Экономистер үкіметке қандай үндеу жолдады?

Жарияланды
Дәстүрлі CFO Summit 2022 өтті

Алматыда өткен дәстүрлі CFO Summit 2022-де экономистер Қазақстанның қазіргі жағдайы, келешек бағдарына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Белгілі экономист Алмас Чукиннің айтуынша, әлеуметтік қысымды азайту үшін тығырықтан шығар екі жол бар, олар – ауыл шаруашылығы және құрылыс секторын дамыту.

«Елде жаппай тұрғын үй құрылысын ұйымдастыру керек. Өйткені 2021 жылы болған тұрғын үй арендасы бағасының өсуі – катастрофа. Әлеуметтік әлсіз топ соңғы ақшасына өмір сүріп жатыр. былтыр аренда құны 14-15 пайызға өсті, ал жалақы төмен күйінде қалды. Екінші игеру керек сала – ауыл шаруашылығы. Мемлекет ауыл шаруашылық жерлеріне су, электр желісін тартып, жол салуы керек. Сондай-ақ жаңа территорияларды игеру үшін жаңа жер телімдерін де үлестіру маңызды» деді экономист.

Иә, тәуелсіздік алғалы экономикамыз тәуір-ақ дамыды деген сарапшы, бірақ көрсеткіштерімізді өзге посткеңестік елдерімен салыстыра қарау керек дейді.

«Қазақстан ЖІӨ-сі 200 млрд доллар межесіне сәл жетпеді. Қырғызстанның ЖІӨ-сі 7 млрд долларды құрайды, ал халқы бізден үш есе аз, біз әлдеқайда жақсы өмір сүруіміз керек еді. Біздің өмір деңгейіміз бен орташа жалақымыз Қырғызстаннан 2,5 есе ғана артық. Де-факто бұдан да бірнеше есе жоғары болатын жөні бар еді. Байдың ақшасын кішкене алып, кедейге бергеннен кедей байып кетпейді. Бұл қаржыны көбейту емес, бөлістіру ғана».

Сарапшының айтуынша, 2015 жылдан бері Ұлттық қор толыққан емес.

«Қорға салғанымыздан алғанымыз көп. Соңғы уақыттары толығып та жатқан жоқ. Қазір ондағы қаржы көлемі – 55 млрд доллар. Мұнай 100 доллардан сатылып жатқандықтан биыл жағдай жақсы қырына қарай өзгеретін шығар. Теңгенің де тұрақтылығы жыл сайын Ұлттық қордан 7-10 млрд алынуымен байланысты, өйткені қордан алынған доллар біздің ішкі нарыққа кетеді. Егер бұл каналды бөгесек, онда теңге қатты әлсірейді» деді экономист.

Сарапшының сөзінше, тағы бір өзекті мәселе – жұмыспен қамту мәселесі. Елдегі жұмыспен қамту қарқыны халықтың өсу қарқынына ілесе алмай жатыр.

«Елімізде жастар саны көп. Екі жылдан кейін жастар саны 400 мың адамға жетеді. Қазір олардың саны 350-370 мың аралығында. Олар жұмыс іздей бастаған мезетте еңбек нарығына әсер ете бастайды. Ал қазақстандықтар қазір ұзақ өмір сүреді, сәйкесінше жұмыс орындары да баяу босайды. Бір жағынан жас маман барлық еңбек жолын басып өтіп, сосын ғана креслоға отыруы керек. Қазақстанда аралас салалар дамуы керек, нақты айтқанда атап айтқанда, шикізаттан қосылған құны жоғары тауарлар өндіруге басымдық беру маңызды. Мысалы, егер біз алюминий өндіретін болсақ, ендеше фольганы да өндірейік. Бізде ақыры кең әрі бай территория бар екен олай болса IT салаға емес шикізатқа ерекше мән берген жөн» дейді Чукин.

Шараға қатысқан Centras Securities басқарма төрағасы Мұрат Ақынов биылғы макроэкономикалық ахуалдың қалай боларына өз болжамын білдірді.

«Ұлттық банктің биыл инфляция бойынша таргеті 4-6 пайызды құрайды. Бірақ шын мәнінде ол 14-16 пайызға жетеді деп ойлаймыз. Жыл басынан бері ұлттық валюта девальвациясы 13 пайызды құрады. Сол себепті ол инфляция деңгейіне әжептәуір үлес қосты. Базалық ставка 10,25-тен 13,5 пайызға көтерілді, бұл да ел экономикасына соққы. Сондықтан ставка 7-9 пайызға төмендейді деп күтеміз. Сарапшылардың пікірінше, экономиканы қолдау үшін мұндай қымбат мөлшерлемені ұзақ уақыт ұстап тұру нәтиже бермейді. Сонымен қатар, мұндай жоғары деңгейде ақша нарығы белсендіріліп, банктер несие берудің орнына сол нарыққа бара бастайды. Отандық өндірушілер туралы айтар болсақ, олар үшін несиелеу ставкасы төмендетілетін шығар. Сонымен қатар корпоративті секторда дефолт тәуекелін азайту үшін де көп жұмыс істеледі» деді.

Спикер ретінде шақырылғандар қатарында «РАКУРС» экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосов та болды. Оның айтуынша, Қазақстан экономикасы – ашық, шикі және кішкентай.

«Қордаланып қалған проблема үшін ескі әкімшілік кінәлі. Ал қазіргі админстрацияның қаншалықты құрамы жаңарғанын есептеу қажет. Қазір саяси реформа жасап жататын уақыт емес» дейді ол.

Сондай-ақ саммит барысында бизнесмендер дағдарысқа қарсы ұлттық штаб құруды ұсынды. «KUSTO GROUP» директорлар кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев аталған штабқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жетекшілік етуі керек деп санайды. Оның айтуынша, елдегі жетекші азаматтар біріге отырып халықты кедейліктен арылтып, әл-ауқатын арттыруға бастайтын өзгерістерді жасайтын кез келді. Үндеуге Райымбек Баталов, Ораз Жандосов, Елдар Әбдіразақов, Рахым Ошақбаев, Жанат Бердалина, Досым Сәтпаев, Алмас Шорман, Ғалым Құсайынов, Алмас Чукин, Досым Қадырбаев, Әнуар Сайденов сияқты түрлі саланың бетке ұстар азаматтары қосылған.

Сондай-ақ оқыңыз