Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуы Қазақстанның төлем нарығына қауіп төндірмейді
26-27 ақпан күндері АҚШ пен Еуропа елдері Ресейдің жекелеген банктерін SWIFT жүйесінен ажырататынын, Ресей Орталық Банкі активтерінің жұмысына тыйым салатынын жариялады. Ресейдің SWIFT жүйесінен ажыратылуы Қазақстан ішінде төлем жүргізуге әсер етпейді және елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейді деп мәлімдеді ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов.
ҚР Ұлттық банкі басшысы Ресейге қарсы жаңа санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсерін барынша азайтуға тырысып жатқанын айтып өтті.
Біріншіден, кеше Ұлттық Банк теңге-доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттықты франкфурт аукцион режимінде өткізу туралы шешім қабылдады. Ал теңге-рубль жұбы саудасы кейінге қалдырылған. Осы сауда-саттықтан теңге тағы құнсызданып, теңге бағамы бір доллар үшін 495 теңге 00 тиын деңгейінде қалыптасты. Сауда-саттық көлемі 159,5 млн долларды, ҚРҰБ-ның валюталық интервенциялары 98,1 млн доллар немесе сауда-саттық көлемінің 61,5%-ын құрады.
«Екінші. Ресейдің жекелеген банктерінің SWIFT-ке кіру рұқсатын бұғаттау Қазақстан ішіндегі төлемдерді жүргізуге әсері тимейтінін және елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтеміз. Қазақстан банктерінің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу жөніндегі барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр».
SWIFT жүйесінен ажыратылған Ресей банктерінің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің балама тетіктері дайындалды.