Қазақстанда бірінші наурызда көктемгі әскерге шақыру басталады
Биылғы жылдың 1 наурызы мен 30 маусымы аралығында елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны өтеді. 2022 жылдың көктемінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың қатары әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатылуға негізі жоқ 18-27 жас аралығындағы он жеті мыңға жуық жасөспіріммен толығады.
«Қорғаныс министрлігі жастардың мерзімді әскери қызмет өткеруге деген ынтасын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірледі», – деп атап өтті Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов.
Олар сарбаздарға мерзімді қызмет кезінде кредит мерзімін ұзартуға, белгіленген мерзімдегі қызметіне біржолғы ақшалай сыйақы төлеуге, білім беру секторында жеңілдіктер беруге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге қатысты болып отыр. Бұл ұсыныстар қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісілу үстінде.
Әскерге шақыру науқанын жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Комиссияларды қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары басқарады.
Денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскерге шақырылушыларды хабардар ету 1414 сервис қызметтері арқылы SMS хабарламалар жіберіледі. Болашақ сарбаздар жинау пункттерінде әскерге шақыру кезінде және бөлімдерге келген кезде COVID-19-ға қарсы ПТР-зерттеуден екі рет өтеді.
Әскерге шақырылушылар мен олардың ата-аналары қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңселерінен қажетті ақпаратты алуына болады. Сондай-ақ өздерін қызықтырған мәселелерді әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарға және жергілікті әскери басқару органдарының электрондық пошта жәшіктеріне жібере алады.