Қазақстан халқының қаржылық сауаты өткен жылмен салыстырғанда аз болса да (0,45 пайызға) көтеріліп, 39,52 пайызды құраған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өлшемдері ескерілетін қаржылық сауаттылық индексін есептеу әдіснамасы мынадай үш көрсеткішті талдауды қамтиды: меншікті қаржы қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2021 жылы өз қаржысын басқару туралы, қаржы жүйесі, құралдар мен қызметтер туралы жеткілікті ақпарат пен білімі бар қазақстандықтар саны арта түскен. Бұл ретте, қаржылық тұрғыдан неғұрлым хабардар қала тұрғындары, негізінен ер адамдар екен.
«Меншікті қаражатты басқару» критерийі бойынша Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай және Қызылорда облыстары көш бастайды. Өз қаражатын басқарудың орташа дағдыларына Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ие.
«Ер адамдар әйелдерге қарағанда өз қаржысын басқару процесіне көбірек төселген. Ортадан жоғары көрсеткіш жоғары білі барлар, дара кәсіпкерлер, жеке компаниялар мен мемлекеттік мекеме өкілдерінде байқалады. 18-29 жас аралығындағы жастарға және 60-75 жас аралығындағ азаматтарға келетін болсақ, олар осы маңызды дағдыны игеруде қиындықтарға тап болады» делінген зерттеуде.
Әлеуметтану зерттеуі көрсеткендей, респонденттердің жартысына жуығы (44,8 пайызы) отбасылық немесе жеке бюджетті жүргізеді және өздерінің шығындарын мұқият қадағалайды. Сондай-ақ ел тұрғындарының:
• 42,8 пайызының жеке бюджеті бар екенін;
• Сұралғандардың үштен бірі (29,9%) жұбайымен (зайыбымен) бірлескен бюджетті жүргізетінін;
• Көбі (46,3%) олардың сатып алуға мүмкіндігі бар-жоғын мұқият ойластыратынын;
• 0,6% мұндай бағалауды жасамайтындығын айтқан.
Сауалнамаға қатысқандардың:
• 36,4%-ы тұрақты жинақ жасайды;
• 37,9%-ы мүмкіндігіне қарай белгілі бір ақша сомасын жинайды;
• 36,04%-ында шығындарды жоспарлау әдеті бар;
• 37,1% кейде мұны істеуге тырысады;
• 2,2%-ы ешқашан жасамайды;
• 9,08%-ы кейде ақша салу арқылы тәуекелге баруға дайын (мысалы, бағалы қағаздарға);
• 18,4%-ы мұны жасауға мүлде дайын емес.
«Қаржылық қызметтерді пайдалана білу» бойынша неғұрлым жоғары деңгей Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ең төмен көрсеткіш – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстарында.
Сауалнама нәтижелері респонденттердің арасында танымал қаржылық қызметтер мен өнімдерді анықтады, олар:
- Тауар кредиті (37,4%);
- Ағымдағы шот (32,6%);
- Банктік депозит (29,3%).
Ал зейнетақы аннуитеті (1,08%), білім беру депозиті (0,72%), акция, облигациялар және инвестициялық пай қорларының танымалдылығы төмен екен (0,16%).
«Зерттеу көрсеткеніндей, орта жас (25-тен 45 жасқа дейін) өкілдері жас буын өкілдеріне (18-ден 21 жасқа дейін) және зейнеткерлік жастағы азаматтарға қарағанда әртүрлі қаржылық қызметтерді жиі пайдаланады. Респонденттердің үштен бірі қаржылық сауаттылық бойынша ұсынған тапсырмаларға дұрыс жауап берді. Бірақ, соған қарамастан, кәсіби экономикалық терминологияны және банктер мен басқа да қаржы ұйымдары ұсынатын шарттарды білмейтін респонденттердің үлесі де бар. Бұл зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер. Жалпы алғанда, зерттеу кейбір респонденттердің қаржылық қызметті таңдау процесіне егжей-тегжей қарап, шартты мұқият зерттей бастағанын көрсетті. Мәселен, респонденттердің 44,9%-ы, олардың айтуынша, шартқа тек оны оқып, барлық жағдайларын түсіндіргеннен кейін қол қояды, менеджерлерге қосымша сұрақтар қояды және талаптарды зерттейді, респонденттердің 21,8%-ы сұрақсыз қол қояды, өйткені мұның бәрін түсіну оларға қиын» деп жазылған зерттеуде.
«Қаржы жүйесі туралы хабардар болу» критерийі бойынша Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының және Алматы, Түркістан, Ақмола облыстары сияқты өңірлердің тұрғындары неғұрлым ақпараттандырылған. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының хабары аз.
«Бұл ретте жас аудитория (39 жасқа дейін), ерлер мен жұмыс істейтін халық егде жастағы әйелдерге қарағанда Қазақстанның қаржы жүйесі туралы анагүрлым хабардар. Жоғары білімі бар және табысы орташа деңгейден жоғары респонденттер де елдің қаржы жүйесі туралы хабардар. Орташадан жоғары көрсеткіш некеде тұрған респонденттерде тіркелген. Бұл көрсеткіш жастар өкілдерінің арасында (18-21 жас) жоғарылау жағына қарай өзгерді. Үлкен аудитория (60 жас және одан жоғары), үй шаруасындағы әйелдер мен зейнеткерлердің қаржы жүйесі туралы білері аз» деп хабарлайды агенттік.
Жалпы, зерттеуге 10 000 респонденттің қатысқан, олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%) және 63 жастағы және одан асқан (2,28%) әйелдер (58,8%) де, ер адамдар да (41,2%) бар. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілген.