Теңге девальвациясы тұрғын үй нарығына қалай әсер етуде? Баспана бағасы күрт өсіп жатыр
Теңге курсының әлсіреуі экономиканың барлық саласына тікелей және жанама әсерін тигізіп жатыр. Соның бірі – баспана нарығы. Онсыз да тұрғын үй құны арзан емес еді, енді геосаяси жағдайдан туындаған экономикалық қысым салдарынан баға қолжетпес биікке көтеріле түсуі мүмкін. Сарапшылар теңге бағамының әлсіреуі шаршы метр құнының да қымбаттауына алып келеді деген болжам айтады.
Сарапшылардың айтуынша, құрылыс материалдарының басым бөлігі шеттен келетіндіктен, әсіресе бірінші нарық пәтерлері қымбаттайды. Сондай-ақ шаршы метр құнының өсуіне тек валюта курсы ғана емес, инфляция, сұраныс және өзге де факторлар өз әсерін тигізеді.
Қымбатшылық екінші нарық үйлерін де айналып өтпейді. Былтырдан бері ол нарықтағы пәтер құны 17 пайызға өскен. Сарапшылар сөзінше, ал арендалық баспана валюта бағамына аса тәуелді емес, ол нарықтағы сұраныс арқылы реттеле береді.
2021 жылы желтоқсан айында қазақстандықтар 95 мың сатып алу-сату келісімшартын жасаған. Қаңтардағы келісімдер бұл цифрдан үш есе төмен. Бұған қаңтар айында болған дүрбелеңнің әсері болғаны сөзсіз.
Ресейдің Украина жерінде басқыншылық жасауы бәрібір сыртқы фактор ретінде біздің нарыққа ықпал жасайды. 2 наурыздағы жағдай бойынша Altyn Bank пен «Нұрбанк» ипотека ставкаларын жоғарылатқан. Менеджерлердің хабарлауынша, несие 1-2 пайызға қымбаттаған.
«Ислам банкінде ипотека беру толығымен тоқтады. Сбербанк «Тұрғын үй несиесі» өнімі бойынша тиімді ставкасы 19,29 пайыз болатын ипотеканың қайта басталғанын хабарлады. «Евразиялық банк» пен Bank RBK «7-20-25» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы бойынша ғана займ ұсынады. Тек бірінші нарықтағы, іскерлік емес, тұрғызылған үйлерден ғана береді. Нарықтық бағдарлама жоқ. «Банк ЦентрКредит» (15,5 пайыздан бастап), Halyk Bank (15 пайыз) және «Фридом Финанс Қазақстанда» (14 пайыз) ғана пайыз мөлшерлемесі өзгерген жоқ. Банк пайыз мөлшерлемесі қарыз алушының портретіне байланысты жеке қарастырылатынын атап өтті. Көптеген факторлар есепке алынады» деп жазады Krisha.kz.
Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар құрылыс компаниялары пәтер сатылымын тоқтатып, жоба құнын қайта қарай бастаған. Біразы бағаны 5-7 пайызға өсіріп жіберген. Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, теңгенің құлдырауы және сонымен байланысты туындауы мүмкін тәуекелдер құрылыс компанияларын осы қадамға алып келген.
Ақпан айында тұрғын үйдің шаршы метрі 342,8 мың теңгеге жеткен. Бұл қаңтармен салыстырғанда 2 пайызға көп. Максималды өсім Ақтауда (+5,6 пайыз) тіркелген: 1 шаршы метр – 285 650 теңге. Екінші және үшінші орында Қостанай (+3,3 пайыз) мен Шымкент (+2,5 пайыз) – 346,9 және 393,5 мың теңге.
Өзге қалалардағы баға жағдайы мынадай:
• Павлодарда бір шаршы метр құны – 335,9 мың теңге (+2,4 пайыз);
• Қарағандыда бір шаршы метр құны – 351,8 мың теңге (+2,4 пайыз);
• Талдықорғанда бір шаршы метр құны – 324,1 мың теңге (+2,3 пайыз);
• Өскеменде бір шаршы метр құны – 365,9 мың теңге (+2 пайыз);
• Нұр-Сұлтанда бір шаршы метр құны – 456,5 мың теңге (+1,7 пайыз);
Көкшетау (305 950 теңге), Қызылорда (212 525), Семей (304 150), Петропавл (362 400), Орал (289 775), Ақтөбе (245 675) қалаларындағы шаршы метр құны 1,3-1,8 пайыз диапазонында өскен. Минималды өсім Тараз (275 150) бен Атырауда (352 750) байқалады, онда шаршы метр 0,5 пайызға қымбаттаған.
Ал Алматы қаласы баға төмендеген бірден бір шаһар, онда шаршы метр құны 1,1 пайызға төмендеген, қазіргі уақытта шаршы метрдің орташа құны 619 200 теңге төңірегінде.
Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсіреповтың сөзінше, валютаның құбылуы себепті құрылыс салушылардың 30 пайызы өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
«Олар теңгенің тұрақтанғанын күтіп отыр. Доллар курсының өсуіне байланысты бірінші және екінші категориядағы үй бағасы да өседі деп күтіледі. Өйткені онда импортттың үлесі басым. Ал комфорт пен эконом санатына аса қатты әсері болмайды. Өйткені ол үйлер көбіне өзіміздің материалдармен салынады. Соңғы 2-3 айда ондай пәтерлер құны спекуляция арқылы 15-20 пайызға өсіп кетті. Қазір бағаның төмендеуін күтіп отырмыз» деді Мүсірепов.
Сарапшының айтуынша, БЖЗҚ-дан бір реттік зейнетақы төлемі жеткілікті шегінің айтарлықтай өсуі де баспана бағасын төмендетуге әсер етеді. Баға құнының өспеуіне халық табысының төмендігі де ықпалын тигізеді. Осыған байланысты құрылыс компаниялары жыл соңына дейін бағаны ұстап тұруға немесе тіпті төмендетуге тырысады дейді.