Теңге мен рубль бауырластығы ажырай ма? Санкция салқынынан қаржы нарығын құтқару мүмкін бе?
АҚШ пен Еуропалық Одақ тарапынан Ресейге қатаң санкциялардың салынуы салдарынан рубль күрт құнсызданып, көрші елде инфляцияның арту қаупін туғызды. Ресей Орталық банкі базалық пайыздық мөлшерлемені 9,5-тен 20 пайызға дейін көбейтуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда Орталық банктің 630 млрд доллар көлеміндегі активтері бұғатталған. Оның үстіне ресейлік банктер SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратылмақ. Бұл сөзсіз, үлкен соққы. Ресеймен белсенді сауда серіктес болып саналатын Қазақстанға да бұл қатаң шектеулердің әсері тимей қоюы әсте мүмкін емес. Соған қарамастан Үкімет пен Ұлттық банк теңге курсын барынша ұстап қалуға тырысып жатыр.
Қаржылық тәуекелді ескере отырып Ұлттық банк өткен аптада 176 млн долларға валюталық интервенция жүргізді.
«Ұлттық Банк теңге-доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттықты франкфурттық аукцион режимінде өткізді. Бұл ретте, артық құбылмалықты болдырмау үшін Ресей Федерациясында толыққанды сауда-саттық тиісінше ашылып, Ресейдің Орталық Банкінің шаралары жария етілгенге дейін теңге-рубль жұбымен сауда-саттық кейінге қалдырылды. Сауда-саттық қорытындысы бойынша теңге бағамы бір доллар үшін 495 теңге 00 тиын деңгейінде қалыптасты. Сауда-саттық көлемі 159,5 млн долларды құрады. Құбылмалылықтың жоғарылауын ескере отырып, ҚР ҰБ-ның валюталық интервенциялары 98,1 млн долларды немесе сауда-саттық көлемінің 61,5 пайызы болды» деді Пірматов.
Экономикалық бағыттағы журналист және сарапшы Бауыржан Мұқанов Ұлттық банк өткен жылдардан бері біршама тәжірибе жинады деп есептейді.
«Алғашқы күндері бірден базалық мөлшерлемені көтерді. Бұрын қит етсе интервенция жасап долларды распродажаға шығаратын. Бірақ кішігірім толқу болмаса мынадай жағдайда базалық мөлшерлемені көтеру көмектеспейтіні анық. Артынша интервенция жасайтынын хабарлады. Екі рет. Бір рет ондайды жоққа шығармайтынын, екінші рет нақты жасайтынын. Бірақ бұл интервенция жасалды деген сөз емес. Психологиялық әдіс. Нарықта ажиотаж болмас үшін. Бүгін енді долларды франкфурттық аукционмен сататынын хабарлап отыр. Естеріңізде болса алдыңғы жылы наурызда осы әдіс қолданылып еді. Яғни бір тұлға белгілі бір сомадан артық валюта сатып ала алмайды. Менің ойымша 50 мың доллар болуы тиіс. Екіншіден, алған валютаны пайдаланбаса қайтадан нарықта сату керек деу қажет. Сонда ақшасы көптер долларды қаптатып алып дефицитті одан сайын ушықтырмайды» дейді.
Экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, теңгеміздің тағдырын рубльге байлау беруді тоқтату қажет. Сонда ғана елдің экономикалық еңсесі көтеріле бастайды.
«Санкция мен соғыстың сорақы шығындарына байланысты рубльдің долларға қатынасы құлдырайтыны түсінікті еді, қатаң санкциялардан соң одан сайын әлсірей түседі. Бұл енді рубльдің құбылуы емес, бұл – рубльдің долларға қатынасының фундаменталды түрде өзгеруі. Санкция Ресейдің экономикасы мен төлем балансына қатты әсер етеді және рубль курсы мәңгіге 100-ден асқан күйі қалады (Украинадағы соғысқа дейін 1 доллар 75 рубль деңгейінде болды). Қазақстанда да теңге дәл осылай қатты әлсірей ме деген қорқыныш бар. Оған жауап айтпас бұрын «теңгенің рубльге қатысты ұзақ мерзімді тепе-теңдік бағамы қандай болуы керек» дегенге қатысты Ұлттық банк көзқарасын білу маңызды.
