Қауіпсіздік

Сақтандыру саласындағы қандай алаяқтықтан сақтану керек?

Фирмалар да заңсыз жолмен ақша табуға әрекеттенеді

2021 жылы елімізде 41 мыңға жуық алаяқтық тіркелген. Биыл тек қаңтар айының өзінде 2,5 мың осындай қылмыс анықталыпты. Алматыдағы қаңтар бүлігінен соң сақтандыру саласында өз қызметін ұсынатын алаяқтар лезде көбейіпті.

Kompra порталының жазуынша, сақтандыру саласында ескеретін көптеген факторлар бар. Компания қызметін тұтынған қандай да бір кәсіпкер немесе кәсіпкерлік субъектісі соларды ұдайы есте ұстауы тиіс. Жалпы, сақтандыру дегеніміздің өзі – сізді және мүліктеріңізді түрлі қауіп-қатерден сақтау. Әрине, сақтандыру әркез қиындықтан толық құтқарып шықпас. Дегенмен табиғи апат, түрлі қайғылы жағдай, банкрот болу, ауырып қалу кезінде шығындардың бір бөлігін өтей алады.

Әдетте сіздің өтінішіңізді қарау барысында сақтандыру компаниясы сізді/компанияңызды/мүлкіңізді мұқият тексереді. Өйткені сақтандыру компаниясынан заңсыз ақша алу схемасын құрастырушылар да жоқ емес. Бірақ соңғы уақытта сақтандыру фирмалары да клиенттер қаржысын заң аясынан тыс жолдармен иеленуге көшкен. Олардың көбі лицензиясыз жұмыс істейді және шығынды өтемейді.

Егер сіз сенімсіз компанияның клиенті атансаңыз төлем алмай қалуыңыз ықтимал, не болмаса сіздің құжатыңыз жарамсыз болады, мәселен шетелге шығар кезде. Сонда сіз сақтандыру үшін төлеген ақшаңыздан айырылып қана қоймайсыз, банк картаңызды да бұзасыз. Алаяқтар сіздің банктік шотыңызға кіріп, несие рәсімдеп жіберуі әбден мүмкін.

Не нәрсеге назар аудару керек?

Қателікке бой алдырмас үшін компанияның сенімділігіне, тиісті құжаттарының бар екеніне көз жеткізіңіз.

Әрбір сақтандыру компаниясында сақтандырудың белгілі бір түріне орай лицензиясы болуы керек. Оның лицензияның бар немес жоқ екенін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтына кіріп тексеруге болады. Алаяқтар лицензиясы қайтарып алынған, қызметі тоқтатылған немесе жұмысы шектелген компанияның бланкісін пайдалануы мүмкін.

Агенттік елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сақтандыру жүйесіне деген сенімді қолдау, сақтандыру нарығын бақылау және дамытуға тікелей жауап береді. Орган сақтандыру қызметі тұтынушыларының мүддесін қорғайды, теңқұқылы жағдай туғызуға жауап береді. Сайтқа кіру арқылы жойылу процесінде тұрған компаниялар тізімін де көруге мүмкіндік бар.

Нарықтағы өте төмен тарифтер де – алаяқтардың бірден бір белгісі. Тексеру үшін өзге компанияларға хабарласып, олардың бағаларын салыстыру қажет. Егер келісімшартта тәуекелдер көбірек қарастырылса, онда ол компания қызметінің бағасы да жоғары болады. Сондай-ақ компанияның салығы мен төлемдерін тексеру арқылы оның қаншалықты қаржылық сенімділікке ие екенін де аңғарасыз.

Нарықта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, тұтынушылар сеніміне ие болған компаниямен жұмыс істеген қолайлы. Компания туралы пікірлерді интернеттен немесе әлеуметтік желіден оқып алуға болады.

Келісімшартқа қол қою кезінде сақтандыру шартына мән беріңіз. Сақтандыру оқиғасының белгілерін анықтап, сақтандыру нені қамтымайтынын зерттеңіз. Әртүрлі жағдайларда келтірілген залалды өндірудің толық тәртібін нақтылаңыз.

Сақтандыру келісімшартында мына жағдайлар жазылуы керек:

  • Сақтандыру нысаны – сақтандыру объектісі – материалдық және материалдық емес игіліктерді жоғалту тәуекелімен байланысты мүліктік мүдделер (мысалы, денсаулыққа зиян келтіру немесе автокөлікті зақымдау);
  • Сақтандыру тақырыбы – сіз сақтандырғыңыз келетін нәрсе;
  • Сақтандыру тәуекелі – мүлік немесе адам сақтандырылған жағдай. Сақтандыру тәуекелі келісімшартта анық көрсетілуі тиіс;
  • Сақтандыру сомасы – сақтандыру төлемінің максималды шегі;
  • Әрекет ету мерзімі – сақтандыру келісімшарты компания өзіне сақтандыру нысаны бойынша тәуекелді қабылдаған шектеулі уақыт кезеңіне жарамды.
  • Егер сіз корпоративті клиент болсаңыз онда сізбен менеджерлердің бірі жұмыс істейді. Бірақ бұл ретте компания директорының кім екенін біліп, соның өзімен сөйлесудің де маңызы зор. Сіздің сақтандыру оқиғаңыз бойынша шешім қабылдайтын тұлға сіздің бар екеніңізді білмеуі де мүмкін. Компанияда делдалдың бар немесе жоқ екенін көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалып немесе сайтқа кіріп білуге болады.

Егер сіз компанияны интернет арқылы тапсаңыз онда міндетті түрде ресми сайтын қарап шығыңыз. Өйткені алаяқтар түпнұсқа сайтқа өте қатты ұқсайтын жалған сайттарды аша қояды.

Егер құжат мәліметтеріңізді немесе банк картаңызды алаяқ компанияға тастап кеткен болсаңыз онда барынша тәуекелдерді төмендетуге тырысыңыз. Алдымен банк картаңызды бұғаттаңыз. Полицияға хабарласып, сізді алдап ақшаңызды және жеке деректеріңізді алғанын айтып, шағым жазыңыз. Егер алаяқтар атыңыздан несие рәсімдесе, немесе деректеріңізді пайдалана отырып басқа бір алаяқтық әрекетке барса полицияға жазған шағымыңыз сіздің таза екеніңізді дәлелдеуге көмектеседі.