Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы қазір қызу талқыланып жатыр. Заң аясында іске асатын бірқатар талаптар әлден-ақ белгілі. Ал кейбірі бойынша ұсыныс, пікірталас әлі өрбуде.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятов қандай шектеулер болмасын борышкерге мүмкіндік беру назардан тысқары қалмайды дейді. Қазіргі таңдағы ең өзекті ұсыныстар мыналар:
- Бірінші – кепілде тұрған жалғыз тұрғын үйді сату кезіндегі ерекшелік мәселесі;
«Борышкердің қаржылық басқарушылардың қызметтерін төлеуге қаражаты болмайды деген қауіп бар. Сондықтан мемлекет қолдауына мұқтаж борышкерлердің жекелеген санаттары бойынша сот банкроттығы кезінде қаржылық басқарушылардың қызметтерін мемлекеттік бюджеттен төлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылуда».
- Екінші – борышкерді банкроттықтың басталғаны туралы несие берушілерге хабарлауға міндеттеу;
- Үшінші – банкроттық кезіндегі алаяқтық әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту;
«Уәкілетті органның банкроттықтан кейін 3 жыл бойы жеке тұлғаның қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу міндетін қарастыруы ұсынылды. Соның ішінде салық декларациясының деректері негізінде».
- Төртінші – сот рәсімінде қаржы басқарушыларын тағайындау жөніндегі міндетті уәкілетті органға жүктеу;
- Бесінші – құжаттамалық аяқтау тәртібін көздеу;
«Соңғысы бойынша электрондық үкіметтің веб-порталында да автоматты режимде электрондық хабарлама жасалады, ол банкроттық рәсімінің 6 айы аяқталғаннан кейін борышкерге және кредиторға жіберіледі. Жеке тұлғаның банкрот болғаны туралы ақпарат банкроттық рәсімі аяқталған соң 7 жыл бойы электронды үкімет порталы мен Мемлекеттік кредит бюросында сақталып тұрмақ. Бастапқы кезеңде 0,3 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж қарастыру қажет. Біз бұл ұсынысты да қолдадық. Бұдан басқа, сот банкроттығы рәсімінде бітімгершілік келісім жасасу мүмкіндігін көздеу ұсынылды. Бұл ұсыныс та қолдау тапты. Іс жүзінде қолданылғаннан кейін заңды жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар да бар. Атап айтқанда, кредиторларға сот банкроттығын бастау құқығын беру. Бұдан басқа, заңды шетелдіктерге, қандастарға және ҚР тұрақты тұратын жері бар адамдарға қолдану. Жұмыс тобының мүшелері басқарушы лауазымдарға орналасуға тыйым салуды, оның ішінде заңды тұлғаның құрылтайшысы, акционері болуды немесе мемлекеттік ұйымдардағы қызметті шектеуді ұсынды. Кредиторлардың отбасы мүшелерінің мүлкі туралы мәліметтер алу құқығын көздеу ұсынылды».
Экономист Рахым Ошақбаевтың айтуынша, заңның шикі тұстары бар. Сондықтан біршама жетілдіруді талап етеді.
«Үшінші және төртінші бапта борышкерлердің басым бөлігі банкроттық рәсіміне кірмеуі үшін бірнеше тиімді кедергілер белгіленген. Біріншіден, үшінші баптың бірінші тармағында борышкерге қойылатын талаптар бар – атқарушылық іс жүргізу және қарызды өндіріп алу туралы талап қою бойынша сот қозғаған іс жоқ. Егер сот орындаушылары палатасының статистикасын қарасаңыз, соңғы 3 жылда атқарушылық іс жүргізулер саны 1 млн-нан артық өсіп келе жатқанын байқайсыз. 2018 жылы – 2,8 млн, 2019 жылы – 3,9 млн, 2020 жылы 5,1 млн-нан астам. Бұл адамдардың барлығы соттан тыс тәртіпке шығу мүмкіндігінен айырылады. Банк лоббиінің өкілдері анық жазған төртінші бап берешекті өндіріп алу, коллекторлық агенттік пен кредиторлар арасында жасалған талаптарды басқаға беру туралы шарттар бойынша міндеттемелерді айқын бөліп көрсетеді, яғни коллекторлық банктердің бүкіл жиынтығы – микроқаржы ұйымдары – егер міндеттемелер оларды орындау мерзімі басталған күннен бастап бес жыл ішінде орындалмаса, соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш беру мүмкін емес дейді. Жүйе көптеген жылдар бойы банктік лоббидің пайдасына қарай жасалды және қазір бұл жағдай сақталып отыр».
Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев банкроттықтың көбеюі несие тәуекелін арттырады деп санайды.
«Банкроттық рәсімін жеңілдетуге түбегейлі келіспеймін, өйткені қарыз алушыда басқа кірістер болмаған кезде банкроттық соңғы рәсім болуы керек. Көбіміздің банкроттық рәсімін белгілі бір есептен шығару процедурасы ретінде қабылдағымыз келеді. Сонымен қатар, жалғыз тұрғын үйді қалдыру керек. Біз – әлеуметтік мемлекетпіз. Соңғы тұрғын үйді тартып алуға болмайды. Несиені адал ниетпен төлейтіндер бар, оларды өтей алады, бірақ банкроттардың көп болуына байланысты тәуекелдер үлесі артады. Яғни, несиелер қымбатқа түседі. Сондай-ақ, бізде жүйені алдағысы келетіндерге қарағанда адал адамдар көп екенін ескеруіміз қажет».
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының заң мәселелері жөніндегі басқарушы директоры Назар Рахимов соттан тыс банкроттық пен сот ісі заңнамада белгіленген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін жасалуы керек деп санайды.
«Егер мұны мәжбүрлі шара деп санасақ, онда жақында енгізілген барлық рәсімдер сақталуы керек. Біз қазіргі уақытта заң жобалау жұмысы дауды сотқа дейін реттеу бөлігінде, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлігінде, оның ішінде соттан тыс тәртіпте де, атқарушылық іс жүргізуде де күшейгенін білеміз. Осы өзгерістердің барлығы күшін сақтап қалуға тиіс және «Банкроттық туралы» заң бұл функцияларды қайталамауға тиіс. Борышкерге таңдау құқығын бере отырып, борышкер оның салдары барын түсінуі керек. Ол өзін-өзі шектеуі керек, яғни борышкер өзінің жеке банкроттығы туралы шешім қабылдағандықтан оның шетелге шығуы шектелуі керек. Егер оның қандай да бір қаражаты болса, ол оны қаржы секторы алдындағы ғана емес, сондай-ақ мемлекет алдындағы және басқа да қызметтерді жеткізушілер алдындағы міндеттемелерін өтеуге бағыттауы тиіс. Сондықтан шетелге шығуды шектеу – бұл оған несие беруші қойған емес, борышкер өзі өлшеп, қабылдаған шектеу. Сондықтан осы бөлікте борышкердің шетелге шығуының негіздері тізбесін кеңейтпеуіңізді сұраймыз».
Сондай-ақ, ол борышпен мөлшерлес шекті өлшемдерге назар аударып, жалғыз тұрғын үйді алу мәселесін де қозғады.
«Борышкерлердің ғана емес, өндіріп алушы кредиторлардың да мүдделерін ескеру қажет. Өткен жылы біз қабылдаған өзгерістерді қарайық. Біз кепілдік кредиторлардың құқықтарын толығымен шектедік. Екінші деңгейдегі банктердің кепілдіктерін жетілдіру мәселелері бойынша заң қабылданды, ол 12 қаңтарда күшіне енді, бұған дейін борышкерлердің, несие берушілердің және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар заң жобалары қабылданды. Сондықтан осы ұсыныстар мен алаңдаушылықтарды ескеруді сұраймыз. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап банктерге 90 күн өткеннен кейін сыйақы алуға тыйым салатын норма күшіне енетінін еске саламын. Бұл да қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған шара. Бұл жағдайда заң шығарушы қабылдаған барлық шаралар жаңа заңмен кедергі болмағанын, банкроттықтың шынымен де төтенше және мәжбүрлі шара болғанын және өндіріп алушылар мен борышкерлердің мүдделерін ескергенін қалаймыз».