Бұрынғы қорғаныс министрі ұсталды
Еліміздің бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
«2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады» делінген бас прокуратураның хабарламасында.
2022 жылғы 20 ақпанда М.Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жарияланбаған.
Мұрат Бектанов 19 қаңтарда қызметінен алынып, орнына Руслан Жақсылықов тағайындалған еді. Тоқаев Бектановқ қатысты «қажет кезде әскери күшті жұмылдыра алмады» деген болатын. Бұл өз кезегінде елміздің ҰҚШҰ-дан бітімгерлік көмек сұрауына себеп болды.
Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов 1965 жылы туған. Киев жоғары жалпы әскери командалық училищесін (1988); Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери академиясын (1998-2000); Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының әскери академиясын (2005-2007) бітірген.
2016-2019 жылдары — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы, 2019-2021 тамыз аралығында — Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы. 31 тамыздан 19 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметін атқарған.