңыздысы — құрылыс компаниясын таңдау. Ол үшін сізге бірінші кезекте, құрылыс салушы туралы барынша көп ақпарат жинау қажет. Яғни олардың бұрын салған көппәтерлі тұрғын үйлеріне анализ жасаңыз. Бұрын қай жерде және қандай үй салған? Олардың сапасы қанша, елдің арыз-тілектеріне көз салыңыз. Құрылысты бітіріп беретін мерзімін сақтады ма, әлде кешіктірді ме?
Одан соң шаршы метріне қаншадан деп жатыр — соны біліп алыңыз. Олардың қойған бағасы ойға қонымды ма? Яғни сол маңдағы үйлердің шаршы метрі қаншадан? Егер салыстыра келгенде әлгі ұсынылған баға біршама арзандау болса, жерден жеті қоян тапқандай қуана жөнелмеңіз. Бұл қайта ойлану керек дегенді білдіреді. Неліктен арзан баға қойып қойған? Оған қандай негіз бар?
Құжаттарды тағы бір қарап шығыңыз.
Пәтерлерді сату жөніндегі уәкілетті компанияның жарғылық капиталына жүз пайыз қатысу арқылы меншікті немесе тартылған ақша есебінен көп пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға ғана құрылыс салушы бола алатынын есте сақтаңыз.
Уәкілетті компанияның:
- мемлекет берген уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен немесе меншік құқығымен тиесілі жер учаскесі;
- кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысымен көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы болуы міндетті.
Одан соң назар аударатын тағы бірнеше жайт бар. Заңды немесе жеке тұлғалар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу үшін шарт жасасу мақсатында компаниядан ақпарат талап еткен жағдайда уәкілетті компания мемлекеттік және орыс тілдерінде ақпарат беруге міндетті:
1) Құрылыс салушының және уәкілетті компанияның атауы мен заңды мекенжайы туралы;
2) Мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді) растайтын анықтаманы;
3) Кепілдік шартының болуы туралы, Бірыңғай оператормен жасасқан және Бірыңғай оператордан кепілдік алу арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру жағдайында оның негізгі шарттары;
4) Екінші деңгейдегі банк жобасына қатысу арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырған жағдайда үлескерлерден ақша тартуға жергілікті атқарушы органның рұқсатының болуы немесе көппәтерлі үйдің қаңқасы салынғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілі туралы;
5) Құрылыс салушы өткізген көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысы жобалары туралы;
6) Құрылысы болжанатын көппәтерлі тұрғын үй құрылысы объектісі туралы;
7) уәкілетті компанияның жер учаскесіне тиісті құқығын растайтын құжаттың болуы туралы;
Егер сіз құжаттарға онша болмасаңыз, осы саланы жақсы білетін, тәжірибелі маманды тартқаныңыз дұрыс. Кейін алданып қалып, ақшадан айырылғанша, сала маманын қосып, сенімді болып отырған жақсы. Құрылыс салушыны таңдау маңызды мәселе екенін ескеру керек. Өйткені, сізге пәтер беру міндеттемесін құрылыс салушы көтереді.
Үлестік құрылысқа қатысу шарттары қалай жасалады?
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша түрде жасалады және шарт Заңның 12-бабында көзделген тәртіппен көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан жеріндегі жергілікті атқарушы органда есепке қойған кезден бастап жасалған болып есептеледі. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың үлгі нысаны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 28 шілдедегі № 345 бұйрығымен бекітілген.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, уәкілетті компанияның ұсынуымен көппәтерлі тұрғын үй орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органда есепке алынуға тиіс. Шарт egov.kz порталында есепке қойылғаннан кейін ғана құрылыс салушы (уәкілетті компания) сізден ақша алуға құқылы.
Сізді қалай алдап түсіруі мүмкін?
Құрылыс салушылар үлестік құрылысқа қатысу шартын жасасудың орнына мынадай заңсыз әрекеттерге баруы мүмкін. Бұл схемалар сенімсіз компаниялар арасында аса танымал:
- инвестициялау шарты;
- бірлескен қызмет туралы шарт;
- үлестік құрылысқа қатысуға алдын ала жасалған келісімшарты;
- әлі салынбаған (болашақта салынатын) жылжымайтын мүліктің алдын ала жасалған сату-сатып алу келісімшарты;
- жоғарыда аталған келісімшарттар бойынша қойылатын талаптар құқықтарына жол беру жөніндегі келісімдер.
- пәтерді брондау немесе брондау шарты және т. б.
Егер құрылыс салушы үлестік қатысу шартынан басқа қандай да бір шарт жасасуды ұсынса, мұндай құқықтық қатынастар заңсыз болып саналатынын және Заң талаптарын бұза отырып жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылатынын есте сақтаңыз! Сонымен бірге барлығын заң аясында жасасқан жағдайда ғана сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз қорғалатынына кепілдік беріледі. Осы ретте үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты бар тұрғын үй кешендерінің тізімін назарыңызға ұсынып отырмыз. Тізіммен танысу үшін мына сілтеме бойынша өтіңіз. Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, сондай-ақ «алаяқтық схема бойынша» пәтерлерді сату фактілері бойынша сұрақтарыңызды: 8-727-240-80-00 (Ішкі нөмірі: 221) немесе uaigkz@mail.ru арқылы жолдай аласыздар.