Қай саланың өкілі болсаңыз да, бүгінде soft skills маңызды. Өте сәнді әрі заманауи естілетін бұл терминнің мағынасы қандай? Неліктен ол барлық саладағы адамдар үшін қажет? Оны дамыту үшін не істеу керек? Осы туралы бүгінгі материалымызда айтамыз.
Икемді машық яки soft skills
Алдымен, «софт скилз» сөзінен бастайық. Ағылшын тілінен аударғанда икемді машық түрлері дегенді білдіреді. Бұл машық белгілі бір саладағы адамдарға тән деуге келмейді. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, soft skills барлық жерге керек. Мұндай икемді машыққа ие адамдар жұмысын жақсы орындайды, мансабында да биікке өрмелеуі оңай. Жалпы болашақта еңбек нарығындағы тенденцияларды «софт скилз» және сыни ойлау қабілеті анықтайды деген пікір бар.
«Жалғыздың шаңы шықпас» демекші, қазіргі таңда барлық жұмыс жұмыла істегенде ғана бітеді. Сондықтан команда яки ұжым маңызды. Ал топпен бірге жүрген адамға өзгелермен дұрыс сөйлесу, байланыс орнату сынды машық керек-ақ. Егер сатумен айналысса, клиентпен тілдесе білуі керек. Одан бөлек, әріптестерімен пікір алмасу, өзінің ойын бүкпесіз жеткізе білу, басқаларға оны дәлелдеу де оңай емес. Ал бүгінгі айтып отырған soft skills-де адам бойындағы жан-жақты, епті, икемді машық түрлері шоғырланған.
Оның қандай түрлері бар?
Негізі бұл сөз неологизм болып көрінгенімен, қай кезде болсын өзекті болған. Тек уақыт өте келе технология қарыштап дамып, қажеттілік тіпті артқан. Соған сай қазір ақпараттың көп болғаны сонша, соның ағынына ілесе алатын, айтқанды дереу қағып алатын, жаңа білімді бойына тез сіңіретін қызметкерлер керек. Демек, soft skills деген тың дүниеге жылдам ілесу, соған сай шешім қабылдау білуді талап етеді. Оның түрлері де көп. Соның ішінде ең өзектілеріне тоқталып көрелік.
• Коммуникатив машықтар. Аты айтып тұрғандай, өзгелермен қарым-қатынас құра білу, командада жұмыс істеу, өз позициясын дәлелдей білу, көшбасшылық және эмоционал интеллектіні осы топқа жатқызуға болады.
• Өзін дұрыс басқара білу қабілеті. Яғни жұмыс күнін дұрыс жоспарлау, уақытын тиімді пайдалану.
• Креатив машықтар. Бұл қабілет те қазір барлық салада керек. Бұрын креатив көбіне шығармашылық мамандық иелеріне керек болса, қазір бүкіл жерде сұраныста. Соның ішінде бизнес басқаратындар мен жалпы басшылық қызметтегілерге қажет-ақ. Осы қабілет жұмыстың алға жылжуына басты жетекші күш болады. Өзгеше ойлай білуге машықтанған адам шешімді тез табады.
• Ақпаратты фильтрлей білу, онымен дұрыс жұмыс істей білу қабілеті. Қазір ақпарат ағыны өте қатты. Сондықтан оны қалай дұрыс іздеу керек, қалай сараптау керек, шешім шығарарда нені ескеру керек — бәрін үйренбесе болмайды. Бұл қатарға компьютерлік сауатты да қосып қойса артық емес. Себебі қазіргі жұмыстың басым бөлігі гаджеттер атқарылады.
• Күйзеліске төзімді болу. Айтқандай, қазір жұмыс та, ақпарат та көп заман. Соған сәйкес, күнделікті өмірде стресс алатын жағдай аз емес. Сол себепті бүгінгінің қызметкеріне күйзеліске төзімді болу қажет. Олай болмаса, жұмысты жемісті атқару мүмкін емес десе болады.
Сізге нақты қандай «софт скилз» керегін анықтау жолдары
- Сіз жұмыс істейтін жерде қандай қабілеттің болуы маңызды? Кәсіби салада міндеттелетін қабілеттер қандай?
- Сіз жүрген сала қаншалықты өзгеріп тұрады?
- Жұмысыңыздың қандай артықшылығы бар? Компанияда қызметтесіз бе, жоқ әлде фрилансерсіз бе? Тапсырыс берушілермен жұмыс істейсіз бе, әлде құжаттарға жауаптысыз ба?
- Сіздің мақсатыңыз қандай? Сізге карьера маңызды ма? Егер маңызды болса, не нәрсеге қол жеткізгіңіз келеді?
- Өзіңізді тануға тырысыңыз. Жұмыстың қандай түрін істеуге қиналасыз? Бәлкім, ұжымдастармен қарым-қатынас құру оңай емес болар? Әлде жұмыста отырғанда уақытыңызды көбіне бекер жұмсайсыз ба? Өзіңізбен өзіңіз ашық «үндесіңіз».
Икемді машықты қалай дамытуға болады?
