Қазақстанның валюта нарығында дүрлігіс байқалады. kurs.kz мәліметі бойынша, қазіргі кезде елдегі көптеген ақша айырбастау орындары жұмыс істемей тұр, валюта сатпайды. Ал банк қосымшаларында америкалық валютаны сату бағамы 500 теңгеден асты.
ForteBank қосымшасында доллар сату бағамы – 525 теңгеге, сатып алу 475 теңгеге жетті. Еуро сатып алу – 533 теңге, сату – -583 теңге. Рубль сатып алу бағамы – 2,5 теңге болса, 6,5 теңгеге сатылып жатыр. Банк қосымшасындағы Forex бөлімінде доллар сатып алу-сату мәмілелерінің бағамы 500 теңгеден асады.
Kaspi-де доллар бағамы 480 теңгені құрайды, алайда 23.00-ге дейін аударым жасалмайды.
Халық банкінің қосымшасында 1 доллар 478 теңгені құрады.
Қазақстандық Сбербанк қосымшасында доллар сатып алу бағамы – 479 теңге, сату – 499 теңге, еуро сатып алу – 540 теңге, сату – 560 теңге. Рубль бағамы – 5 теңге, сату – 6 теңге.
Ресей Сбербанкінің қосымшасындағы долларды сату бағамы – 119 рубль, сатып алу – 95-96 рубль. Банк еуроны 132,57 рубльге сатады, 106,67 сатып алады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін теңге/АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15-те Франкфурт аукционы форматында ашылды.
Кеше Ұлттық Банк жақын күндері Ресей рублінің бағамы айтарлықтай құбылатынын, нарық ықпалына және тәуекел-сентименттің өзгеруіне ұшырап, аз дәрежеде іргелі факторларды көрсететін болады.
«Рубльдің шамадан тыс ауытқуының теңгеге негізсіз ықпал етуін төмендету үшін Ұлттық Банк қажет болған жағдайда валюталық интервенциялар жүргізетін болады. Мұндай интервенциялардың көлемі мен жиілігі ішкі валюта нарығындағы жағдайға байланысты болады» делінген хабарламада.