Бұл сұраққа БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі жауап берді
БЖЗҚ-ның әрбір салымшысы мен алушысының зейнетақы жинақтары жеке зейнетақы шотына келіп түсетін жарналар мен есептелетін инвестициялық кірістен құралады. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнетақы активтерін басқарушылар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және инвестициялық портфельді басқарушылар – қысқаша ИПБ) инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың түрлі секторларындағы сан алуан қаржы құралдарына, әр түрлі валюталарға орналастырады. Мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді. Инвестициялық кіріс – бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы түріндегі кірістерден, қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау түріндегі кірістерден, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістерден және т. б. құралады.
Нарықтық және валюталық қайта бағалаудан түскен кіріс жекелей алынған кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Сондықтан инвестициялық қызметтің нәтижесінде шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері әр түрлі болуы ықтимал. Салымшылар мен алушылар оған 2022 жылдың басынан бері көз жеткізуде. Мәселен, қаңтарда сыртқы және ішкі қаржы нарықтарындағы тұрақсыздыққа, оның ішінде Қазақстандағы төтенше жағдайдың салдарынан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ депозитарлық қолхаттары, ҚР Қаржы министрлігінің облигациялары және кейбір шет мемлекеттердің үкіметтік облигациялары сияқты қаржы құралдарының әділ (нарықтық) құны төмендеген болатын. Сонымен бірге, бұл эмитенттер тұрақты болып қалды, сәйкесінше олардың құны уақыт өте келе қалпына келіп, өсуі мүмкін.
Сонымен қатар, зейнетақы жинақтары қаржы құралдарына әр түрлі валютада инвестицияланды. 2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске де әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін. 2022 жылдың қаңтар айында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 431 теңгеден 433 теңгеге дейін әлсіреді. Осылайша, қаңтарда зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты. Содан кейін ақпан айының басынан бері ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 430 теңгеге дейін нығайды және тиісінше ақпан айында зейнетақы активтерін теріс валюталық қайта бағалау есептелді. .
Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдау орынды. Қысқа мерзімді деректер (апта сайынғы, ай сайынғы және т.б.) – айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені, ол нарықтың үнемі өзгеруіне тәуелді.