Солтүстікте соғыс дауылы қайта соқты. Қайта дейтініміз Ресей Федерациясы тағы да Украина территориясына көз алартып, бүгін Донбаста әскери қимыл бастап кетті. Шиеленіскен ахуал қаржы нарығына да ә дегеннен әсерін тигізді. Қазір валюта айырбастау бекеттерінде 1 доллар 472 теңгеден саудаланып жатыр. Теңгенің құнсыздануы мұнымен тоқтамауы да ықтимал.
Ұлттық банктің 21-24 қаңтар аралығында 137 млн долларға интервенция жасағанына қарамастан теңге бағамын ұстап тұра алмады. Жарты күннің ішінде доллар 30 теңгеге қымбаттады. Қазір долларды айырбастау бекеттерінде 474 теңгеден сатып жатыр.
Көп өтпей Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені шұғыл түрде 13,5 пайызға жоғарылатты. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің айтуынша, теңгеге қатысты ахуал әлі белгісіз.
«Бір доллардың құны 500 теңге болып кетуі немесе кері нығайып, 400 болуы да әбден мүмкін. Барлығы Ресейге салынатын санкцияларға тікелей байланысты. Батыс Ресейді SWIFT жүйесінен ажыратып тастауы мүмкін немесе олардың өнімдеріне эмбарго жарияланады. Ал біз Ресеймен бір экологиялық одақтамыз. Сондықтан экономикалық және саяси тұрғыда көп нәрсеге тәуелдіміз».
Андрей Чеботарев
Оның сөзінше, Ұлттық банк кеш қимылдады. Ал мұндай жағдайда адамдар не істеуі керек?
«Қазір доллар сатып алатын кез емес. Долларды осыдан бір апта, екі апта бұрын сатып алу керек еді. Яғни, паника басталмай тұрған кезде. Сол кезде ертерек әрекет етіп, қазір сізге аса қажет емес теңгелей тұрған қаржыңыздың бір бөлігін шетел валютасына ауыстырып қоюыңыз керек еді. Біз құлдырап жатырмыз. Әрі қарайғы салынатын санкцияларды ойласақ одан әрі құлдырай түсуіміз мүмкін. Қазір ешкімді де тыңдамаған жөн. Әркім өз тәуекелі үшін өзі жауап береді. Иә, ертеңгі жағдай бүгінгіден де қиындап кетер. Не болмаса Ресей әскерін кері қайтарып алар. Жоқ әлде, соғыс масштабын бұдан да кеңейтер. Білмеймін. Бәрі де мүмкін».
Андрей Чеботарев
DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев Ұлттық банк доллар курсын қалыптастыруға араласуы керек деп санайды.
«Ұлттық банк қазір жағдайды бағалап жатыр деп ойлаймын. Өйткені ахуалдың өрбуіне орай олардың да бағдары күрт өзгерді. Әзірге курс деңгейінің қай деңгейде тұрақтанары белгісіз, өйткені қазір Мосбиржада сауда тоқтап тұр. 22 ақпан күні доллар 440-450 теңгеден саудаланады деп болжаған едім. Алайда бұл дәліздің қазір өзекті болмай қалғанын көріп отырмыз, өкінішке қарай жағдай тым нашар сценариймен өрбіп жатыр».
Мұрат Қастаев
Сарапшының сөзінше, доллар қымбаттайды, бірақ 500-ге дейін баруы мүмкін емес. «Ресеймен арадағы тығыз қарым-қатынасқа қарамастан, біздің өз алдына дербес экономикасы бар ел екенімзді де ұмытпау керек. Әзір мұнай бағасы жоғары күйде қалып отыр. Сәйкесінше, теңгенің құлау потенциалы да шектеулі».
Қаржыгер Расул Рысмамбетов те болып жатқан жағдайға байланысты өз пікірін білдірген.
«Болжам айту қиын. Себебі, батыстың Ресейге қандай санкция жариялайтыны, соғыс қимылының қалай жүретіні белгісіз. Теңгенің таңғы курсы 455 болды, әрі қарай 475 теңгеге дейін өсті. Мұның спекулянттық сипаты басым. Қазір Ұлттық банктен реакция талап етудің пайдасы жоқ. Бүкіл ел деңгейіндегі (Ұлттық банк, әкімдіктер, квазимемлекеттік сектор, үкімет) реакция керек. Таңертең биржада 2-3 ойыншы ғана болды және олар курсы аздаған көлемге дейін жоғарылатты».
Расул Рысмамбетов
Қазақстан қор биржасы (KASE) төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская төл валюта курсының күрт өсуіне байланысты мәлімдеме жасады.
«Бүгін кешке және ертең таңда жағдай қалай өзгеретінін тап басып айту қиынға соғып тұр. Біздің ойымызша, сыртқы факторларға байланысты өзгереді. Яғни, курсты қатты өзгертіп тастайтындай ел ішінде ешқандай объективті себеп жоқ, керісінше теңге курсына қолдау көрсететін факторлар бар. Мысалы, мұнай бағасының рекордты көрсеткіші. Мұнай бағасы өскен кезде теңге өзін жайлы сезінеді және нығаяды».
Наталья Хорошевская
24 ақпан күні Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп теңгелей салымдарға қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Онда салымшылар қаражатына 10 пайыздық өтемақы берілетіні айтылған.
«10 пайыз мөлшеріндегі өтемақы (сыйлықақы) әрбір банкте 1 адамға 2022 жылғы 23 ақпан күнінің соңындағы қалдықтар шегіндегі жалпы сомада, бірақ бағдарламаны іске асыру басталған кезден бастап 12 айдан кейін 20 млн теңгеден аспайтын сомадағы (салымның нақты сомасы 20 млн теңгеден аспайтын болса, сол сомадан астам емес) көрсетілген салымдарға 1 рет есептеледі. Өтемақыға (сыйлықақыға) жеке табыс салығы салынбайды. Екінші деңгейдегі банктегі салым мерзімінің соңына дейін, бірақ тетік енгізілген сәттен бастап кемінде 12 ай, яғни 2023 жылғы 24 ақпанға дейін салымды сақтау сыйлықақыны есептеу үшін міндетті талап болып табылады. Егер салым мерзімі өтемақы (сыйлықақы) төленгенге дейінгі кезеңде аяқталса, депозит Бағдарламаның аяқталу мерзіміне дейін ұзартылуы тиіс. Салымды ішінара алу кезінде өтемақыны (сыйлықақыны) төлеу жоғарыда көрсетілген лимиттерді ескере отырып, ақша алынғаннан кейін салым қалдығының сомасына жүзеге асырылады».