Жыл басынан бері қазақстандықтарға 234,7 млрд теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді
Елімізде зейнеткерлер саны 2 млн 245 мыңнан астам адамды құрайды
2022 жылғы қаңтарда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 234,7 млрд теңгеден астам, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 71,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 163,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 245 мыңнан астам адамды құрайды.
2022 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 105 291 теңгені құрады.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалғанын еске салайық.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.
Егер бір ай ішінде МЗЖ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.