«Қазақстан халқына» қоры 7 банктен шот ашқан. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары София Айсағалиева мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv Media.
«Қазақстан халқына» қоры бірнеше банктен шот ашты. Олар – «Халық» банкі, Kaspi.kz, Bank RBK, Банк ЦентрКредит, Евразийский банк, Forte bank және Jusan банкі. Барлық қаржы осы банктерде сақтаулы тұр. Яғни, қорға қаражат бөлген адам ақшаны аударған банкте сақтаулы тұр. Банктердің басым бөлігімен ақшаны сақтау, депозит бойынша келісімшарт бар. Олардың барлығы – икемді келісімшарт, яғни біз ол қаражатты шеше аламыз, депозитке қаражат аудара аламыз».
София Айсағалиева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары
Қор төрағасының орынбасарының айтуынша, депозит мөлшерлемесі де, банктердің талабы да әртүрлі. Орташа есеппен депозит мөлшерлемесінің көлемі – 8,5%.
«Қазақстан халқына» қоры түскен қаржыны басқа валютаға айырбастамаған. Қор қызметкерлерінің айтуынша, орфандық аурулары бар балаларға көмек көрсету барысында дәрі-дәрмек сатып алатын кезде сыртқы экономикалық келісімшарт, ұлттық валютадан басқа валюта бойынша келісімшарт жасалады. Сондай жағдайда валютаны айырбастау жүргізіледі. Қазір қорға жиналған барлық қаржы теңге күйінде сақтаулы.
Айта кетейік, қор Қазақстанда қаңтардың басында болған бүлік кезінде оқиғаның кездейсоқ құрбаны болған қаза тапқан әскери қызметші, ішкі істер органдары қызметкері, Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкері, азаматтық тұлғаның отбасына 7 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетеді. Сондай-ақ ауыр жарақат алған әскери қызметшілерге, ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, жараланған балалардың отбасына 3 миллион теңгеден бөледі.
Сонымен қатар брифинг барысында қор төрағасы Болат Жәмішев тәртіпсіздік кезінде абайсызда қайтыс болған азаматтардың отбасына да көмек көрсетілетінін айтты. Алайда олардың нақты саны әрі бекітілген жоқ. Қазір балалар амбудсмені Аружан Саин мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльмира Әзімова олардың саны бойынша ақпарат беріп жатыр. Ал көмек көрсетілетін адам саны мен көмек мөлшері тексеру жұмыстары аяқталған соң хабарланады.