Бұл кәсіби машыққа қарағанда сәл қиындау. Себебі әр адамның болмысы бар. Сол болмысындағы қандай да бір тұстарды ұжымға, жұмысқа, қоғамға қарай икемдеу оңай шаруа емес. Сондықтан «софт скилздің» сіздің табиғатыңызда болмаған түрін дамыту үшін едәуір жұмыс пен уақыт қажет екені анық. Айталық, дизайнерсіз. Сізге кәсіби машықты дамыту үшін белгілі бір редакторлық бағдарламаны үйрену керек болса, оны сіз бір күнде не бір аптада үйреніп алуыңыз әбден мүмкін. Ал енді көпшілікпен байланыс орнатуға ұялатын, бәлкім тез ашуланатын дизайнер болсаңыз, онда икемді машықты дамытуға алдыңғыдай бір апта жеткілік болмайды. Өйткені көп қасиет бойға сіңген. Оны жақсы жаққа өзгерту үшін біршама күш салуыңыз тиіс.
Егер «софт скилзді» дамытқыңыз келсе, оның бірнеше тәсілі бар. Ең біріншісі — арнайы курстар мен тренингтерге қатысу. Бүгінде уақытты бекер шығындамау үшін көпшілігі дайын курстарға құмар болатыны бар. Өйткені қалай дамытам деп өзіңіз бас қатырмайсыз. Сізге оның жолдары қадам-қадаммен әзірленіп қойған. Дегенмен курстың түрі көп екенін ескерсек. Оның ішінде жақсысын, сапалысын, құр сөз емесін табу да оңай емес. Қатысқан адамдардың пікірін шолып шығыңыз, ұйымдастырушының өзі қаншалықты мықты — мән беріңіз. Егер өзі айтып алып, орындамаса, онда күмәнді. Болмаса, бір жерден оқып алып, еш сіңірместен келесі адамға сол ақпаратты жеткізіп жүрген адам болуы мүмкін. Соныдықтан таңдауға бей-жай қарамаған дұрыс.
Егер курстарға қатысқыңыз келмесе, осы тақырыпта жазылған кітаптарды сатып алыңыз. Олардың да саны өте көп. Өйткені бұл бүгінде өте өзекті тақырыпқа айналып отыр. Үшінші тәсіл ретінде өзгелердің сізге деген қарым-қатынасына қарап, өзіңіз ұштайтын әдісті ұсынуға болады. Яғни ұжымдастарыңыз, достарыңыз, туыстарыңыз — бәрінің сіз жайлы ойын қорытып, бір шешімге келіңіз. Бұл оңай емес. Себебі анализ жасап, өзіңізді қабылдануы қиын шешімдерге баруға мәжбүрлейсіз.
Сондай-ақ, егер расында икемді, заманауи адам болғыңыз келсе, осы тәсілдің бәрін бір кезде қолдана аласыз. Бір курс сатып алып, ол тақырыпқа тереңірек ену үшін кітаптар парақтап, жақындарыңыздан кері байланыс алып та жұмыс істеуіңізге болады. Ең жақсы әдіс те — осы. Сбебі мұнда ақпарат сізге бір жерден ғана түсіп тұрмайды. Ал жан-жақтан келіп жатқан көп нәрсенің ішінде әйтеуір біреуі көңіліңізге қонымды болары хақ. Бастысы, бұл жерде бәрі бірінші кезекте өзіңізге тікелей байланысты екенін біліңіз. Егер ішкі тәртіп, алынған тәжірибені бағалау сынды қабілеттер болмаса, энергия шығыны босқа кетіп жатыр деген сөз.
Қандай кітаптар оқуға болады?
Өнімді жұмыс істегіңіз келсе:
• Д. Канеман. «Думай медленно, решай быстро». Дұрыс шешім қабылдау үшін нені ескеру керек, неге біз қателіктерге жол береміз, ондайда не істеу керек, қалай түзетеміз? Осы туралы жақсы айтылады.
• М. Дорофеев. «Джедайские техники: Как воспитать свою обезьяну, опустошить инбокс и сберечь мыслетопливо». Өнімділікті арттырудың заманауи тәсілдері туралы жазылған.
• Д. Аллен. «Как привести дела в порядок. Искусство продуктивности без стресса». Бұл кітап өте танымал. Оқысаңыз, қандай іске басымдық беру керек, мақсаттарды қалай шегелеу керек, бастаған істі соңына жеткізу жолдары, сөйте тұра бәріне үлгеріп, демалысқа да уақыт табу жолдары баяндалады.
Креативті ойлау, шығармашылық әлеуетті артыруға арналған кітаптар:
• М. Микалко. «Рисовый штурм и ещё 21 способ мыслить нестандартно». Кітапта шығармашылық қабілеттерді арттыру тәсілдері, өзгеше ойлауға көмектесетін нақты техникалар бар. Сонымен бірге автордың «Взлом креатива. Как увидеть то, чего не видят другие» деген кітабы да бар. Оны да оқып шыққан артық болмайды.
• М. Атавар. «Креативность. Используй нестандартные решения каждый день». Кітапта креативті қабілетті арттыруға арналған 20 практикалық жаттығулар сипатталады.
Стресске төзімділікті дамытуға арналған кітаптар:
• Д. Карнеги. «Как перестать беспокоиться и начать жить». Бұл автор өте белгілі. Кітаптары да бестселлерге айналған.
• М. Мэнсон. «Тонкое искусство Пофигизма. Парадоксальный способ быть счастливым». Басымдық беру, күш-қуатты бекерге шығындамау үшін не істеу керегін үйретеді.
Коммуникатив машықтар туралы кітаптар:
• Д. Карнеги. «Как завоёвывать друзей и оказывать влияние на людей».
• Н. Региер. «Конфликт — это подарок. Как направить энергию разногласий в мирное русло».
• Г. Кеннеди. «Договориться можно обо всём! Как добиваться максимума в любых переговорах».