Меніңше, рубльдің осыншалықты әлсіреуінен кейін рубльге қатысты теңгенің курсы 4,0-5,0 көлемінде болуы керек. Өкінішке қарай, біздің билік рубльге қатысты теңгенің күрт нығаюынан қорқады. 2014 жылғыдай теңгенің қатты нығаюы біздің өндірушілер үшін қиындық тудыра ма дейді. Мұндай қорқыныштың нәтижесінде біздің халықтың да, бизнестің де санасына «рубль қайда болса теңге сонда» деген түсінік аямай сіңді. Ресейге салынған санкциялардың бізге тек жанама әсері тиетінін ұмытпау керек. Теңге нығайып кетсе Ресейден арзан импорт ағылады, ақырында біздің өндірушілер зардап шегеді деп алаңдауға негіз жоқ. Енді мынадай санкциялардан соң Ресейден арзан импорт келмейді. Соғыс шығыны мен санкциялар Ресейдегі инфляцияны өсіреді. Яғни, олардың импорты бұрынғыдай арзан болмайды» дейді сарапшы.
Біздің бір арқа сүйеп тұрғанымыз мұнай бағасы екені жасырын емес. 1 наурыз күні кешкілік Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 103,8 долларға жетті. Сарапшылардың айтуынша, рубль құнсыздануының кері әсеріне қарамастан мұнай бағасының өсуі теңгеге қолдау білдіруі тиіс. Ал көктемнің алғашқы күнінде кешке қарай долларға шаққандағы рубль құны 100-ге дейін әлсіреп кетті.
Экономист Қасымхан Қаппаровтың айтуынша, Ресейді жаңа қиындықтар легі күтіп тұр.
«Автоөндірісті қоса алғанда көптеген кәсіпорындар қажетті шикізатқа қол жеткізе алмай отыр. Сәйкесінше табыс та жоқ. Нәтижесінде өндіріс тоқтап, жаппай қысқарту басталады. 2021 жылы ресейліктерге 6,9 трлн рубль көлемінде несие берілген. Бұл 2020-ның көрсеткішінен 37 пайызға жоғары. Банктер несие каникулын жариялауы мүмкін, бірақ ұзаққа соза алмайды. Салық түсімдерінің төмендейтінін ескерсек мемлекет те банк пен кәсіпорындарға қолдау көрсете алмайды. Санкциялар қаржылық дағдарыстың күшейе түсуіне дем береді» дейді Қаппаров.
Эксперттер мұндай жағдайда Ресейден Қазақстанға қарай еңбек мигранттарының ағылуы мүмкін екенін де ескертеді. Бұл да өз кезегінде валюта курсы мен елдің экономикалық мүддесіне әсер ететін айырықша ахуал болмақ.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, Ресей рубль бағамын ұстап тұру үшін Орталық банк активіндегі 630 млрд доллардың тек 8 пайызын ғана пайдалана алады.
«Алтын-валюта резервіндегі 630 млрд доллардың 56 пайызы шетелде доллар және еуромен сақталған. Оның бәрі қазір бұғатталып отыр. Тағы 21 пайызы алтынмен сақталған. Ресейде тұр. Бірақ санкцияға байланысты құймаларды да қажетті валютасына ауыстыра алмайды. 14,2 пайызын Қытайда юаньмен сақтап отыр екен. Сонда 8,8 пайызы ғана Ресей Орталық банкінде тұр. Бұл дегеніңіз біздің Ұлттық қормен шамалас қаражат. Яғни, белгілі бір дәрежеде валюталарын ұстап тұруға қажетті резерві аз да болса бар» дейді Мақсат Халық.