Инвестиция

«Самұрық-Қазынаның» ел экономикасындағы рөлі қандай?

Қор Қазақстан үкіметіне дивиденд төлеуге міндетті

Жыл басталғалы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қызметіне Президент тарапынан жиі сын айтылды. Мемлекет басшысы қор жұмысын реттеу, қажет болса таратып жіберу керектігін де ашық мәлімдеген еді. Осыған орай «Саяси шешімдер орталығында» қоғамдық экономика саласының PhD докторы Гүлайхан Кубаева қордың ел экономикасындағы рөліне қатысты жасаған талдауының нәтижелерімен бөлісті.

Сарапшы негізінен мына сауалдарға жауап іздеген:

  1. «Самрұқ-Қазына» қоры академиялық ортада қаншалықты терең зерттелген? Қор жұмысының тиімділігін бағалауға не кедергі?
  2. Қордың Қазақстан экономикасындағы орны қандай? Неге «Самрұқ-Қазына» қоры Сингапурдің Теmasek инвестициялық компаниясы секілді бола алмады?
  3. Кейінгі 10 жылдағы «Самрұқ-Қазынаның» құрамындағы компаниялардың қаржылық көрсеткіштеріне қарап қандай ой түюге болады? Қордың Қазақстан үкіметіне дивиденд төлеу саясаты 10 жылдың ішінде қалай өзгерді?
  4. Қорды реформалау мүмкін бе?

«Самұрық-Қазына» қоры елдің негізгі экономикалық байлығын құрайтын табиғи монополиялар мен компанияларды басқарады. Қордың активтері – 28 млрд теңге. Яғни, жалпы ішкі өнімнің 60 пайызын құрайды. Қор мен оның еншілес компаниялары елдегі барлық жұмыс орнының 30 пайызын қамтиды».

Кубаеваның айтуынша қор туралы зерттеулер өте аз, дегенмен әртүрлі баяндамалар бар. Қордың өзі де түрлі аналитикалық жұмыстар жасайды.

«Сол талдаулардың нәтижелеріне қарайтын болсақ (2011 жылғы) персоналды тағайындаудағы ашықтық төмендігін, басшылықтың жиі ауысуын, қызметкерлердің қызметін және еңбекақысын бағалаудың тиімді жүйесінің төмен сапасын көреміз. Сондай-ақ қор 2012 жылы өзінің портфельдік компанияларына салыстырмалы талдау жүргізді және нәтижелер қордың еншілес ұйымдарының шетелдік аналогтармен салыстырғанда инвестицияланған капитал сомасына рентабельділігі төмен екенін байқатты».

Гүлайхан Кубаева

Ал Commander&Prieskienyte 2021 жылы зерттеу жүргізіп, СҚ сияқты мемлекеттік компаниялар жұмысына саясаткерлердің әсері бар екенін, ал ондай компанияларда сол саясаткерлердің жақындары басшылық жасайтынын, нәтижесінде ашықтық жоқ жерде холдинг жұмысын бағалау да қиынға соғатыны айтылған.

«Жақында халықаралық ұйымдар қордың сатып алу жүйесіне бағалау жүргізіп, 2017 жылғы жағдай бойынша қор өткізген сатып алулардың 86,5 пайызы конкурентті түрде жүзеге асырылмағаны анықталған. Қор активтерінің 40 пайыздан астамы мұнай-газ, металдар және тау-кен өңдеу өнеркәсібінен келеді. 20 пайызы – қаржылық қызметтен, қалғаны көлік, энергетика, байланыс, химия және жылжымайтын мүлікке тиесілі».

Гүлайхан Кубаева

Қордың жалғыз акционері үкімет екені белгілі. Сондықтан ол өз акционеріне дивиденд төлеуге міндетті. Ал сарапшының айтуынша, «Самұрық-Қазынаның» Үкіметке төлейтін дивиденді мемлекет дағдарысқа ұшыраған кезде едәуір өседі.

«Мысалы 2015 жылы мұнай бағасының түсуіне байланысты экономикалық дағдарыс болды, сол уақытта 34,7 млрд теңге төленді. Президент Тоқаев бұған дейін ұлттық компаниялар дивиденд төлеуі керек деген еді. Соған байланысты 2019, 2020 жылдары өздерінің максимум көрсеткіші – 63,7 және 120 млрд теңге дивиденд төледі».

Кубаеваның айтуынша, соңғы 10 жылда үкіметтің және халықаралық ұйымдар ықпалымен қордың менеджменті біршама жақсарды, бірақ ашықтығы әлі де төмен күйінде қалып отыр.

Жалпы, қандай да бір әл-ауқат қорын құру – табиғи минералдық байлығы бар елдерге, соның ішінде араб елдеріне тән институт. Сарапшы солай дейді.

«Баяндамамды жазу барысында батыс елдерінде мұндай қорлардың бар екені жайлы дерек кездестірмедім».

22 ақпан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиевті қабылдады. Кездесуде Сатқалиев Президентке энергетика, мұнай-газ және инфрақұрылым салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысын мәлімдеген. Сондай-ақ қор топтарының маңызды активтерін жекешелендіру және IPO-ға шығару жоспары туралы да баяндалған.

Президент қорды реформалауға, сатып алулардың ашықтығын арттыруға, отандық тауар өндірушілер мен жеткізушілерді қолдауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берген.
Еске салайық, қаңтардағы Президент сынынан кейін қор қызметкерлер штатын екі есе қысқартатынын хабарлаған еді.

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов болса, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын қордың профилді және профилді емес активтеріне кешенді аудит жүргізілуі керек деп санайды.
«Қордың қарызы 7,5 трлн теңгеден асады. Қор шығарған еурооблигациялар және ұлттық компаниялар алған займдар өз уақытында өтелуі керек. Егер қорды реформалау шешімі дұрыс ойластырылмаса онда бұл кредиторлардың үрейін туғызады. Олар кез келген уақытта пайыздық ставканы көтеріп жіберуі немесе қарыз бойынша талап қоюы мүмкін. Ал мұндай міндеттеме бойынша үкімет өзі жауап беруге мәжбүр болады».,