Ресейдің көршілес Украинаға басып кіруі салдарынан Ресей және Қазақстан қаржы нарығында ажиотаж болып жатыр. Әрине, біздегі ахуал Ресейге қарағанда біршама бәсең және қалыпты. Десе де кез келген уақытта іске қосылуы мүмкін тәуекелдер жоқ емес.
Теңге бағамы біршама құлдырады. Бірақ кешеден бері тәуір нығайды. Қор нарығындағы акциялар құны біраз төмендеп кетті. Санкциялар салқынының әлі қандай қауіптерді оятары белгісіз күйде қалып отыр. Көбі осындай кезде доллар сатып алып, пайдаға кенелуді де көздейді.
Осы орайда белгілі қаржыгерлер Андрей Чеботарев пен Расул Рысмамбетов жария еткен қаржылық кеңестерді оқырман назарына ұсынамыз.
- Абыржуға беріліп, байбаламға салынбаңыз. Ақша тыныштықты жақсы көреді, мұндай дүрбелеңді ұната бермейді.
- Бірнеше банктен шот ашып қойған абзал. Сонымен қатар қаржыңыздың біраз бөлігін қолма-қол ұстауды да ұмытпау керек. Ол кез келген сәтте қажет болады.
- Қаржылық жоспар құрыңыз. Баланстан бастаңыз – сізде актив пен пассив қанша, айына қанша табыс табасыз және қаншасын жұмсайсыз. Бұл – қаржылық сауаттылықтың басты негізі.
- Егер сізде жақын арада қажет бола қоймайтын артық ақша болса онда инвестиция жасауға ойланып көруге болады. Өйткені инфляция сіздің жинағыңызды «жеп қояды».
- Азық-түліктен бас тартып, жалақыңыздың тең жартысын инвестицияға салып жіберуге асықпаған жөн. Тамаққа жарымай жүріп, пайда табам деудің қисыны жоқ. Одан да ай сайын аздаған сомадан жинақтай берген дұрыс.
- Пәтер мен көлік – инвестиция емес .
- Жаппай сату кезі, яғни акция бағасының төмендеуі инвестициялауды бастап кетуге сәтті кез. Алайда жаппай сатылымның қай кезде бітерін, түбі қалай аяқталарын ешкім де білмейді. Қазір өте көп тауып қалуға да болатын, тиісінше өте көп шығынға батып қалуға да болатын кез. Әсіресе тәуекелге толы инвестиция жағдайында. Әрқашан тәуекеліңізді әлеуетті пайдамен теңестіріңіз, әдетте әлеуетті пайда неғұрлым жоғары болса, соғұрлым тәуекел де жоғары болатынын есте сақтаңыз.
- Егер арнайы оқу курсынан өтпеген болсаңыз онда қарызға алған ақшаңызды инвестицияға салмаңыз. Әйтпесе бар ақшаңыздан айырылып, одан әрі қарызға бату қаупі туады.
- Ерте ме, кеш пе әлем қалыпты өмірге қайта оралады, демек активтер де өсе бастайды.
- Турбулентті кезеңде құндылықты асыра бағалау орын алуы әбден мүмкін – бүгін бағаланбаған компания бағасы ертең шарықтап шыға келеді. Бір күндік пайдаға ұмтылмай, ұзақ мерзімді трендтерді зерттеп үйреніңіз.
- Егер әліппесін үйренбеген болсаңыз өзіңізді трейдер сезінбеген жөн. Егер сіз биржаға «жеңемін немесе жеңілемін» деген түсінікпен келген болсаңыз онда сіз үшін жағымсыз жаңалығымыз бар – сіз жеңілдіңіз.
- Қор нарығына қадам басу үшін дағдарыс пен бағалардың құлауы – таптырмас уақыт. Бірақ санкциялар күн тәртібін ескере отырып, сенуге болатын брокер мен банктен бастаған жөн, бұл мәселеге мүмкіндігінше мұқият қарау керек. Қазақстанда мұндай компаниялар көп емес.
- Брокерде міндетті түрде лицензия болуы керек.
- Акцияға инвестиция сала отырып бүкіл жұмыртқаны бір себетке тастамаңыз. Барлық қаржыны бір компанияға үйіп-төгу – сіздің тәуекеліңізді арттырып жібереді.
- Патриот болыңыз – Қазақстан қор биржасында (KASE) және «Астана» Халықаралық қаржы орталығы биржасында табыс пен дивидендке салық салынбайды. Алайда біздің нарықтардың өтімділігі әлі де жақсара түсуді талап етіп тұр.
- Акция – балаңыз үшін тамаша сыйлық, ол оны қазір ұмытып кетеді, ал кәмелетке толған кезде ол қатты таң қалады, әсіресе дұрыс компанияны таңдасаңыз.
- Бизнесі жоқ азаматтарға айтарымыз – таң атқаннан айырбастау бекеттеріне жүгірмеңіздер, жинаған аз ақшаңыздан пайда табам деудің қисыны жоқ. Қаржыгер болсам да, ешқандай валютаны сатпас және сатып алмас едім. Біз Қазақстанбыз және біз есептеуді теңгемен жүргіземіз. Түптеп келгенде, біз тәуелсіз, өз алдына бөлек мемлекетпіз және орыс-украин соғысына қатысып жатқан жоқпыз. Кейбір нәрселерді болжау, түзету немесе кері айналдыру мүмкін емес. Сондықтан мен кез келген курсты сабырмен қабылдауды ұсынамын, біз бәрібір теңгемен өлшейміз, кез келген келеңсіз жағдай түзетіледі. Бұл менің үмітім емес, табиғаттың экономикалық заңдылықтары.
- Ал кімнің бизнесі бар және рубльмен есеп айырысады, олар үшін курсқа қатысты жағымсыз тосынсыйлар күтіп тұр.